12 баланы бауырына басқан батыр ана

1 Маусым, 09:57 2522

Ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды асырап алу – әркімнің қолынан келе бермейтін ерлік. Мұндай батыл қадамға баратын жандардың көңілі кең, жүрегі мейірімге толса керек.

Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мерекеге орай, он екі баланы бауырына басқан ержүрек ана Жанар Байжулдиновамен сұхбат құрдық. Ол балаларын қалай асырап алғанын, отбасылық мерекені қалай атап өтетіні жайлы El.kz тілшісіне айтып берді.

Жанар Байжулдинова 1976 жылы Семей қаласында дүниеге келіп, КАЗГЮУ университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Мансап жолын 2000 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінде бастаған. Қазіргі танда Түркия елінде, Анталья қаласында отбасымен бірге тұрады. 

Жанар өзі екі баланың анасы. Тұңғышының есімі Аружан, кенжесі Даниал. 

Кенже баласын босанғаннан кейін отбасылық жағдайымен Шымкент қаласынан Астанаға көшіп келеді. Елордада Казпочта компаниясына басшы болып тағайындалды. 

Кейіпкеріміздің айтуынша, Даниал әлсіз, аурушаң болып туған. Дәрігерлер ұлына ДЦП және эпилепсия деген диагноз қойды. Ұлы екі жастан асқанда анасына кенеттен бір аян келеді. Дәл осы сәттен бастап Жанарды бір ой мазалайды. Жетім балаларды асырап алса, Алланың алдында сауап жинаса, ұлы дертінен айығатындай болып көрінді.

Осы ой мазалап қоймаған соң құжаттарды дайындап, бала асырап алуға әрекет еттім, – дейді ол.

Жанар жетімдер үйіне барғанда балаларды тек есімі бойынша таңдаған.

Өмірге бала әкелгенде біз оны таңдамаймыз ғой. Құдайдың бұйыртқанын дүниеге әкелеміз. Сол сияқты мен де балалар үйіне барғанда оларды тек тізім бойынша қарап таңдайтын едім.  Тіпті балалардың ұлтына да қарамаймын. Қызыма серік  болу үшін қыз баланы ғана сұрадым, – деді ана. 

Кейіпкеріміз алғаш рет Елизавета есімді кішкентай қызды асырап алған. 

Тәрбиешілер маған ұлты орыс 4 айлық Елизавета Иванова деген қызды қолыма берді. Оны алғаш  көрген кезде біртүрлі болып қалдым. Мұны байқаған тәрбиеші бірден қазақ баланы асырап алуды ұсынды. Баланы алып келген кезде Алла тағалаға уәде бергенім есіме түсті. Балалар үйіне келерде оның ұлты маңызды емес екенін айтқан едім. Сол себепті ойымнан айнып, Елизаветаны асырап алу туралы шешімге келдім. Баланың аты-жөнін Дария Байжулдинова деп өзгерттім, – деді ол. 

Дария үйге келісімен Даниалдың талмасы тоқтады. Жанар мұны жаратушының өзіне берген сыйы деп түсінді.

Алғаш бала асырап алған кезде 36 жаста едім. Мұндай шешім қабылдау батылдықты талап етеді. Шынымды айтсам, өзгенің баласын бірден өз балаңдай жақсы көріп кету мүмкін емес деп ойладым. Алайда баланы бауырыңа басқанда мүлде басқа сезімде болады екенсің. Түсінгенім, іскер  әйелдерді ер адамдардың көпшілігі ұната бермейді. Сол себепті де шығар, күйеуіммен дәм-тұзымыз жараспады. Бұған бәлкім, мінездеріміздің сәйкес келмеуі де әсер еткен болар, – дейді кейіпкер.

Жанар Байжулдиноваға тағы да бала асырап алу туралы ұсынысты қызы Аружан тастаған. 

«Даниал мен Дария бірге ойнайды. Менімен жасты тағы бір қыз асырап алайықшы» деп балам өтініш білдірді, – дейді ол.

Қызының ұсынысымен және кейінгі күйеуінің қолдауының арқасында Жанар 12 баланы қамқорлығына алған.

Қазіргі уақытта 12 баланың бесеуі бізбен бірге тұрады. Қалған 7 баланың төртеуінің ата-анасын тауып, материалдық тұрғыдан  көмектестік. Ал бір қызды Қытайда оқыттық. Ол бүгінде анасымен бірге тұрады. Ал 2 баланы әпкесі алып кетті. Балаларымды жақындарына аманаттап, шығарып салдым. Балаларымды бөліп-жармаймын, тең дәрежеде қараймын. 12 жылдың ішінде бір-бірімізге әбден бауыр басып қалдық. Отбасыма 365 күннің  24 сағатын бөлемін. Сыртқа да көп шыға бермеймін, шығып кетсем, мені қатты іздейді. Балаларым бір-біріне қамқор, тату-тәтті өмір сүріп жатыр, – дейді батыр ана.

Жанар Байжулдинова Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін міндетті түрде тойлайды.

Отбасымызбен мерекелерді асыға күтеміз. Соның ішінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін ерекше тойлаймыз. Бұрында ақшамыз болмағанның өзінде, үйде кішігірім дастархан жайып, атап өтетінбіз. Әр мерекеге алдын ала отбасымызбен бірге дайындалған ұнайды. Биылғы жоспарымыз – үйдегілермен теңіз жағасына барып, бірге уақыт өткізу, – деді кейіпкер.

Көпбалалы ананың сөзінше, әр бала бұл мейрамды отбасымен бірге атап өтуі керек. Себебі ол кезең балалардың жадында естен кетпес естелік болып сақталып қалады.

Қарақат Сұлтанмахмұтқызы,

ЕҰУ-дың 2 курс студенті

Ажар Лаубаева
Бөлісу: