13.03.2026
15:30
458

15 жастағы оқушы жасаған JINAQ стартапы мектептерге енді

Астаналық 15 жастағы Аль-Азим Вахит - жас стартапер. Ол өткен жылдың қыркүйегінде мектеп оқушыларына болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектесетін JINAQ цифрлық мансап платформасын іске қосты. Жоба жасөспірімдердің қабілеті мен қызығушылығын жүйелі бағалап, кәсіби бағытын анықтауға және университетке дайындықты ерте бастауға мүмкіндік береді. Қазір стартап Астана мектептерінде пилоттық кезеңде сынақтап өтіп жатыр. Ал команда B2C бағыты бойынша алғашқы табысын көре бастады.

Аль-Азимнің технологияға қызығушылығы ерте қалыптасты. Кәсіпкер отбасында өскен ол жеті жасынан бағдарламалаумен айналысып, Scratch-тен кейін Python тілін меңгерген. Алғашқы табысын 13 жасында Fortnite ойынына арналған карталар жасап тапқан.

2024 жылы ол мектеп оқушыларына университет таңдауға көмектесетін UNIVI атты ІІ-сервисті әзірлей бастады (кейін жоба UNIFIND деп аталды). Платформа оқушының академиялық нәтижелері мен қызығушылықтарын талдап, соған сәйкес білім беру бағытын ұсынуға бағытталған. Кейін бұл шешім толықтай JINAQ экожүйесіне біріктірілді.

JINAQ платформасы профориентациялық тесттерді, аналитикалық құралдарды, мансаптық ұсыныстарды және цифрлық портфолионы бір жүйеге тоғыстырады. Сонымен қатар мұнда білім беру іс-шаралары бөлімі бар: оқушылар олимпиада, турнир, хакатон және түрлі байқаулар туралы ақпарат алып, қатыса алады. Платформа ІІ мүмкіндіктері арқылы университет таңдауға, лайықты мамандықтарды анықтауға және жеке мансаптық бағыт құруға көмектеседі.

«Әкем жалақы төлеп отырды»

Хакатонда жеңіске жеткеннен кейін Аль-Азимнің әкесі жобаның әлеуетін байқап, қолдау көрсеткен. Ол ұлына ай сайын 100 мың теңге көлемінде жалақы белгілеп, стартапқа толық көңіл бөлуіне жағдай жасаған. Сондай-ақ прототипті толық өнімге айналдыруға және мектептерде пилотты жобаны іске қосу үшін команда жасақтауға көмектескен. Қазір ол жобаға эдвайзер ретінде заңдық және ұйымдастырушылық бағытта кеңес береді, ал негізгі шешімдерді Аль-Азим мен команда өзі қабылдайды.

Бүгінде JINAQ командасында сегіз адам бар. Жобаның бастауында болған сыныптастары Әлібек Серіков пен Арслан Сағынғали негізгі құрамда қалып, әзірлеу жұмыстарына қатысып келеді. Командада сондай-ақ проджект-менеджер Алия Тәжіғалиева, продакт-менеджер Қарақат Жанабайқызы, техникалық директор Диар Бегисбаев және әзірлеуші, киберқауіпсіздік маманы Илья Шелестов жұмыс істейді.

Платформа 2025 жылғы 1 қыркүйекте іске қосылып, Астанадағы 10 мемлекеттік мектепте сынақтан өтуде. Бұған дейін тамыз кеңесінде педагогтерге таныстырылған. Кейін мектептермен тікелей жұмыс жүргізіліп, демо-нұсқа көрсетіліп, пилоттық форматы мен күтілетін нәтижелер түсіндірілген. Команда жаңашылдыққа ашық, кері байланыс беруге дайын мектептерді таңдауға басымдық берген.

«Жасым - менің басты артықшылығым»

Келіссөздер кезінде мектеп әкімшілігі өкілдері бастапқыда жобаны жасөспірімнің бастағанына таңырқай қарайды. Алайда платформаның жұмыс принципі, құрылымы мен нақты нәтижелері көрсетілген соң әңгіме кәсіби арнаға ауысады. Аль-Азимнің айтуынша, уақыт өте келе жасы күмән тудырмай, керісінше артықшылыққа айналған: ол жасөспірімдердің ойлау ерекшелігін, қажеттілігін жақсы түсінеді.

Жоба мектептерден көп дерек талап етпейді. Қосылу үшін бар болғаны оқушының аты-жөні мен сыныбы жеткілікті. Осы мәліметтер негізінде жеке аккаунт ашылып, оқушыларға логин мен құпиясөз беріледі, ал профориентаторларға бөлек басқару панелі ұсынылады.

Келесі кезеңде команда профориентаторларды оқытып, оқушыларды жүйеге қосады. Алғаш кіргенде олар қысқа онбордингтен өтіп, қызығушылығы мен мақсатына қатысты сұрақтарға жауап береді. Одан кейін тесттер мен тапсырмалар негізінде әр оқушының жеке профилі қалыптасады: күшті жақтары, оқу стилі, бейім бағыттары мен ұсынылатын мамандықтары анықталады. Барлық дерек профориентатор панелінде көрініп, қосымша кеңес қажет оқушыларды нақты анықтауға мүмкіндік береді.

JINAQ-та қолданылатын диагностика кәсіби бағдарда кең таралған психометриялық әдістемелерге сүйенеді және жергілікті ортаға бейімделген. Пилот кезеңінде өнімнің әлсіз тұстары да айқындалып, команда интерфейсті жеңілдетіп, навигацияны қарапайым етті.

«JINAQ-та жасанды интеллект - негізгі қозғалтқыш»

JINAQ платформасында жасанды интеллект қосымша құрал емес, жүйенің өзегі ретінде қарастырылады. Оның міндеті тек мәтін құрастырумен шектелмей, оқушы деректерін талдап, нақты қолдануға болатын тұжырым ұсыну. Осылайша нәтижелер кәсіби бағдар беру, бағыт таңдау және жеке оқу жоспарын әзірлеу барысында нақты құрал ретінде пайдаланылады.

Платформада кері байланысқа ерекше мән беріледі: оқушылар ұсыныстардың тиімділігін бағалап, қысқаша пікір қалдыра алады. Сонымен бірге жүйе қолданушы әрекеттерін де ескереді - қай бағыттарға қайта оралатыны, нені сақтайтыны және қандай нұсқаларды таңдағаны талданады. Бұл деректер жинақталған әрі жасырын форматта сақталып, ұсыныстар сапасын жақсартуға жұмсалады.

Қазір платформа дайын LLM шешімдерін қолданады, алайда команда open-source негізіндегі Gemma, Qwen секілді модельдерге сүйеніп, өз жүйесін қатар дамытуда. Модельді жетілдіру үшін ашық дереккөздер - мамандықтар мен дағдылар классификаторлары, білім беру бағдарламаларының каталогтары және еңбек нарығына қатысты аналитика пайдаланылады.

Балалардың жеке деректерімен жұмыс істелетіндіктен, қауіпсіздікке басымдық берілген: қолжетімділік деңгейлері нақты бөлінген, барлық әрекет тіркеледі, ал деректер қорғалған инфрақұрылымда сақталады. Әр мектеп тек өзіне қатысты ақпаратты ғана көре алады.

JINAQ қазір екі бағытта дамып келеді - B2G және B2C. Мемлекеттік мектептердегі пилот жалғасуда, бірқатар оқу орнымен келісімшартқа көшу кезеңі жүріп жатыр. Команда жекеменшік мектептермен де келіссөз жүргізуде.

Жеке қолданушылар үшін платформа цифрлық көмекші форматында жұмыс істейді: оқушы тіркеліп, қызығушылығы мен мақсаттарына қатысты сауалдарға жауап береді, тесттерден өтеді. Соның негізінде жүйе жеке профиль ұсынып, бағыт таңдауға және оқу траекториясын айқындауға көмектеседі.

Келесі кезеңде университетке түсуге арналған модуль іске қосылады: оқушы таңдаған оқу орындары бойынша мүмкіндігін бағалап, қай дағдыларды дамыту қажет екенін анықтай алады. Сондай-ақ жүйе нақты әрекет жоспарын ұсынып, қажетті қадамдарды кезең-кезеңімен көрсетеді.

Қазір платформада бірнеше тариф бар: базалық пакет айына 1990 теңге, кеңейтілген нұсқа үш айға 5 990 теңгеден ұсынылады. Пилот кезеңінің өзінде команда шамамен 1 млн теңге табыс тапқан.

«Стартап - эмоция емес, жүйелі жұмыс»

Аль-Азимнің айтуынша, жобаны оқу жылы басталғанға дейін іске қосу туралы шешім қабылданғаннан кейін жұмыс қарқыны күшейген. Команда шағын қадам қағидасын ұстанды: өнімді іске қосу, кері байланыс жинау, жетілдіру және қайта іске қосу.

Жасөспірім үшін стартап жүргізу оңай емес - оқу, емтихан және келіссөздер қатар жүреді. Дегенмен міндеттерді бөліп, қысқа мерзімді мақсаттар қойып, нәтижені тұрақты бақылау арқылы жұмыс жүйеленген. Оның сөзінше, стартап шабытпен емес, тәртіппен дамиды: жылдам әрекет ету, қателіктен қорықпау және қолданушы пікірін ескеру маңызды.

Алдағы жоспар - халықаралық акселерациялық бағдарламаларға қатысу. Мектептен кейін ол технология мен кәсіпкерлік тоғысындағы бағытты таңдауды көздейді. Өз қатарластарына берер кеңесі де қарапайым: қорқыныштың кеткенін күтпей, алғашқы қадамды жасау керек.