«100 жаңа оқулық». Қандай психологиялық кітаптар аударылды?

28 Тамыз 2018, 15:08 16170

Бірнеше кітаптар көпшілікке ұсынылды

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарға көбірек көңіл бөліп, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.

Бұл жобаның мәні:

- Тарих, философия, мәдениеттану, дінтану, медиа, экономика, кәсіпкерлік, инновация ғылымдары және т.б бойынша студенттерге толыққанды білім беруге жағдай жасау;

- Келешекте гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулық қазақ тіліне аударылып, жас білімпаздардың дүние жүзіндегі таңдаулы кітаптарды өз ана тілінде оқуына мүмкіндік беру. Осы оқу жылынан бастап қазақ тіліне аударылған бірнеше кітаптар студенттердің қолына тиеді.

- Осы тапсырмалар негізінде мемлекеттік емес «Ұлттық бюро» құрылып, 2017 жылы-ақ жұмысқа қызу кірісіп кеткен еді. Соның нәтижесінде қазірде 11 бағыт бойынша 18 кітап аударылды. Біз сол бағыттардың ішіндегі психологияға тоқталып кетпекпіз.

«Қазіргі психология тарихы»

«Қазіргі психология тарихының» авторлары Дуэйн мен Сидней Шульц қазіргі психологияның қалыптасу кезеңінен күні бүгінге дейінгі дамуына тоқталып, роботтар, тіпті жасанды интеллект сияқты әлі де зерттеліп жатқан құбылыстарға психология тұрғысынан талдау жасайды.

«Қазіргі психология тарихы» кітабының 11-басылымы – осы пән бойынша ана тілімізге аударылған бірлі-екілі жұмыстың бірі болып саналады. Психология пән ретінде қалыптасуынан бері, мұндағы сан түрлі ағымдар мен көзқарастарды ғалымдардың өз өмірі мен айтылған сыни пікірлері арқылы баяндалатын кітап осы ғасырдағы жаңа құбылыстарды да қамтып отыр. Осы саладағы айтулы тұлғалардың «Өзі оқыған дәрістен» айдарымен берілген түпнұсқалық дәрістердің оқырманға берері көп. Ізденушілер бұл оқулықтан бұрын-соңды басылым көрмеген Фрейдтің хаттары, ХVІІ ғасырдағы механикалық мүсіндер мен қазіргі роботтар арасындағы байланыс, ІІ дүниежүзілік соғыс жалынының Америкалық психологияның дамуына әсері, Алессандро Вольтоның «ғажап» зерттеуі секілді көптеген қызық дүниелермен танысатын болады.

«Әлeyметтiк псиxoлoгия»

Психология саласында әлемнің үздік оқу орындары мойындаған «Әлеуметтік психология» кітабының авторлары Дэвид Майерс пен Жан Туендж.

Қос автордың «Әлeyмeттiк псиxoлoгия» кітабының 12-басылымы осы пәннің басты бағыттарын қамтитын дүние. Мұнда қарапайым тірлікте кезігетін әлеуметтік құбылыстарды психологиялық түрде талдап кетеді. Мәселен, жеке тұлға, белгілі топтың ішіндегі қарым-қатынас, тұлғаның сан алуан әлеуметтік жағдаяттардағы атқаратын рөлі, негізгі қызметі, даму бағыты секілді құбылыстарды психологиялық заңдылықтармен сабақтастырып, қазіргі зерттеулермен, тәжірибелік түрлі мысалдармен көрсетіп кетеді. Кітап әлеуметтік психология бойынша білім қуған студенттер мен дәріс беретін оқытушыларға, осы пәнді арнайы бөліп оқытатын университеттер мен жалпы ғылымға қызығатын көпшілікке арналған.

«Kөпкe ұмтылған жaлғыз. Әлеуметтік псиxолoгияға кіріспе»

Бұл оқулық Гapвapд yнивepситетiнiң профеccopы Эллиoт Apонсонның туындысы. Кітап психологияға адамның табиғаты, әрі болмысымен жол салып, жөн сілтейді. Oқyлық «Kөпкe ұмтылған жaлғыз. Әлeyметтiк псиxолoгияға кipicпе» деген қазақша атау алды.

Мұнда автор әлеуметтік психолгияның жаңа, бұрын-соңды толық ашылмаған қырларын талдап, таразылайды. Десе де, мамандардың психологиядағы соны ілімі деп санайтынына қарамай, алғаш Аристотель өз заманында бұл жайында айтып кеткен екен. Эллиот Аронсон екі ғасыр бұрын Триплет жазып, содан соң өткен ғасырдың 30-жылдарында Левин дамытқан әлеуметтік психолгияның кеңістігін одан әрі кеңейте түседі. Кітапта автор адамның сыртқы факторларға мойынсұнуы, әртүрлі жағдаяттарға берілуі, өзін-өзі ақтауы, түрлі сенімге еруі, жақсы көруі, ашулануы, дегбірі қашуы, үгіт-насихаттың соңында кетуі секілді көптеген факторларға мысал арқылы тоқталып кетеді. Нақты дәйектермен Аронсон әлеуметтік психологияның ғылыми caла етіп қалыптасуына өзіндік үлесін қоса кеткен. Жоғары оқу орындарының студенттерімен қоса, көпшілік қауым да оқуға болатын кітап жеке тұлғаның психологиясындағы әртүрлі қырларын зерделеуге мүмкіндік береді.

Осы сала бойынша қазіргі кезде аудармашылар «Интернет психологиясы» атты кітап бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

«Әлеуметтік психология бойынша бізде сапалы оқулықтың жоқтың қасы. Оларды саусақпен санап алуға болады. Ал ішінен көптеген маңызды ақпараттарды таппайсыз. Солармен салыстырғанда Майерстің және басқа аударылған авторлардың кітабы – нағыз қазына», – дейді Қадиша Шалғынбаева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, педагогика кафедрасының меңгерушісі.

Сол секілді кез келген адам 100kitap.kz сайтына кіріп, жобаға ат салысуына мүмкіндік бар!

(Кітаптар жайлы мәліметтер 100kitap.kz сайтынан алынды)

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: