03.04.2026
15:08
124

1,5 млрд қаралым: Димаш Құдайбергеннің шоуы жаһандық феноменге айналды

Әнші Димаш Құдайберген ұсынған «Voice Beyond Horizon» музыкалық реалити-шоуы қысқа уақыт ішінде халықаралық медиажобаға айналып үлгерді.

Екі айдың ішінде жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрерменді біріктіріп, музыка мен мәдениетті, Қазақстанның табиғаты мен болмысын қатар насихаттап жатыр. Бар болғаны сегіз эпизодтың өзінде шоу 1,5 миллиардтан астам қаралым жинап, рекорд орнатты.

«Voice Beyond Horizon» – Димаш Құдайбергеннің продюсерлік жобасы әрі халықаралық музыкалық шоу. Оның премьерасы 2026 жылдың 5 ақпанында өтті. Жоба тек вокалдық байқаумен шектелмей, Қазақстанның мәдениеті мен туризмін таныстыруды да мақсат етеді. Шоуға Қазақстан, Қытай, Италия, Малайзия, Сербия және Қырғызстаннан келген 8 орындаушы қатысып жатыр. Түсірілім жұмыстары 22 күнге созылып, 7400 шақырымнан астам аумақты қамтыған. Көрермен Түркістан, Ақтау, Бозжыра, Қайыңды және Көбейтұз көлдері, сондай-ақ Алматы мен Астана секілді өңірлердің табиғатын тамашалай алады.

Жоба Қытайда Hunan TV мен Mango TV платформаларында, ал Қазақстанда «Qazaqstan» телеарнасында көрсетіледі. Алғашқы екі айдың өзінде шоу интернет кеңістігінде 1,5 миллиардтан астам қаралым жинаған.

Миллиардтық қаралым және толық қолдау

Сараптамамен айналысатын CMMR компаниясының дерегінше, шоуға берілген қолдау индексі 100%-ға жеткен. Барлық платформалардағы жалпы аудитория 1,59 миллиард қаралымды құрады. Жоба бірден Dengta, Vlinkage және Endata секілді ірі платформаларда көш бастады. Бұл танымалдықты ғана емес, көрермен қызығушылығының тұрақты екенін көрсетеді.

ru.dimashnews.com

Сегіз апта бойы шоу төрт түрлі рейтингте бірінші орынды сақтап қалды. CSM ұлттық желісі мен 71 қала бойынша жүргізілген өлшемдер нәтижесінде жоба Қытайдағы аймақтық спутниктік телеарналар арасында көшбасшы атанды. Kuyun Data және Huanwang Data сараптамалары да бағдарламаның тікелей эфирдегі көрермен саны бойынша алда екенін көрсетеді. Бұл көрерменнің жоғары деңгейде қызығушылық танытқанын дәлелдейді.

Вирустық эффект және эфирден тыс қызығушылық

Қатысушылардың жеке өнер көрсеткен видеолары миллионнан астам қаралым жинап жатыр. Контент әлеуметтік желілерде кең таралып, эфирден тыс та жаңа аудиторияны қамтуда. Халықаралық блогерлер қатысушылардың өнеріне реакция жасап, үздік сәттер YouTube секілді платформаларда жиі жарияланып отыр. Бұл жобаның жаһандық медиакеңістіктегі ықпалын күшейтті. Қытайлық музыка сыншылары мен инфлюенсерлер шоуға жоғары баға беріп, оны «музыкалық және мәдени құндылықты қатар үйлестірген сапалы жоба» деп атады.

Шоуға қатысты тақырыптар Weibo, Red Note және TikTok платформаларында 329 рет трендке енген. Онлайн талқылаулар жобаның аудиториясын кеңейтіп, қызығушылықты үнемі жоғары деңгейде ұстап отыр.

ru.dimashnews.com

Халықаралық деңгейдегі назар

Жоба бес елдегі 15 мемлекеттік мекемеден 30-дан астам ресми қолдау алған. Бұл оның тек ойын-сауық емес, мәдени жоба екенін дәлелдейді. Малайзияның Қытайдағы елшілігі шоу туралы алты материал жариялап, Түркістан өңірінің табиғаты мен мәдениетін таныстырған. Қырғызстанның Қытайдағы елшілігі мен профильді министрлігі де жоба туралы ақпарат таратты. Әсіресе Нұр Чолпон қатысқан эпизодқа ерекше назар аударылған. Италия елшілігі де жобаны қолдап, оның әр елден келген жас музыканттарды біріктіретін алаң екенін атап өтті.

Музыка – шекарасыз тіл

«Voice Beyond Horizon» дәстүрлі музыкалық шоудан әлдеқайда кең форматқа шықты. Бұл жоба музыка арқылы мәдениеттерді байланыстыратын көпірге айналып отыр. Қазақстанның әр өңірінде өткен түсірілімдер бағдарламаға ерекше визуалдық тереңдік берді. Көрермен тек ән тыңдап қана қоймай, елдің тарихы мен дәстүрімен де танысады.

Жоба әлі де эфирде. Жаңа эпизодтар бейсенбі күндері Hunan TV мен Mango TV платформаларында, ал сенбі күндері «Qazaqstan» телеарнасында көрсетіледі. Қазіргі қарқын сақталса, «Voice Beyond Horizon» халықаралық сахнадағы ең көп талқыланатын музыкалық жобалардың бірі болып қала беретіні анық. 

Айта кетейік, Қазақстан намысын аталған жобада әнші, музыкалық театр және кино актері, вокалдық шеберлігі мен сахналық әсерлілікті үйлестіре білген өнер иесі Нұржас Садырбай қорғайды.