«100 жаңа оқулық» жобасы және ҚХА бірыңғай күні

19 Сәуір 2018, 02:24 1736

 

19 сәуірде Достық үйінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қарағанды облысының білім басқармасы және ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық Ұлттық Федерациясының өкілдігімен бірлесе отырып, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылауға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай күні өтті. 

Іс-шараның мақсаты – тарих пен әдебиетті және өнерді ұштасыра отырып жастар бойындағы патриоттық сезімді ояту.

Алқалы басқосуға этномәдени  бірлестіктердің  төрағалары, Қарағанды қаласы облысы білім басқармасының жетекші мамандары, Қарағанды қаласының қосымша білім беру ұйымдарының жетекшілері, РЦДО №2 өнер мектебі – ЮНЕСКО  клубының жүйесіндегі мектеп жасына дейінгі және жалпы білім беретін мектептердің директорлары, ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық Ұлттық Федерациясы өкілдігінің клуб жетекшілері қатысты.

Отырысты ашқан Қарағанды облысы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын:

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін» атап көрсетті. Бүгінгі таңда халқымызды өркениеттің өріне бастайтын өзіндік бағытты айқындап берген бағдарламалық мақалада көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылуда. Солардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін бермек», - деп атап өтті. 

Келелі кездесуде жоғары оқу орындары ұсыныстарымен іріктелген 800  оқулықтардың негізінде жасалған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  талқыланды.

Шараның қорытындысы ретінде бірталай ұсыныстар айтылды, олардың ішінде қазақ тіліне аударылған 100 жаңа гуманитарлық оқулықтарды, оқу бағдарламасына енгізу, Қоғамдық келісімді нығайту және білім беру саласындағы жаңа ғылыми басылымдарының Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының жұмысында қолданылатын ғылыми терминдерді жүйелеу, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясымен Қарағанды облысының білім басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумды дайындап, қол қою сияқты өз ойларын ортаға салды.

 

Бөлісу: