Мемлекеттік нөмірлерді пайдаланып, өзін Ұлттық банк, полиция немесе ҰҚК қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың саны бір жылда 47% өсті. Бүгінде интернет арқылы жасалатын қылмыстар барлық алаяқтықтың 54,2%-ын құрайды.
Астаналық тұрғын Әсел Ағажан да мұндай жағдайға тап болған:
Бастапқыда ештеңеден күмәнданған жоқпын - «1414-тен» келген хабарлама болар деп ойладым. Көп ұзамай WhatsApp бұзылып, таныстарымнан қаржы сұралып жатқанын білдім. Жақындарыммен дереу байланысып, ештеңе аудармауды ескерттім. Әпкеммен бірге нөмірімді қайтарып алдық. Алаяқтар мақсаттарына жете алмағанына қуандым. Бірақ бұл оқиға қатты үрей туғызды. Осындай жағдайға түсіп жатқан адамдарды ойласам, жүрегім ауырады, - дейді ол.
ҚР ІІМ дерегінше, алаяқтықтың алдын алу үшін 64 548 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. 1,1 миллионнан астам жадынама мен брошюра таратылып, ғаламторда 19 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланған. Соған қарамастан, 2025 жылы «1414» нөмірін пайдаланып жасалған 5503 қылмыс тіркелген. Бұл 2024 жылғы 3734 дерекпен салыстырғанда 47% көп.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті отандық IT-компаниялар («Seven Hills of Kazakhstan», «MSSP.GL») және халықаралық серіктестер («Group-IB», «Kaspersky Lab», «Doctor Web») арасында ынтымақтастық орнатқан. Ұлттық байланыс пункті арқылы 109 мемлекеттің уәкілетті органдарымен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, байланыс операторларымен бірлесіп, 67 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталған. Антифрод орталық жұмысының нәтижесінде 2,2 млрд теңге бұғатталып, оның 1,5 млрд теңгесі - азаматтардың, 644 млн теңгесі дропперлердің шоттарында қалған. 280 өтініш бойынша тексеріс жүргізіліп, 247 азаматтың 1,2 млрд теңге сомасындағы заңсыз несиесі жойылған.
ІІМ ұсынған негізгі ережелер:
Алаяқтыққа тап болған жағдайда азаматтар полицияға немесе «Е-өтініш» платформасы арқылы жүгінуі тиіс.
Алаяқтықтың өсуі қоғамдағы әлсіз тұстарды – сенімнің, ақпараттық сауаттылықтың және сақтық мәдениетінің төмендігін айқындады. Миллиондаған брошюра мен мыңдаған іс-шараға қарамастан, нәтиже көңіл көншітпейді. Ал бұл қауіпсіздікке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін көрсетеді.
Авторы: Жансая Нұрғалиқызы