09.10.2025
17:17
485
11 мың жылдық құпия: Адамзат өркениеті басталған жер қайда?

11 мың жылдық құпия: Адамзат өркениеті басталған жер қайда?

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Шанлыурфа қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Гөбеклі-Тепе – адамзат өркениетінің дамуына айрықша ықпал еткен ең көне ғибадатхана кешендерінің бірі. Зерттеулерге сәйкес, бұл нысанның жасы 11 мың жылдан асады. Биіктігі бірнеше метрге жететін тастар мен бедерлерге қашалған бейнелер ежелгі дәуір адамдарының дүниетанымы мен наным-сенімінен хабар береді. Бүгінде Гөбеклі-Тепе – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи нысан. Ол тек археологиялық құндылық емес, адамзат мәдениетінің бастауы ретінде де ерекше мәнге ие. El.kz интернет порталының тілшісі Түркияға барып, Гөбеклі-Тепенің тарихымен және археологиялық ерекшеліктерімен танысып қайтты.

Ең көне архитектуралық нысан

Ғалымдардың пікірінше, Гөбеклі-Тепе – адамзат тарихындағы ең көне монументалды құрылыс. Бұл жерден табылған әктас бағаналар шамамен б.з.д. 9600 жылдары тұрғызылған. Олар неолит дәуірінің ең ерте кезеңіне, яғни адамдар әлі жер өңдеп, мал ұстай қоймаған уақытқа жатады.
Бұған дейінгі танымал ескерткіштер – Стоунхендж, Мальтадағы мегалиттер немесе Португалиядағы Альмендреш шеңбері – бәрі де Гөбеклі-Тепеден бірнеше мың жылға кейін салынған. Зерттеушілердің пайымынша, жер астында әлі де ондаған ұқсас ғимараттар бар, сондықтан қазба жұмыстары әлі жалғасуда.

Табылған сәті және алғашқы зерттеулер

Бұл ерекше орынға алғаш рет 1960-жылдары назар аударылған. Америкалық археолог Питер Бенедикт осы маңнан табылған шақпақтас құралдарды зерттеп, бұл жер көне дәуір қонысы болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

1994 жылы неміс археологы Клаус Шмидт бұл аумақты зерттей келе, нысандардың алып Т-тәрізді бағаналар екенін анықтады. 1995 жылдан бастап Шмидт бастаған неміс археологиялық институтының тобы осында жүйелі қазба жұмыстарын жүргізіп, Гөбеклі-Тепені ғылыми әлемге танытты.

Қандай мақсатта тұрғызылды?

Ғалымдар бұл нысандардың тұрғын үй емес, діни рәсімдерге арналған ғибадатханалар екенін айтады. Зерттеулерге сәйкес, мұнда адамдар жүздеген шақырымнан арнайы келіп, құрылыс жұмыстарына қатысып, кейін түрлі салт-жоралғылар өткізген. Көптеген археологтар бұл орын өлілерге табыну культімен байланысты деп есептейді. Себебі тас бедерлерінде жиі кездесетін жылан бейнелері жер асты әлемімен астасқан. Ал кей стелаларда адам басын ұстап тұрған аңдар мен құстардың суреттері бар. Бұл бейнелер ежелгі халықтың жан мен өлім туралы түсінігін аңғартады.

Антрополог Юлия Грескидің айтуынша, мұнда табылған боялған және тесілген бас сүйектер ежелгі «бас культі» дәстүрінің болғанын дәлелдейді. Яғни адамдар қайтыс болған туыстарының басын қасиетті жәдігер ретінде сақтап, ерекше рәсімдер өткізген.

Қалай салынған?

Ең таңғаларлығы – Гөбеклі-Тепені тұрғызған адамдар әлі егіншілікке көшпеген аңшылар мен терімшілер болған. Олар не металды, не дөңгелекті, не малды білмейтін дәуірде өмір сүрген.
Сонда да алып тас бағаналарды қолмен өңдеп, жергілікті әктастардан қашап, бірнеше тонна салмақтағы мегалиттерді қашықтан сүйреп әкеліп орнатқан.

Ажар Лаубаева 

Клаус Шмидт өз еңбектерінде норвег зерттеушісі Тур Хейердалдың тәжірибесін мысалға келтіреді: Пасха аралында 12 тонналық тас мүсінді қозғалту үшін 180 адам қажет болған. Ал Гөбеклі-Тепедегі бағаналардың кейбірі 15 тоннаға дейін жетеді. Демек, бұл құрылыс тек еңбек күшімен емес, жоспарлау мен ұйымдастыру қабілетінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Кей ғалымдар мұндай ірі жоба адамдардың ұжымдық өмір салтына өтіп, егіншілік пен отырықшылыққа көшуіне түрткі болды деп санайды. Айталық, Гөбеклі-Тепеден 30 шақырым жерде ғалымдар жабайы бидайдың ең көне түрін қолға үйрету іздерін тапқан.

Тастардағы құпия белгілер

Ажар Лаубаева 

Стелалардағы бейнелердің көбі аң-құс, жылан, түлкі, қабан және құстар түрінде салынған. Зерттеушілер мұны тотемдік жүйемен немесе қорғаныш символдарымен байланыстырады.
Мысалы, жыртқыш аңдар зұлымдықтан қорғау рөлін атқарса, тұяқты жануарлар  –  аңшылық сәтті болсын деген ырым болуы мүмкін.Кейбір секциялар әртүрлі жануарларға арналуы да мүмкін: бірінде тек жыландар, екіншісінде түлкілер, үшіншісінде қабандар, ал ең ірісінде – құстар бейнеленген. Бұл ежелгі тайпалардың рулық немесе мифологиялық айырмашылығын көрсетеді.

Сонымен қатар, кей бағаналарда абстрактілі белгілер мен геометриялық өрнектер кездеседі. Олардың мағынасы әлі толық шешілген жоқ, бірақ ұқсас таңбалар басқа неолиттік ескерткіштерден де табылған.

Т-тәрізді алып бағаналар кімдерді бейнелейді?

Көне ғибадатхананың басты ерекшелігі – Т әрпіне ұқсас бағаналар. Олардың кейбірінде белдік, қол, тіпті аң терісінен жасалған киімнің ізі анық көрінеді. Ғалымдар мұны адам бейнесін шартты түрде беру деп түсіндіреді.
Бұл тас мүсіндер құдайларды, рухтарды немесе ата-бабаларды бейнелеуі мүмкін. Бірақ жазу-сызуы болмаған дәуір болғандықтан, нақты мағынасы беймәлім.

Неліктен Гөбеклі-Тепе жер астына көміліп қалды?

Б.з.д. VIII мыңжылдықта бұл ғибадатханалар арнайы топырақпен көміліп, тастан толтырылды. Клаус Шмидттің пайымдауынша, сол уақытта адамдар егіншілік пен мал шаруашылығына көшіп, жаңа өмір салтын бастады.
Осылайша, Гөбеклі-Тепе ежелгі аңшылар дәуірімен қоштасудың символына айналған. Олар өз «құдайларын» құрметпен жер қойнына тапсырып, жаңа өркениеттің бетін ашқандай болды.

Адамзаттың бастауы – Анадолы жерінде

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Бүгінде Гөбеклі-Тепе – тек археологиялық ескерткіш емес, адамзат мәдениетінің жаңа дәуірінің бастауы ретінде қарастырылады. Ол біздің ата-бабаларымыздың ойлау, сену және бірігу қабілетінің қаншалық терең болғанын дәлелдейді. Бұл жер тарихшылар үшін де, туристер үшін де құпиясы толық ашылмаған қызық нысан болып қала бермек.