16 мыңнан астам жетісулық оқушы «Мектепке жол» акциясымен қамтылады

16 мыңнан астам жетісулық оқушы «Мектепке жол» акциясымен қамтылады

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде 1 тамызда «Мектепке жол» акциясы басталады. Бұл бастаманың басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылына дайындық кезеңінде материалдық қолдау көрсету. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Жетісу облысында биыл аталған акция аясында 16150 баланы мектепке қажетті құрал-жабдықпен және мектеп формасымен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов айтып берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа оқу жылы қарсаңында республика көлемінде дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» акциясына дайындық Жетісу өңірінде де қызу жүріп жатыр.  Мәселен, акцияны ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, аудандық, қалалық әкімдіктер мен білім бөлімдеріне акция тұжырымдамасына сәйкес қаланың орталық және ірі сауда орталықтарында мектеп тауарларын төмендетілген бағамен сату бойынша қайырымдылық мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыру туралы хаттар жолданған. Елді мекендер аумағында "Мектепке жол" жалпы республикалық акциясын өткізу туралы билбордтар, баннерлер, жарнамалық плакаттар орнатылуда.

Акция аясында облыстық басқармалар мен департаменттерге көмекті қажет ететін 138 баланың тізімі жинақталды.  Биыл аудан, қалаларда әлеуметтік осал топтағы 16 650 балаға көмек көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Былтыр 16 500 балаға жалпы сомасы 468,3 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген болатын, – деді облыстық білім басқармасы басшының орынбасары Қайрат Қасымов өңірде өткен брифингте.

Спикер өз сөзінде Үкімет қаулысы аясында  әлеуметтік осал топтағы 25 229 баланы киім-кешек, кеңсе тауарларын қамту мақсатында жалпыға бірдей білім беру қорынан 1  млрд 160 млн   теңге қаражат бөлінгенін атап өтті. Бүгінгі таңда аталған көмек бойынша Ақсу, Көксу, Кербұлақ аудандары жүз пайыз аударым жасап үлгерген. Бұл қаражат  ата-ананың өзінің жеке шотына түседі. Әр балаға берілетін көмек – 46 200 теңге.  Қалған қала, аудандарда аударымды аудару жұмыстарын 15 тамызға дейін  толық аяқтау жоспарланып отыр екен. Қазіргі таңда бұл қаражат 67 пайыз оқушының ата-анасына аударылған. Ал бюджеттен бөлінетін қаржы алатындар тізіміне енбей қалған балаларды «Мектепке жол» акциясымен қамту көзделуде. Ал олардың тізімін  әр мектептердегі қайырымдылық кеңестері бекітеді. Айта кетерлігі,  ата-аналарға көмек көрсету тәртібі де өзгерген.  

Бұрын біз  46 200 теңгеге мектеп формасын, оқу құралдарын өзіміз сатып алып беретінбіз. Бірақ ата-аналар тарапынан: «Біз мынаны алмас едік, мынадай керек еді» деген секілді наразылықтар болған соң, биыл ата-аналар өздері сатып алсын деген шешім қабылданды. Бірақ енді ата-ана міндетті түрде ол қаражаттың баланың қажеттілігіне жұмсалғанын түбіртекпен дәлелдеуі керек, – деді Қайрат Саханұлы.

Жиі қойылатын сауалдардың бірі – ата-аналар бұл көмекке цифрлық өтініш бере ала ма? Бұл сұраққа да басқарма өкілі нақты жауап берді.

Цифрлық платформа арқылы өтініш беру әзірге қарастырылмаған. Бірақ ата-аналар мектеп әкімшілігіне жазбаша өтініш беру арқылы баланы тізімге енгізе алады. Егер санаты сәйкес келсе, міндетті түрде көмек көрсетіледі. Бұл жерде айта кететін жағдай, айтып отырғанымыз тек бюджеттік қаражат емес. Бұл балалардың тізімін анықтағаннан кейін мектеп әкімшіліктері, білім бөлімі, аудан, қала әкімшіліктері  кәсіпкерлерге, әл-ауқатты азаматтарға, мемлекеттік қызметкерлерге, мекеме басшыларына «осындай балаларға көмек көрсетсеңіз» деп хат жолдаймыз.  Аз қамтылған, мұқтаж балаға көмектесу – әр азаматтың борышы деп ойлаймын. Акция аясында сол қаражат есебінен көмек көрсетіледі,-деді Қайрат Қасымов.