«14,4 млрд теңге». 7 мыңға жуық қазақстандық алимент төлемегені үшін жазаланды

22 Ақпан, 14:42 723

Әділет министрлігінің өкілі Талғат Уәли былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 326 мыңнан астам алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар келіп түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Құжаттардың 5% немесе 16 197 өндіріс күрделі болып есептеледі. Яғни 7 545 құжат бойынша немесе 47%-ының берешегі 3 айдан асады және ішінара 6,2 млрд теңге өтелген. Ал 8 652 құжат бойынша немесе берешектің 53%-ы мүлдем өтелмейді. Оның құны – 14,4 млрд теңге.

Талдау көрсеткендей, алимент төлемеуге борышкерлерде ресми жұмыс орнының болмауы, табысының жоқтығы және өндіріп алуға болатын мүлкінің жоқтығы себеп болып отыр. Алайда, жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктері бола тұра, балаларын асыраудан әдейі жалтарады, немесе өз мүлкін жасырады. 2023 жылдың 12 айында алимент төлемдері бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 6 733 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Талғат Уәли.

Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органдарына 1 670 ұсыныс жолданған. Оның 293-і сотқа жіберілді.  537-сі оңалту негіздері бойынша тоқтатылды, 88 істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы шешім қабылданған. Жалпы, 14 755 борышкерге қатысты елден шығуға уақытша тыйым салынды.

Алимент өндіріп алу туралы барлық проблемалық атқарушылық істер бойынша сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдайды. Кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіріп алу қиынға соғуда. Осыған байланысты, өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Мысалы, 2023 жылдың 12 айында республика бойынша осындай 4 238 борышкер жұмысқа орналастырылды, - деді ол.

Сондай-ақ, Әділет министрлігі сот орындаушы робот жүйесін іске қосқан. Әзірге пилоттық жоба ретінде Тараз қаласында жұмыс істеп тұр.

Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда, айыппұлдың 25%-ға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады.Осылайша робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттілігі туралы SMS хабарлама жібереді. Төлем уақытылы жүргізілсе, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады. Айыппұл бойынша ерікті төлем болмаған жағдайда, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсынады. Жаңа жобаның арқасында ел азаматтарының 2 млрд теңгеге дейінгі қаражаты үнемделеді деген болжам бар, - деді әділет министрлігінің өкілі. 

Алдағы уақытта жоба Қазақстанның барлық аймағында іске асырылады деп жоспарланған.

 

 

Миражан Махан
Бөлісу: