Отандасымыз Әйгерім Оразбек мұғалімнің көмегінсіз өз бетімен 15 тілді үйреніп, бүгінде Түркияның Анталия қаласындағы бес жұлдызды қонақүйде жұмыс істеп жүр. El.kz интернет порталының тілшісі полиглоттан тілді меңгерудің жолдарын, қалай үйренгені жөнінде сұхбат құрды.
Қазіргі уақытта Әйгерім Түркияда ресепшн және аудармашы болып қызмет етеді. Ол Алматыда дүниеге келіп, сонда өсіп, білім алған. Шетел тілдеріне қызығушылығы бала кезінен оянған екен.
Мен шет тілдерін 8-9 жасымда-ақ өз бетімше оқи бастадым. Репетиторға да, курстарға да бармадым. Маған ең қызығы әр тілдің өзіндік әуезі мен мәдениеті еді, – дейді ол.
Бүгінде Әйгерім 15 тілді жетік меңгерген. Ол тілдердің қатарында орыс тілі, ағылшын тілі, түрік тілі, қырғыз тілі, өзбек тілі, поляк тілі, итальян тілі, корей тілі, неміс тілі, әзербайжан тілі, дат тілі, украин тілі, тай тілі, жапон тілдері бар. Өз еңбегімен жеткен табысы мен табандылығы көп жастарға шабыт берері сөзсіз.
Әйгерімнің айтуынша, тіл үйренуге деген қызығушылық бала кезінен қалыптасқан.
Нағашы ағамның көршілері орыстар болатын. Сол үйдің қыздарымен ойнағым келетін, ал олар тек орысша сөйлейтін. Солармен тіл табысу үшін орыс тілін үйрене бастадым. Шамамен 6-7 жасымда-ақ орысша еркін сөйлеп кеттім, – дейді полиглот.
Бала бойындағы бұл талпыныс кейін үлкен әдетке айналған.
9 жасымда түрік сериалдарын көре бастадым. Кейіпкерлердің тілін түсінгім келіп, түрік тілін өз бетіммен үйрендім. Солай кішкентай күнімнен тіл үйренуге қызығушылығым арта берді, – дейді Әйгерім.
Ол тілдерді ешкімнің көмегінсіз, таза өз күш-жігерімен меңгерген.
Иә, мен бәрін өз бетіммен үйрендім. Бала күнімде үйде интернет те, қазіргідей түрлі ойыншықтар да болған жоқ. Үйде отыра беріп ішім пысатын содан кітап оқитынмын. Кейін сөздік кітаптарды ақтарып, жаңа сөздерді жаттап үйрене бастадым, – дейді Әйгерім.
Кейіпкеріміз өз еңбегін ешкімге жария етпеген.
Тіл үйреніп жүргенімді ешкімге айтпайтынмын, өйткені ұялатын едім. Біреулер «мақтанып жүр» деп ойлап қалады деп қорқатынмын, – деді ол күлімсіреп.
Оның айтуынша, барлық тілді бірдей тез меңгеру оңай болмаған. Кейбір тілдерді үйренуге біраз уақыт қажет болған.
Мысалы, француз және жапон тілдерін үйрену маған біраз қиын соқты. Бұл тілдердің грамматикасы мен айтылуы өзгеше, сондықтан көп еңбектенуге тура келді, – дейді Әйгерім.
Дегенмен табандылығының арқасында бұл тілдерді еркін меңгеріп, бүгінде оларды күнделікті өмірінде емін-еркін қолданып жүр.
Полиглоттың сөзінше, тіл үйрену әр адамда әрқалай жүреді. Бастысы өзіңді басқамен салыстырмау және процесстен ләззат алу екенін айтады.
Әр адамның санасы әр түрлі жұмыс істейді. Біреулер бір тілді бес жылда үйренеді, ал кейбіреулер мүлде үйрене алмайды, бұл қалыпты жағдай. Ең бастысы, өзіңізді кінәлаудың қажеті жоқ, – дейді ол.
Ол үшін тіл меңгеру – өмір салтына айналған әдет.
Маған бір тілді үйренуге 2-3 ай жеткілікті. Мен нақты «мұнша сағатта үйренемін» деп жоспар құрмаймын. Тілді үйреніп бастаған соң сол тілде музыка тыңдаймын, фильм көремін, кейін жазуын, оқылуын үйренемін. Бар болғаны осы, – дейді Әйгерім.
Полиглоттың 15 тіл білетіні туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін Әйгерім күтпеген танымалдылыққа ие болған.
Осы видеолар шыққан соң мені Ресейден, Татарстаннан және Қазақстаннан келген қонақтар танып жатыр. Бұл мен үшін – үлкен мәртебе, – дейді ол.
Қазір Әйгерім жұмыс орнында да ерекше құрметке ие.
Қонақүйде аудармашы қажет болғанда бастықтар арнайы маман іздемейді, бәрі маған жүгінеді. Қонақтардың мәселесін шешіп, аударып көмектесемін. Сол үшін менеджерлер әзілдеп, «біздің супермен» деп атайды, – деді Әйгерім күліп.
Оның айтуынша, шетелдік қонақтар оның бірнеше тілде еркін сөйлейтінін білгенде қатты таңырқайды.
Шетелдік қонақтар менің 15 тіл білетінімді естігенде таң қалады. Шынымды айтсам, бұл туралы көп айта бермеймін, кішкене ыңғайсызданамын, – дейді ол.
Қонақтардың ризашылығы мен жылы лебізі оны әрдайым қуантатынын жеткізді.
Мысалы, поляк немесе француз қонақтар келгенде, олардың тілінде сөйлесемін. Маған қатты таңырқап, «қандай керемет, біздің тілімізді жақсы білесіз, көмегіңіз көп тиді» деп алғысын айтады. Кейбіреулері тіпті шоколад немесе ақшалай сыйақы беріп кетеді, – деді Әйгерім ризашылықпен.
Полиглоттың пікірінше, әр тілде сөйлескенде оның мінезі мен көңіл күйі түбегейлі өзгермейді, тек сол тілдің ерекшелігіне бейімделеді. Ол сөйлесіп жатқан адамның өз ойын жақсы түсінуі үшін әр тілдің акценті мен интонациясын сақтауға тырысады.
Әр тілде сөйлескенде аса қатты өзгеріс болмайды. Тек сол тілдің акцентіне ұқсатып сөйлеуге тырысамын, себебі жанымдағы адам мені еркін түсінсін деймін. Басқа айырмашылық жоқ, – дейді ол.
Әйгерімнің ойынша, тіл үйрену тек грамматиканы немесе сөздерді жаттау емес, ол тұтас бір жаңа мәдениетке, ойлау жүйесіне ену жолы.
Тілді үйрене бастағанда, өздігінен сол елдің мәдениетін, тұрмысын, адамдардың қарым-қатынасын, өмір сүру салтын да үйренесің. Мысалы, Францияға немесе Австралияға барғанда, өзіңді қалай ұстау керектігін, қай жерде не айтуға болатынын, қандай қимылдың сыпайылық не әдепсіздік саналатынын білесің, – дейді полиглот.
Оның пікірінше, бұл тәжірибе адамды көп нәрсеге үйретеді, дүниетанымын кеңейтеді.
Бір ұлтқа оғаш болып көрінетін нәрсе басқа халық үшін мүлде қалыпты жағдай болуы мүмкін. Мұндай айырмашылықтарды түсінген сайын өзің де төзімді, ашық әрі мәдениетті бола түсесің. Қысқаша айтқанда, тілмен бірге мәдениет пен көзқарасың 10 есе артады десем болады. Бұл – тіл үйренудің ең үлкен пайдасы, – деді ол.
Бүгінде тіл үйрену оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ол мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жаңа тілдерді де меңгеруді жоспарлап отыр.
Бұрын 25-30 тіл үйренсем деп армандайтынмын. Қазір ондай нақты шектеу қоймаймын. Өйткені миым қанша тілді қабылдай алады, сонша үйрене беремін деп шештім, – дейді кейіпкеріміз.
Қазір ол өзіне жаңа мақсат қойып отыр. Араб, швед және вьетнам тілдерін үйренуді бастамақ.
Бұл тілдер маған мүлде жаңа бағыт, бірақ қызығушылығым зор. Ең бастысы – өз ісіңе шын ниетпен кірісу, – дейді Әйгерім.
Әйгерім қазір шетелде еңбек етіп жүргенімен, туған жерімен байланысын үзген емес. Ол отбасымен жиі хабарласып, әр мүмкіндік болғанда Қазақстанға баруға тырысады.
Отбасым Қазақстанда тұрады. Жаңа жылда барып, оларға жолығуға тырысамын, – деді.
Болашаққа деген жоспары да үлкен. Ол кәсіби және тілдік тәжірибесін кеңейтіп, жаңа елдерде жұмыс істеуді армандайды.
Алдағы уақытта Мальдив аралында немесе Америкада жұмыс істесем деген ойым бар. Әлемді көру, жаңа адамдармен танысу, мәдениеттерді зерттеу мені әрқашан шабыттандырады, – дейді ол.
Соңғы жылдары қазақстандық жастар арасында шетел тілдерін өз бетімен үйрену үрдісі белең алды. Интернеттің дамуы, онлайн-білімнің қолжетімділігі және әлемге ашық көзқарас жаңа буынды көптілді етуге жол ашып келеді.
Бүгінде қазақ жастары ағылшын, түрік, корей, жапон, француз тілдерін ғана емес, сирек кездесетін швед, дат, венгр, тай және фин тілдерін де меңгеріп жүр. Тіпті кейбірі Әйгерім секілді өз күшіне сүйеніп, 10-нан астам тілде сөйлей алады. Мұндай қабілет тек еңбек пен табандылықтың нәтижесі дейді тіл мамандары.
Лингвистердің пікірінше, көп тіл білу адамның есте сақтау қабілетін дамытып, ойлау жүйесін өзгертеді. Әр тіл – жаңа әлемнің кілті. Бірнеше тіл меңгерген адам мәдениеттердің айырмашылығын жақсы түсініп, түрлі елдермен еркін байланыс орната алады. Бұл – бүгінгі жаһандану дәуірінде аса маңызды қасиет.
Әйгерім сияқты шетелде еңбек етіп жүрген көптеген қазақ жастары өз елінің мәдениетін, еңбекқорлығын және дарындылығын өзге елдерге танытып жүр. Олар әлемнің түрлі саласында туризм, білім, IT, бизнес пен өнерде табысты жұмыс істеп, Қазақстанның абыройын асыруда.
Тіл білу – осындай мүмкіндіктерге апарар басты көпір. Өйткені шетелде жұмыс істеу, жаңа ортаға бейімделу және түрлі елдің адамымен тіл табысу үшін ең тиімді құрал – тіл.
Көптеген қазақстандықтар ағылшын немесе түрік тілінің арқасында халықаралық компанияларда қызмет атқарып, жаңа деңгейге көтерілуде.
Тілді меңгеру – тек жеке жетістік емес, бұл елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтудың да бір түрі. Әйгерім сияқты полиглоттар түрлі ұлт өкілдерімен тіл табысып, Қазақстан туралы жылы пікір қалыптастырып жүр.
Қазір әлемде полиглоттар ерекше сұранысқа ие. Туризм, халықаралық сауда, дипломатия, медиа және IT салалары көптілді мамандарды жоғары бағалайды. Ал қазақстандық жастардың осындай қабілетке ие болуы елдің интеллектуалдық әлеуетін көрсетеді.
Психологтар көп тіл үйрену адамның креативтілігін, есте сақтау қабілетін және өзін-өзі дамытуға деген ынтасын арттыратынын айтады. Тілді меңгеру – тек жаңа дағды емес, өз санаңды кеңейту, әлемге басқа көзқараспен қарау.
Әйгерімнің мысалы – соның айқын дәлелі. Ол әр тілді тек қарым-қатынас құралы емес, жаңа мәдениетті тану құралы ретінде қабылдайды.
Тіл білу – шетелге шығудың ғана емес, өзіңді дамытудың да жолы. Әйгерім секілді жастардың тәжірибесі Қазақстандағы жаңа буынның жаһандық деңгейде ойлай алатынын дәлелдейді.
Бірнеше тілді меңгеру – ертеңгі табысты өмірдің кілті, ал тілге деген сүйіспеншілік – ұлттың рухани дамуының белгісі.
Әйгерім сияқты полиглоттар тек өз болашағын емес, Қазақстанның әлем алдындағы мәдени келбетін де қалыптастырып жүр.