11 ірі нысанға «мина қойған» тұрғын сотталды

28 Шілде 2022, 22:23 1897

Ер адам сәуір айында өзінің IT саласындағы білімін пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы 11 ірі нысанға «мина қойылғаны» туралы хабарлама таратқан.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актісі туралы жалған хабарлау бойынша 22 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды El.kz.

Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімовтің айтуынша, бұлардың басым көпшілігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. 

Ерлан Әлімов биылғы шілде айында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы №2 сотының шешімімен Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны ҚР ҚК 273-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын жеткізді. 

Аталған ер адам сәуір айында өзінің IT саласындағы білімін пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы 11 ірі нысанға «мина қойылғаны» туралы хабарлама таратқан. 

– Сонымен қатар, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар жасаған 27 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұған қоса, теміржол ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында діни материалдарды сақтаудың 5 дерегі белгілі болды. Барлық құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБК 490, 453-баптарымен әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды және сот әрқайсысына әкімшілік айыппұл салды, - деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.

Бөлісу: