105 жыл жасырылған қолжазба

31 Қазан 2022, 12:26 4140

Бекасыл әулие кітаптарын екі түйеге теңдеп, таудың қуы­­сына апарып тыққан екен

Кейде тағдыр соқтықпалы, соқпақсыз өмір берсе де қанына біткен қайсарлықпен  қиындыққа мойымайтын жардар болады. Тумысынан қайратты, көлгірсіп сөйлеуге көнбейтін саясаттану ғылымдарының докторы, отставкадағы генерал-майор Ержан Исақұловтың да  өз ортасында  беделін  белгілеп, тұлғалық қалпын  қалап берген  қасиеті бар.

Ержан Бекбауұлының арғы бабасы атақты жұлдызшы Бекасыл әулие.  Ол әлем жаратылысын, тылсым табиғатты,  тарихи шежірелерді терең білген, ілім-білімді игерген, жұлдыздар сырын таныған,  сәуегей әрі көріпкел,  әрі шипагер болған. Осының бәрін ғұлама тек ғылымға, ілім-білімге сүйеніп жасаған. Бабасы жайында Ержан Исақұлов былай дейді.

«Ол кісі 93 жыл ғұмыр кешіп, 1915 жылы өмірден озған. Тарихи деректерге сүйенсек Бекасыл бабамыз елдегі медреседе бастапқы діни білім алып, кейін Ташкент, Самарханд, Бұхарада дәріс тыңдаған. Сирияның Дамаска қаласында білімін тереңдеткен. Көзкөргендердің айтуынша, ол кісінің үлкен кітапханасы болған деседі. Өзі де кітап жазған. Соның бірі бізге жетті», - дейді Ержан Исақұлов

Ержан – Төле бидің ұрпағы, Сахара ғұла­ма­сы атанған Бекасылдай текті әулиенің шөбересі. Ол осы бір тектілігін кешегі кеңес дәуірінде ашық айта алмады. Алайда, көкнекөз қариялардан естігенін жадында сақтап, бабасы жайлы деректерді кұпия дәптеріне түртіп қоятын. Бабасы Бекасылдан қалған қолжазба бар дегенді естіп, бос уақытын соны іздеуге жұмсады. «Іздеген жетер мұратқа» демей ме дана халық. Бекасыл әулие өмір бойы жазған «Жұлдызнама» деп аталатын ұлан-ғайыр еңбегін «Заманында мұның иесі келіп сұрайды, иесіне беріңдер, соған дейін сақтаңдар»,-деп шәкірті Қазанғап Байболұлына аманат етіп тапсырған екен. Кейін ол қолжазбаны Қазанқаптың ұрпағы Ержан Бекбауұлына табыстапты.  

«Бекасыл бабамыз қайтар алдында бала-шағасын, туыс-туғандарын жинап, патша заманы құлайды, билік басына дінсіздер келеді. Менің сендерге зианым тимес үшін, жиған-тергенімді, жазған кітаптарымды адам таппас жерге тығып тастаймын. Тек бір кітабымды шәкіртім Қазанғапқа беремін, кейін заман түзелгенде ол менің ұрпағыма тапсырады,-деген екен. Сол кітапты Қазанғаптың ұрпақтары 105 жыл сақтап,  маған аман-есен жеткізді», - дейді Ержан Бекбауұлы.

Бекасыл баба ақ патша құлап, дін пен ділге қас қоғамның келе жатқанын сезіп, алты қанат ақ үй толған кітаптарын екі түйеге теңдеп, таудың қуы­­сына апарып тыққан екен. Сол асыл қазынаның қайда екені әлі күнге бел­гісіз. Ержан Бекбауұлы осы кітапхананы тынбай іздеп, сұрау салып жүргеніне көп болды. Дерегі де жоқ емес. Түбінде оның да тылсымы ашылып, табылады деген үмітте.                                                                                                                               

«Ал, Қазанғап ұрпақтары сақтап жеткізген бабасы Бекасылдың қолжазбасы   «Жұлдызнама» деген атпен жарық көрді. Бұл шипагерлік ілімдерге негізделген, риуаяттар мен аңыз-әңгімелерге, тіршілікке, өмірге, кәсіпкерлік өнерге қатысты толып жатқан әңгімелерге құрылған тағылымдық, танымдық үш кітаптан  тұратын энциклопедиялық мұра. Ғибратты ғажайып хикаялар кітабы адам өміріне пайдалы ақыл-кеңеске де толы. Мырзатай Жолдасбеков пен Өмірбек Байгелді ағаларымды бір кездестіргенде Бекасыл бабамның бізге аманаттап кеткен кітабы барын айттым. Араб ғарпімен жазылған бұл қолжазбаны арабша білетін адамдардың да оқи алмай жатқанын да жеткіздім. Ол кісілер қызығушылық танытып Дәуіт Сәрсен және Мақсұл Шапиғи деген азаматтарға қаратты. Ол кісілер араб тілінің мамандары екен. Олардың айтуынша қолжаза араб ғарпымен шағатай тілінде жазылыпты. Сол қолжазбаны олар бір жылдай аударды», - дейді  Ержан Бекбауұлы.

 Ержан-жаратылысы жақсы кісі. Оның бойында ұлы бабасы Төле биден келе жатқан көрегендік, даналық бар. Өз атасы Бекасылдан жалғасқан тектілік пен  қайырымдылық қасиеттен де кенде емес. Қашанда бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүргенін көресің.

Жанат Жанұзақов
Бөлісу: