15 наурыз кинопремьералары

15 Наурыз 2018, 10:58 5286

Бүгін қандай киноға баруға болады?

Лара Крофттың ребуты, Грета Гервигтің «Алтын глобустың» екеуін алған соңғы картинасы, екі отандық кинофильм, «MercyMe» музыкалық тобы туралы отбасылық драма, гномдар туралы мультфильм, Франция-Канада бірлесіп түсірген хоррор, Антонио Бандерас қатысқан экшн-комедия және дауысын жоғалтқан радиожүргізуші туралы ресейлік комедия.

Әйгілі видеоойындар сериясына негізделген бұрынғы «Лара Крофт» дилогиясын көрермендер біледі. Басты рөлде Анджелина Джоли ойнаған картина прокатта сәтті бола қойған жоқ. Сондықтан франшиза құқығы Paramount студиясынан MGM компаниясы сатылды. Жаңадан шығып жатқан «Tomb Raider: Лара Крофт» («Tomb Raider») бұрынғы фильмдердің жалғасы емес, жеке-дара ребут (қайта іске қосу) саналады. Мазар тонаушы қыз рөлінде – «Оскарлы» Алисия Викандер. Фильмді норвег режиссері Роар Утхауг түсірді.

«Оскардың» бес номинациясына іліккен, «Алтын глобустың» төртеуіне үміткер болып, екеуін жеңіп алған «Леди Бёрд» («Lady Bird») – аптаның басты премьераларының бірі. Бұл карьерасын актриса болып бастаған Грета Гервигтің екінші режиссерлік жұмысы. Басты рөлде – жас талант Сирша Ронан.

Негізгі сюжет желісі Кристина МакФерсон есімді Сакраментоның конвервативті католик мектепте оқитын бойжеткен туралы. Ол өзін іздеуде, бұл әлемдегі орнын тапқысы келеді және өзгелерге ұқсағысы келмейді. Қыз өзін Леди Бёрд деп атайды, өзгелерден де солай атауды сұрайды. Оның басты арманы - провинциядағы елді мекеннен кетіп, Нью-Йоркта білім алу.

«Хабар» Агенттігі Қазақстандық сарбаз Ербол Отарбаевтың ерлігі туралы сериал түсірді. «Алтыншы бекет» («Шестой пост») деген жоба көрерменге екі форматта ұсынылады. Толықметражды кинонұсқасы 2018 жылы 15 наурызда кинотеатрлардан көрсетілмек. Тіпті Ресейдің бірнеше қаласында прокатқа шығару жоспарланған. Ал 5 сериялы нұсқасы осы көктемде «Хабар» арнасының эфиріне шығады.

Фильм сюжеті өмірде болған оқиғаға құрылған. «Аю синема» компаниясымен бірлесіп жасалған  картина осыдан сегіз жыл бұрын әскерде өз борышын өтеп жүрген Ербол Отарбаев туралы. 2010 жылдың 22 маусымы. Маңғыстау облысы. ГМ 172/1 түзеу колониясынан жат ағымның жетегінде кеткен 21 тұтқын қашуға бел буады. Алайда қарауылда тұрған жас сарбаз тұтқындардың теріс пиғылын сезіп қап, қылмыскерлердің жолына тосқауыл болады. Ербол Отарбаев осы ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінде ол Ұлттық Ұланның офицері.

Туындының режиссері – Серікбол Өтепберген. Басты рөлдерде Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Қажымұқан Қалымбетов, Ғани Құлжанов, Саят Исембаев, Ерболат Тоғызақов, т.б. актерлер бар.

Әсел Сәдуақасованың «Sunny Production» компаниясы кезекті комедиясын көрерменге ұсынады. Ернар Нұрғалиев режиссерлік еткен жоба «Класстастар» деп аталады және бірқатар комедия актерлерінің басын қосыпты: Әсел Сәдуақасова, Дәурен Айдарқұлов, Әсел Қалиева, Олжас Абай , Қайрат Әділгерей және басқалар.

Кейіпкерлер - араға 18 жыл салып жиналған сыныптастар. Мектеп бітіргелі бір-бірін көрмеген олар естеліктерімен бөліседі, сырларын ашады, бір-бірінің құпиясын ортаға салады.

«Можно только представить» - «MercyMe» тобының «I Can Only Imagine» әнінің өмірге келу тарихына арналған драма. Команда көшбасшысы сенім, махаббат және кешірім туралы осы композицияны өз әкесіне арнап еді. Ол әннің бүкіл әлемге танымал болып, хитқа айналатынын күтпеген болатын. «I Can Only Imagine» - миллиондаған адамға үміт сыйлаған ән.

Музыкалық клипін мына жерден қараңыз: www.youtube.com

2011 жылы шыққан «Гномео и Джульетта» («Gnomeo & Juliet») мультфильмі есіңізде ме? Шекспир шығармасының «гномдалған» интерпретациясы көпшіліктің көңілінен шығып еді. Араға жылдар салып екінші бөлімі ұсынылады. «Шерлок Гномс» («Sherlock Gnomes») деген сиквелге Артур Конан Дойлдың шығармасындағы атақты тергеуші енгізіліпті. Кейіпкерлерді Джонни Депп, Эмили Блант, Джеймс МакЭвой, Майкл Кейн, Чиветель Эджиофор секілді Голливуд жұлдыздары дыбыстайды.

«Страна призраков» («Ghostland») – француздың үрейлі фильмдер режиссері Паскаль Ложьенің картинасы. Сюжеті Бэт есімді қыз бен соның отбасы төңірегінде өрбиді. Бэт туған өлкесіне оралады. Көп жыл бұрын осы жерде оның отбасында үлкен трагедия болған еді. Ескі үйде тұратын анасы мен сіңлісі аруақтардың бар екеніне сенеді. Көп кешікпей Бэт те соған көз жеткізе бастайды.

Саймон Уэстті біз «Воздушная тюрьма», «Механик», «Неудержимые 2» секілді боевиктерімен білеміз. «Отпетый мачо» («Gun Shy») деп аталатын жаңа жұмысына Антонио Бандерас пен Ольга Куриленконы тартыпты.

Фильм Генри есімді рок-жұлдыз туралы. Алайда жұлдызды сәттері өткен шақта қалған адам. Қазіргі уақытын сыра ішіп, бос жатыспен өткізеді. Бірде Чилиге демалуға аттанып, әйелін қарақшылар ұстап алып кетеді. Әйелін қайтарып алу үшін 1 миллион доллар төлеуі керек. Ол айтқан ақшаны беруге дайын, бірақ мансабын ойлаған жергілікті шенеуніктің кесірінен бұл ойы іске аспа қалады. Енді Генри тығырақтан тез шығудың амалын өзі ойластыруы керек.

«Ну, здравствуй, Оксана Соколова!» - жолы болмаған актердің басынан өткен қызықты баяндайтын комедия. Кинода жұлдызы жарқырай қоймаған Ильяға тағы бір мүмкіндік туады. Оны радиоға жүргізуші болып қабылданады. Алайда эфир алдында дауысын жоғалтып алады. Бір дәрігердің көмегімен дауысын қалпына келтірудің амалын табады. Бірақ енді оның дауысы жіңішке болып, әйелдікіндей болып шығады.

Ернар Бекенов
Бөлісу: