11 қазан кинопремьералары

11 Қазан 2018, 11:28 7598

Бүгін: Нил Армстронг рөліндегі Райан Гослинг, Нұртас Адамбайдың психологиялық триллері, «Эль рояль» отеліндегі Дакота Джонсон мен Крис Хемсворт, қанды қырғын жасаған Николас Кейдж, экстазға түсіретін Гаспар Ноэ және басқа да көптеген қызық кинотуындылар.

«Человек на Луне» (First Man) – «Оскарлы» Дэмьен Шазеллдің («Одержимость», «Ла-Ла Ленд») тарихи-өмірбаян картинасы. Режиссер басты рөлге «Ла-Ла Лендте» бірге жұмыс істеген Райан Гослингті шақырыпты.

Фильм Нил Армстронгтың 1961-1969 жылдардағы өмірін баяндап, НАСА-ның Айға адам қондыруға арналған миссиясы туралы айтады.

«Лифт» - отандық фильммейкер Нұртас Адамбайдың психологиялық триллері. Әдетте комедия түсіретін Адамбай «Тараздан» кейін тағы бір жобасын салмақты тақырыпқа арнапты.

Сюжеті: Екі адам тұрғыны жоқ үйдің лифтісінде қалып қояды. Біреуі - Тимур, емін-еркін өмірге үйреніп қалған жас жігіт. Екіншісі - Асқар, күзетші болып істейтін жігіт ағасы. Екеуі бастапқыда лифтіден шығудың амалдарын қарастырғанымен, бұдан ештеңе шықпайды. Енді қалғаны - бәріне көніп, көмек келгенше 3 күн бойы шыдау. Бұған қоса лифтідегі екеудің әңгімесі әу-бастан жараспайды.

«Ничего хорошего в отеле «Эль рояль» (Bad Times at the El Royale) – «Хижина в лесу» үрейлі картинасын шығарған Дрю Годдардтың жаңа жұмысы. Триллер жанрындағы картина Дакота Джонсон, Крис Хемсворт, Джон Хэмм, Джефф Бриджес секілді жұлдыздардың басын қосып отыр.

Сюжеті: 1969 жыл. Бір-біріне ұқсамайтын бір топ адам Невада мен Калифорния штаттарының шекарасында орналасқан, бұрын танымал болған "Эль Рояль" отеліне тұрақтайды.

Қонақүйде түнерген шіркеу қызметкері, әнші Дарлин, пысық шаңсорғыш сатушы және оңтүстіктің күмәнді бір қызы бас қосады. Олармен бірге жас консьерж де бар. Әрқайсының ішіне бүккен сыры бар және оларға бұрынғы күнәларын жуы-шаюға мүмкіндік берілмек. Бірақ "Эль Роялға" зұлым культ басшысы кіріп келгенде жағдай шиеленісіп кетеді.

«Патрик» (Patrick) – Disney студиясының Ұлыбританиядағы бөлімшесі өндірген отбасылық комедия.

Сюжеті: Сараның жолы болмай-ақ қойды: карьерасы алға баспай қояды, жеке өмірінде өкініш көп, ал ата-анасы жақтыра қоймайды. Оның өмірінде Патрик деген ерке, тентек мопс пайда болады. Көңілі болмай жүрген Сараға жетпегені осы еді.

«Мэнди» (Mandy) – Николас Кейдж түскен үрейлі боевик. Премьерасы биыл қаңтарда «Сандэнс» кинофестивалінде өтті. Сондай-ақ «Мэнди» - исланд композиторы, марқұм Йохан Йоханнссонның соңғы жұмысы.

Сюжеті: 1983 жыл. Отыншы Ред сүйгені Мэндимен бірге орман ішінде өмір сүріп жатыр. Осы жерде байкерлер бандасы басқаратын діни культ өкілдері пайда болады. Мэнди орманда серуендеп жүріп солардың көзіне түседі. Культ өкілдері оны ұстап алып, қорлықпен өлтіреді. Ред осыдан кейін кек жолына түседі.

«Экстаз» (Climax) – Аргентина режиссері Гаспар Ноэ (Необратимость», «Вход в пустоту», Любовь») түсірген музыкалық хоррор. Премьерасы биыл Канн кинофестивалінде өтіп, осында Art Cinema Award сыйлығын алды.

Сюжеті: Заманауи би академиясының түлектері қоштасу кешін ұйымдастырады. Олар би шоуына дайындалу үшін бас қосады. Соңғы репетиция кезінде әлдебір тылсым күштің жетегімен жастар  эйфорияға ұшырайды. Музыканың қарқын алып келе жатқан ырғағымен бірге хаос басталады.

«Любовник моей жены» (Amoureux de ma femme) – Жерар Депардьенің қатысуымен түсірілген француз ромкомы. Фильм режиссері әрі басты рөлде ойнаушы – Даниэль Отой.

Сюжеті: Даниэль әйелін қатты жақсы көреді және отбасындағы ахуал оның көңілінен толық шығады. Бірде Патрик есімді досы кешкі асқа шақырады. Досы ертіп келген қыз кенет Даниэлдің жүрегін жаулап алады.

«Без меня» - Ресей актері Кирилл Плетнёв түсірген драма.

Фильмде бір жігітке ғашық болған екі қыз туралы айтылады. Жігіт қайтыс болған соң, оның атынан екі қызға хаттар келе бастайды. Бұның артында кім тұрғанын білу үшін екеуі үлкен сапарға аттанады.

«Хэллфест» (Hell Fest) – америкалық слэшер. Режиссері «Паранормальное явление 5» фильмін түсірген Грегори Плоткин.

Хэллоуин қарсаңында Хэллфест деген фестиваль өтеді. Бұл фестивалдің мақсаты - бір-бірін қорқыту. Алайда кісі өлтіруші үшін - бұл ойындағы түрлі қылмыстарды іске асыратын алаң.

 

Ернар Бекенов
Бөлісу: