11.09.2025
17:15
819
15 жасында мыңдаған адамға мотивация сыйлаған Саян кім?

15 жасында мыңдаған адамға мотивация сыйлаған Саян кім?

Астана іргесіндегі Қоянды ауылында тұратын Саян Тұңғышов бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Жасы небәрі он бесте болса да, ол сегіз жасынан бастап мотивациялық видеолар түсіріп, мыңдаған адамға жігер сыйлап жүр.  El.kz тілшісі желіде хит болған жас мотиватормен сұхбаттасты.

Саян үшін бейнежазба – жай ғана хобби емес, айналасына үміт пен сенім сыйлайтын құрал. Әр видеосында ол: «Өмірде ешкім жалғыз емес. Қиындыққа мойымай, әрқашан алға ұмтылу керек» деген ойды жеткізуге тырысады.

Жас блогер Астана қаласында дүниеге келген. Қазір отбасымен бірге Қоянды ауылында тұрады. Үйде білім алатын ол оқу мен шығармашылықты қатар алып жүр. Бос уақытында бейнеролик түсіріп, монтаждауды әдетке айналдырған. Әлеуметтік желіге жүктелген әрбір видео – Саянның өз қолымен дайындалған еңбегі.

Әкем мен анам әрдайым қолдау көрсетеді. Сол сенімнің арқасында мен де өзгелерге жігер сыйлағым келеді. Видео арқылы адамдарға жалғыз еместігін, әрқашан алға ұмтылу керектігін жеткізгім келеді, – дейді жас мотиватор.

Оның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2021, 2022 және 2023 жылдары қатарынан «Жас блогер» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ ата-анасымен бірге елордада өткен «Мерейлі отбасы» байқауында «Салауатты отбасы» аталымын иеленді. Бұл да оның отбасынан алған тәрбие мен қолдаудың бір көрінісі.

Қазір Саянның әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны 25 мыңнан асады. Әр бейнероликтің астына жүздеген пікір жазылады. Жылы сөздермен қатар сын-пікір де айтылып жатады.

Алғашында жаман пікірлерді өшіріп отыратынмын. Қазір ондайға назар аудармаймын. Ең бастысы – адамға мотивация сыйлау, – дейді ол.

Мотивациялық бағытты таңдауының себебін Саян былай түсіндіреді:

Қазір көпшілікке қолдау жетіспейді. Сондықтан осы тақырыпты таңдадым. Сөзді қалай айтқаның маңызды. Егер жүректен шықса, ол міндетті түрде біреудің жүрегіне жетеді.

Саянның алдағы арманы – актер болу. Ол сахнада жарқырап, жұлдыз атануды көздейді. Бірақ бүгіннің өзінде ол әлеуметтік желідегі видеолары арқылы талай жанға үміт сыйлап үлгерді. Қарапайым ауылдан шыққан Саян – кішкентай болса да, үлкен жүректі азамат. Оның әрбір сөзі, әрбір бейнесі біреудің еңсесін тіктеп, өмірге деген сенімін қайта оятуы мүмкін.