Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін орағының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет АӨК-ті қолдаудың ауқымды шараларын қабылдағанын атап өтті. Саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылды. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 200 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар.
Диқандар тұқыммен, жеңілдікті отын және тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу, — деп атап өтті премьер-министр.Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі керек. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауы тиіс.
Биылғы егіннен шамамен 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарланған. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, өндірілген өнімді дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа нарықтарға да өткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітуі қажет.