Бүгiн, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайКейінгі кезде әлеуметтік желіде Қыз Жібектің киім үлгісінде ұзатылатын қыздардың қатары көбейген. Осы жолы алматылық қалыңдық Ұлтуар – Қыз Жібектің көйлегін кисе, күйеу жігіт Есенкелді Төлеген образын таңдаған. Фотосессия кезінде де кинодағы кадрларды айнытпай қайталауға тырысқан. Көпшілікті тәнтті еткен киімдері этнограф Бұлбұл Кәпқызы тіккен.
Ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген Бұлбұл Кәпқызы жақында келінін ұзатып әкелді. Жай ұзатып әкелген жоқ, қыз ұзатудағы қалыңдық пен күйеу жігіттің киім үлгісін қолдан тігіп берген. Көзжауын алатын бүрмелі көйлекке таңданбаған жан кемде кем. Этнографтың айтуынша, мұндай образдың дүниеге келуі кездейсоқ емес.
Бұл идеяны маған келінім ұсынды. «Қыз Жібек пен Төлегеннің образында ұзату өткізсек қалай болады?» дегенде бірден қолдадым. Қазақ қызы өміріндегі ең бақытты күнінде өзінің ұлттық болмысын дәл осылай танытып тұрса, одан асқан қуаныш жоқ деп ойладым, – дейді ол.
Көйлекке 11 метр жібек мата кеткен
Қыз Жібектің көйлегін тігуге бірнеше ай уақыт кеткен. Себебі оның әрбір бөлшегін тарихи үлгіге барынша ұқсатып тіккен.
Көйлекке таза италиан жібегі таңдалып, жалпы 11 метр мата кетті. Құнды матадан тігілген көйлектің ең күрделі тұсы – бүрмелері. Халық арасында жазылмаған қағида бойынша жеңіндегі бүрме саны етегіндегі бүрмемен сәйкес келуі тиіс. Яғни көйлектің үйлесімі дәл осы өлшем арқылы сақталған. Сондықтан бүрмелерді жасау көп уақыт пен үлкен шеберлікті талап етті.
Образдағы әрбір бұйым ұлттық дүниетанымға сүйене отырып дайындалған. Қыз Жібектің бөркі, сәукелесі, камзолы түгелдей кестеленіп, жылтыр тастармен және түрлі әшекеймен көмкерілген. Бешпенттің жиегі құндызбен көмкеріліп, ұлттық нақыштағы әшекей қолданылған.
Негізгі мақсатымыз – фильмдегі Қыз Жібектің бейнесін мүмкіндігінше қайта жаңғырту болды, – дейді этнограф.
Образды толықтырған зергерлік бұйымдар да арнайы дайындалған. Қыз Жібектің алқасы, бойтұмары мен ай сырғасын этнографтың жиен інісі, зергер Ерғұлан Байырханұлы жасаған.
Төлегеннің бас киіміндегі қарқара қауырсыны нендей мағына береді?
Көпшілік назарын аудартқан тағы бір ерекшелік – Төлегеннің бас киімі. Бұлбұл Кәпқызы оның қарапайым тақия емес екенін айтады. Мұндай бас киімді ертеректе сал-серілер мен батырлар киген. Оның төбесіне қарқара құсының қауырсыны тағылған.
Қазақ дүниетанымында қарқара – асқақтықтың, айбынның, еркіндіктің символы. Халық арасында «Шидім, шидім, шидім құс – ши басына қонған құс. Қарқарадай қара құс – хан басына қонған құс» дейді. Сондықтан мұндай қауырсынды тағудың астарында ұлдың еңсесі биік, рухы мықты, қайратты азамат болсын деген ізгі тілек.
Ал келіннің бөркі мен сәукелесіне тағылған үкі де жай ғана сәндік бұйым емес. Халық түсінігінде үкі тіл-көзден сақтайтын бойтұмар саналған.
Ұлттық киімдегі әр бөлшек – халық дүниетанымының көрінісі
Этнографтың айтуынша, қазақтың дәстүрлі киімі тек әдемілік үшін жасалмаған. Оның әрбір өрнегі, кестесі, әшекейі мен пішінінің астарында белгілі бір мағына жатыр. Сондықтан Қыз Жібектің киім үлгісін тіккенде тарихи нақтылықпен қатар ұлттық танымның сақталуына ерекше көңіл бөлінген.
Бұлбұл Кәпқызы бұл образдың толық нұсқасын әлеуметтік желіге жарияламағанын айтады. Соған қарамастан дәл осындай үлгідегі ұзату көйлегіне қызығушылық танытып, тапсырыс беріп жатқандар көбейген. Оның айтуынша, қазақ қызы ұзатылар күні ұлттық нақыштағы, жабық әрі әдемі көйлек киім киюді сәнге айналдырса, бұл халқымыздың мәдениетін дәріптеудің тағы бір жолы болар еді.
Ұлттық бет-бейнеміз ұлттық киім арқылы көрініп тұрса, одан асқан қуаныш жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Осындай образбен ұзатылатын қазақ қыздарының көбейгенін қалаймын, – дейді этнограф.
Бүгiн, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайКеше, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?Кеше, 17:12
Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін30 Маусым, 14:11
«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат