Әйелдер арасындағы шахматта сыйақы көлемі әлі де ерлер көрсеткішінен төмен. Алайда бұл айырмашылық жылдан жылға азайып келеді. Егер бұған дейін ең табысты әйел-гроссмейстердің өзі ерлер рейтингіндегі алғашқы ондыққа енген ойыншыдан бір жарым есе кем сыйақы алса, бүгінде жағдай айтарлықтай өзгерді. Қазір әлем чемпионы атанған шахматшы қыз жылдық табысы бойынша ерлер арасындағы ең жоғары сыйақы алған он гроссмейстердің екеуінен де озып отыр.
Осы үрдіс әйелдер шахматының қарқынды дамып, бәсекелестік деңгейінің артқанын айқын көрсетеді. Осыған байланысты Forbes Sport шахмат тақтасы үстінде ең көп сыйақы жинаған әлемдегі үздік 10 әйел-гроссмейстердің рейтингін жариялады.
1. Цзюй Вэньцзюнь - 381 869 доллар
Жасы: 35, Қытай
Цзюй Вэньцзюнь биыл да әлем чемпионы атағын сенімді түрде қорғап, әйелдер шахматындағы көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондай-ақ ол Women’s Speed Chess Championship турнирінде екінші жыл қатарынан жеңіске жетіп, жоғары деңгейін сақтап қалды. Доха мен Ставангерде өткен жарыстардан түскен сыйақы көлемі аса ауқымды болмағанымен, маусым бойы жиналған нәтижелердің жиынтығы Цзюй Вэньцзюньді табысы ең жоғары шахматшылар рейтингінің бірінші сатысына шығарды.
2. Тань Чжунъи - 315 529 доллар
Жасы: 34, Қытай
Тань Чжунъи жылдық сыйақының басым бөлігін әлем чемпионы атағы үшін өткен шешуші матчта иеленді. Титул бұйырмағанымен, дәл осы бәсеке оның маусымдық табыс құрылымында шешуші мәнге ие болды. Бұған қоса, 2025 жылы Тань Әлем кубогында қола жүлдеге қол жеткізіп, «Үлкен Швейцария» турнирінде төртінші орынға тұрақтады. Бұл нәтижелер оның жалпы сыйақы көлемін едәуір арттырып, маусымды жоғары деңгейде түйіндеуіне мүмкіндік берді.
3. Анна Музычук - 166 653 доллар
Жасы: 35, Украина
Анна Музычук үшін 2025 жыл оңай өткен жоқ. Norway Chess турниріндегі жеңісіне, блиц шахматынан әлем чемпионатындағы күміс жүлдесіне және FIDE Гран-при кезеңдеріндегі тұрақты нәтижелеріне қарамастан, ол бұл жолы Үміткерлер турниріне жолдама ала алмады. Дегенмен маусым Музычук үшін толықтай сәтсіз болды деуге келмейді. Ол өткен жылмен салыстырғанда табыс рейтингінде бір саты жоғарылап, ең көп сыйақы алған шахматшылар қатарындағы орнын нығайтты.
4. Чжу Цзиньэр - 152 604 доллар
Жасы: 23, Қытай
Чжу Цзиньэр FIDE Гран-при сериясына күтпеген жерден қосылып, бірден жоғары деңгейін паш етті. Ол жалпы есепте дара көш бастап, Үміткерлер турниріне еш талассыз жолдама алды. Бұдан бөлек, Дохада өткен рапид және блиц шахматынан әлем чемпионаттарында екі бірдей медаль жеңіп алды. Аталған жетістіктер Чжу Цзиньэрдің бір жылда жинаған жалпы сыйақысының шамамен үштен бірін қамтамасыз етті.
5. Хампи Конеру - 152 449 доллар
Жасы: 38, Үндістан
Хампи Конеру үздік бестікті әйелдер арасындағы Әлем кубогының финалисі ретінде түйіндеп отыр. Ол рапид шахматынан әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, Ставангер турнирінде үшінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар FIDE Гран-при сериясындағы нәтижелі өнері де оның жылдық сыйақысын едәуір арттырды. Осылайша Конеру өткен жылмен салыстырғанда көбірек табыс тапқанымен, рейтингте бірнеше саты төмен сырғыды.
6. Карисса Йип - 131 935 доллар
Жасы: 22, АҚШ
Карисса Йип биыл да АҚШ чемпионатында топ жарып, ел біріншілігін кезекті мәрте жеңіп алды. Сондай-ақ ол әйелдер арасындағы ең беделді жарыстардың бірі саналатын Кэрнс кубогында жеңіске жетті. Бұл турнир Сент-Луистегі шахмат клубының ұйымдастыруымен өтеді және қомақты жүлде қорымен ерекшеленеді. Дәл осы табысты нәтижелер Карисса Йиптің жылдық сыйақысының негізгі бөлігін қалыптастырды.
7. Бибісара Асаубаева - 110 668 доллар
Жасы: 21, Қазақстан
Бибісара Асаубаева биыл да жоғары деңгейін айқын көрсетті. Ол блиц шахматынан әлем чемпионы атағын қайта жеңіп алып, «Үлкен Швейцария» турнирінде қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Бибісара фристайл-турға қатысқан алғашқы әйел шахматшы ретінде тарихта қалды. Бұл жетістік те оның жылдық сыйақы көлемінің артуына тікелей ықпал етті.
8. Вайшали Рамешбабу - 96 031 доллар
Жасы: 24, Үндістан
Вайшали Рамешбабу үшін биылғы маусымдағы басты жетістік - «Үлкен Швейцария» турниріндегі екінші рет қатарынан келген жеңіс. Бұл нәтиже оның жылдық сыйақысының негізгі бөлігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар Ставангерде өткен турнирдегі ойыны, рапид шахматынан әлем чемпионаты мен Әлем кубогындағы кездесулер де Вайшалидің жалпы сыйақы көлемін едәуір арттырды.
9. Александра Горячкина - 92 271 доллар
Жасы: 27, Ресей
Александра Горячкина мансабында алғаш рет рапид шахматынан әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ ол FIDE Гран-при сериясындағы нәтижелері арқылы Үміткерлер турниріне жолдама иеленді. Дегенмен Әлем кубогы Горячкина үшін аса сәтті өткен жоқ. Ал ашық форматтағы «Үлкен Швейцария» турнирінде бірнеше әсерлі партия көрсеткеніне қарамастан, жүлделі орынға іліне алмай, сыйақысыз қалды.
10. Дивья Дешмукх - 87 335 доллар
Жасы: 20, Үндістан
Дивья Дешмукх биыл өзін әлемдік деңгейде айқын таныта білді. Ол әйелдер арасындағы Әлем кубогында топ жарып, бір жылда тапқан жалпы сыйақының жартысынан астамын дәл осы турнирдің есебінен жинады. Ал табысының қалған бөлігі FIDE Гран-при сериясындағы тұрақты әрі сенімді нәтижелерінің арқасында толықты. Қысқасы, Дешмукх үшін бұл маусым - серпіліс жылы болды.