12 миллион тұрғын жарықсыз қалды

12 миллион тұрғын жарықсыз қалды

Доминикан Республикасында электр желісіндегі ірі апаттың салдарынан ел бойынша жарық толық өшіп қалды. Тәртіпті сақтау үшін ұлттық полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде,  деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жергілікті уақытпен 11 қараша сағат 19:00-де (Астана уақытымен 12 қараша таңғы 03:00-де) елдегі электр энергиясын беру тек 30 пайыз көлемінде ғана қайта қалпына келтірілген.

Мемлекеттік энергетикалық компания ETED таратқан мәліметке сәйкес, елдің шығыс бөлігіндегі екі ірі электр станциясында болған апат елді жарықсыз қалдырған негізгі себеп болған.

Доминикан Республикасының ұлттық полициясы X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында арнайы бөлімшелерді іске қосқандарын мәлімдеді.

Қазір энергетикалық қызметтер электрмен қамтуды толық қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.