13.04.2026
15:23
193
Жаңалықтар

12 күнге созылған кептеліс: Қытайдағы жүргізушілер жолда қалай өмір сүрді?

2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша Қытай әлемдегі ең ірі автонарық мәртебесін сақтап қалды. Елде былтыр 34,4 миллион көлік өндіріліп, сатылған. Оның небәрі 20 пайызы ғана экспортқа жіберілген.

Демек ішкі нарықтағы автокөлік саны жыл сайын артып, жол инфрақұрылымына түсетін салмақ күшейіп келеді.

Алайда бұл Қытай үшін жаңа мәселе емес. Осыдан 16 жыл бұрын ел тарихындағы ең ірі көлік кептелістерінің бірі тіркеліп, мыңдаған жүргізуші екі аптаға жуық жолда тұрып қалған еді.

100 шақырымға созылған кептеліс

Бұл жағдай 2010 жылдың тамыз айында Бейжің – Тибет тас жолы бойында тіркелді. Ел астанасын биік таулы Тибет өңірімен байланыстыратын бұл магистраль сол кездің өзінде-ақ көлік ең көп жүретін бағыттардың бірі болған. Күн сайын ондаған мың жүк көлігі құрылыс материалдарын, көмір мен түрлі тауарларды тасымалдап отырған.

14 тамыз күні жолдың бір бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып, жағдай күрт ушығады. Әдетте мұндай шектеулер қозғалысты тек баяулататын. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды. Тамыз – жүк тасымалының қызған шағы, өндіріс орындары күзге дайындық үшін толық қуатта жұмыс істеп тұрған кезең еді.

Оған қоса, Хэбэй провинциясы аумағында болған су тасқыны салдарынан балама бағыттар да жабылып қалды. Ақылы жол бекеттеріндегі баяу қызмет пен жол-көлік оқиғалары жағдайды одан әрі ушықтырды.

Нәтижесінде көліктер бір тәулікте небәрі бір шақырымға да жете алмайтын жағдайға түсті. Кептелістің жалпы ұзындығы шамамен 100 шақырымға дейін созылды.

Жол үстіндегі тіршілік

Аптап ыстық та жүргізушілерді алқымынан алғаны рас: олар жанармайды үнемдеу үшін көлікті сөндіру немесе кондиционер үшін қозғалтқышты қосулы ұстау секілді таңдау алдында қалды. Көпшілігі күндерін көлікте өткізіп, ұйықтап, серуендеп, тіпті карта мен шахмат ойнап уақыт өткізген.

Жергілікті тұрғындар да жағдайды тиімді пайдалануға тырысты. Жол жиегінде бейресми сауда нүктелері пайда болып, азық-түлік пен судың бағасы бірнеше есе қымбаттап кеткен. Мәселен, әдетте 1 юань тұратын су 15 юаньға дейін сатылған.

Қауіп пен қиындық

Ұзаққа созылған кептеліс тек тұрмыстық қиындықтармен шектелген жоқ. Сарапшылар мұндай жағдайда «жол стрессі синдромы» пайда болады деп санайды – ұзақ уақыт рөлде отыру ашушаңдыққа, шаршауға, тіпті агрессияға әкеледі. Салдарынан жанжалдар мен төбелестер жиілеген.

Сонымен қатар ұрлық та тіркелді: кейбіреулер ұйықтап жатқан жүргізушілердің жанармайын, азық-түлігін алып кеткен.

12 күнге созылған тығырық

Билік мәселені шешу үшін Бейжіңге жүк көліктерінің кіруіне қойылған шектеулерді уақытша жеңілдетіп, әсіресе түнгі уақытта қозғалысты арттыруға тырысты. Соған қарамастан кептелісті толық тарқату үшін 12 күн қажет болды.

Айта кетейік, бұл оқиға ұзақтығы бойынша рекордтардың бірі саналғанымен, ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабы тізіміне енбеген. Ал ең ұзын кептеліс 1980 жылы Франция аумағында тіркеліп, ұзындығы 176 шақырымға жеткен.