13 жыл құлдықта болған анасы мен ұлына пәтер сыйға берілді

18 Шілде, 11:17 1579

13 жыл құлдықта болған анасы мен ұлына пәтер сыйға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Баспанаға қаржыны блогер Гүлмира Әбдрашеваның оқырмандары жинаған. Бұл туралы волонтер, блогер Назым Жанғазы хабарлады. 

Бір апта бұрын Түркістан облысындағы кризис орталығында болып, 13 жыл құлдықта болған 16 жастағы Наум (есімі өзгертілген) мен анасы туралы айтқан едім. Бүгін қуанышты жаңалықты бөліскім келіп отыр. Наум туралы айтқаннан кейін менің құрбым Гүлмира Әбдрашева мен оның оқырмандары жналып, 23 сағаттың ішінде 25 миллион теңге жинап берген. Келесі күні еріктілермен Шымкентке бардым. Ол жерде анасы мен баласының тұрғылықты мекен жайын ауыстыру туралы шешім қабылдадық, - дейді Назым Жанғазы. 

Волонтер ол ақшаға құлдықта болған анасы мен баласына екі бөлмелі пәтер сатып алынғанын мәлімдеді.

Пәтер таза, жайлы, көршілері мейірімді. Пәтерді қарап шыққаннан кейін бірден құжаттарды рәсімдеуге бардық. Ол жерде дағдарыс орталығының өкілі де болды. Әзірге олар толықтай әлеуметтену және бейімделу үшін дағдарыс орталығында қалып отыр. Кейін олар жаңа пәтеріне көшіп, әрі қарай дағдарыс орталығы мен біздің бақылауымызда болады, - деп мәлімдеді Назым Жанғазы.

Енді анасы мен баласының құжаттары реттеліп жатыр.

Бұған дейін  Любовь Болдырева мен оның ұлы Никита Шардарадағы мал қора мен саунада еркінен тыс 13 жыл жұмыс істегені туралы жазған едік. Күдікті мен оның үш серігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: