100 жаңа оқулық – гуманитарлық білім энциклопедиясы

16 Шілде 2018, 06:07 2185

Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елімізге қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білімді жастардың керек екенін, сонымен қатар, оларға әлемнің үздік үлгілеріне сай білім беруге мүмкіндік беру керектігін жазды. Сондай-ақ, Президент әлеуметтік-гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аударту мәселесін көтерді.

Аталған жоба бойынша бүгінгі таңда он мың данамен 18 оқулық жарық көрді. Оның ішінде экономика, философия, лингвистика, журналистика, психология, әлеуметтану, антропология, дінтану, кәсіпкерлік, менеджмент, мәдениеттану секілді салалар бойынша әлемнің үздік оқу орындарында оқытылатын оқулықтар бар. Айта кету керек, кітаптардың біреуі — француз, біреуі — орыс, қалған он алтысы ағылшын тілінен аударылды.

Еске сала кетерлігі, жоба басталысымен аударылатын кітаптар тізімі 800-ден астам ұсыныстар арасынан таңдалып алынды. Яғни, арнайы комиссия құрылып, сұранысқа ие кітаптарға басымдық берілді. Сонымен қатар, аталған жобаның басты пайдасы — шетелдерде қымбат тұратын кітаптарды қазақстандық жастар тегін оқуға мүмкіндік алды. Ал, Елбасы осы жоба арқылы қазақстандық ғалымдардың да серпін алып, қуаттана түсетініне сенім білдірді. «Өзімізге де осындай оқулықтарды, еңбектерді шығаруға болады деп сенемін!», дегенді баса айтты Президент. Сондай-ақ, ол  «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының барысымен таныса отырып, қазақ тіліне аударылған дайын кітаптарды биылдан бастап университеттердегі оқу бағдарламаларына енгізу туралы тапсырма берді. Ендігі кезекте биылғы жылдың соңына дейін әлемдік деңгейдегі үздік оқулықтардың тағы 30-ы аударылады деп күтілуде.

Сарапшылардың басым бөлігі бұл жоба ғылыми қазақ тілін қалыптастыруға көп әсер ететініне сенім білдіріп отыр. Себебі, осы 18 кітапты аудару барысында 3000-нан астам ғылыми терминдер пайда болған.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі Сайраш Әбішқызының айтуынша, «100 жаңа оқулық» жобасы жастардың білімі мен тәлім-тәрбиесіне ерекше ықпал ететінімен маңызды әрі теңдесі жоқ жоба болмақ. «Жастарға, еліміздің болашағына осылайша заманауи білімді меңгеруге мүмкіндік беру Қазақстанды 30 дамыған мемлекет қатарына қосуға да оң ықпал ететін болады», дейді ол.

«100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылғаны да баршамызға белгілі. Бұл да жобаның мән-маңызын ғана емес, жүйелі түрде, аса жауапкершілікпен жүзеге асырылуына мән беруден туындаған шешім болса керек. Тағы бір ерекше атап өтерлігі — қазіргі таңда дайын тұрған 18 кітап әлем бойынша 34 тілде, 42 мемлекетте 47 миллион данамен жарық көрген.

Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаевтың айтуынша, аталған жоба еліміздегі гуманитарлық ғылымның деңгейін арттырып, білім беру сапасын көтеруге бағытталған. «100 жаңа оқулық» жобасы мемлекетіміздегі ғылыми аударма жұмысына да оң ықпал ететініне сеніміміз мол. Бір айта кетерлігі, осы жоба аясында әлемнің 15-ке жуық баспа үйімен байланыс орналытыпты. Бұл да аса жауапты әрі маңызды қадамдардың бірі екені анық», дейді Е. Салтыбаев.

Ал, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовтың айтуынша, аударылған кітаптарды оқып отырғандар оның аударма екенін байқамай қалатындай деңгейде болуы керек. «Менің ойымша, кітаптың аудармасы түпнұсқадан кем болмауы керек. Сонымен қатар, мағынасының дәл берілуіне, түсініксіз ұғымдардың болмауына, мәтіндердің әуезді болуына назар аударған жөн. Осы тұста бүгінгі күнге дейін аударылған кітаптар жобаның басы болғандықтан, бұл талаптар ендігіде ескеріледі деп ойлаймын. «Біткен іске сыншы көп» демекші, жобаның алғашқы кезеңіндегі он сегіз кітап менің көңілімнен шықты. Өте ауқымды, күрделі жұмыс атқарылды. Бұл іс жалғасын тауып, ары қарай өз деңгейінде орындала береді деп ойлаймын», деді Әділ Ахметов.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу: