Павлодар қаласының 11-сынып оқушысы Игорь Мартынюк үшін стартап жасау жай қызығушылық емес, күнделікті өмірдегі нақты мәселені шешудің жолы болды. Бүгінде оның TabAI жобасын әлем бойынша шамамен 20 мың адам қолданады. Стартап 35 мың доллар инвестиция тартып, халықаралық бағдарламалардың назарын аударды.
Ең қызығы — бұл жетістік үлкен командадан немесе ірі компаниядан емес, бір оқушының өз тәжірибесінен басталған. Игорь бағдарламалауға бала кезінен қызыққан. Алғашында ойындардың қалай жұмыс істейтінін түсінгісі келген қарапайым әуестік уақыт өте келе нақты бағытқа айналған.
9 жасымда ойындардың қалай жасалатынын білгім келді. Алғашында бәрі түсініксіз болды. Бірақ 14 жасымда осыны шындап қолға алдым. Сол кезде бұл менің болашағым болуы мүмкін екенін түсіндім, – дейді ол.
Алайда негізгі бетбұрыс мүлде басқа жерден басталады. Бір уақытта бірнеше жобамен айналысып, түрлі тапсырма, чаттар арасында жүру оны қатты шаршатады.
Бір сәтте мүлде шаршап кеттім. Не істеп отырғанымды өзім де түсінбей қалдым. Сол кезде мәселе өзімде емес, назарымды дұрыс басқармауда екенін түсіндім, – дейді Игорь.
Осы қиындықтан кейін ол шешімді өзі жасауға бел буады. TabAI идеясы осылай пайда болады. Жаз айында Игорь nFactorial Incubator бағдарламасына қатысып, үш ай бойы тек осы жобамен айналысады. Ал алғашқы нұсқасын небәрі бір айға жетпейтін уақытта жасап шығарады.
Мен мінсіз өнім күтіп отырмаймын. Алдымен іске қосамын, кейін адамдардың пікіріне қарай дамытамын. Нәтиже сол кезде келеді, – дейді ол.
TabAI – адамның интернеттегі әрекетін талдайтын және жұмысқа кедергі келтіретін нәрселерді азайтатын құрал. Қосымша қажетсіз сайттарды жасырады және маңызды тапсырмаларды еске салып отырады. Яғни, ол тек жоспар құрмайды, нақты сәтте адамға қай нәрсеге назар аудару керек екенін «айтып тұрады».
Біздің мақсат – адамды артық ақпараттан қорғау. Қазір бәрі назар үшін күреседі. Біз керісінше, оны сақтауға көмектесеміз, – дейді жас әзірлеуші.
Қысқа уақыт ішінде жоба үлкен нәтиже көрсетті. TabAI-ға сұраныс артты, ал стартапқа инвесторлар қызығушылық таныта бастады. Нәтижесінде Игорь 35 мың доллар инвестиция тарта алды. Сонымен қатар ол әлемдегі ең беделді акселераторлардың бірі – Y Combinator ұйымдастыратын YC Startup School бағдарламасына толық грант жеңіп алды.
Ең маңыздысы – ол бұл бағдарламаға қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы мектеп оқушысы болды. Жас шектеуі болғанына қарамастан, ұйымдастырушылар оның жобасын жоғары бағалап, толық қолдау көрсеткен. Бүгінде Игорь тек өз жобасын дамытумен шектеліп отырған жоқ. Ол жасанды интеллект саласында дамып келе жатқан Cursor компаниясының ресми амбассадоры атанды. Бұл рөлде ол Қазақстан мен Орталық Азияда ІТ қауымдастығын дамытуға, хакатондар мен білім беру жобаларын ұйымдастыруға атсалысуды көздеп отыр. Оның күнделікті өмірі де ерекше. Таңертең – мектеп, түстен кейін – стартап.
Егер нақты жоспар болмаса, ештеңеге үлгермейсің. Мен үшін тәртіп – басты құрал, – дейді ол.
Игорьдің жоспары – TabAI-ды тек браузердегі құрал ретінде қалдырмау. Ол болашақта телефон, компьютер және басқа құрылғылар арасында жұмыс істейтін толыққанды жүйе жасауды көздейді.
Технологиялар біздің назарымызды ұрламауы керек. Керісінше, оны дұрыс пайдалануға көмектесуі тиіс. TabAI – осы идеядан туған жоба, – дейді ол.
Бұдан бөлек, Игорь Мартынюк жасанды интеллект саласында қарқынды дамып келе жатқан Cursor компаниясының ресми амбассадоры атанды. Бұл рөлде ол Қазақстан мен Орталық Азияда әзірлеушілер қауымдастығын дамытуға, хакатондар мен білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға атсалыспақ.