1 қыркүйекте республиканың барлық мектебінде Білім күніне арналған салтанатты жиын, сондай-ақ «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында сынып сағаты өтеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Салтанатты сапты өткізудің форматын, қатысушылардың құрамын білім беру ұйымдары дербес белгілейді. Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін 36 аптаға созылады. Жаздың алғашқы күндерінен бастап оқушылар демалады, яғни жазда балалар демалады», - деді вице-министр Шолпан Каринова.
Оқу жылының ұзақтығының ұлғаюына байланысты жаңа оқу жылында бес күндік форматта 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді, бұл үш ауысымды мектептерді қоспағанда, 3,4 млн бала мен 300 мыңнан астам мұғалім. Сенбі демалыс күні болады, соның арқасында оқушылар, мұғалімдер, мектеп директорлары мен оның орынбасарлары оқу жылында қосымша 36 күн демалады.
Жаңа оқу жылында мектептердің оқу бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Зерттеу және халықаралық тәжірибені зерделеу қорытындысына сәйкес 1-сынып оқушысының үш тілді бірден меңгеруі қиын екені анықталды. Бала ең алдымен өз ана тілінде оқып, жазуды үйренуі керек.
Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік тілде оқытатын 1-сыныптарда балалар тек қазақ тілін, орыс тілінде оқытатын сыныптарда мемлекеттік және орыс тілдерін үйрететіні туралы шешім қабылдады.
«Қазақ тілінде оқытатын мектептерде 2-сыныптан бастап орыс тілін оқыту басталады. Ағылшын тілі барлық мектепте үшінші сыныптан бастап оқытылады. Сондай-ақ 1-сыныпта балаларға ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері енгізілді», - деді Шолпан Каринова.
Биылғы оқу жылында 5-11 сыныптарда «Жаһандық құзыреттер» факультативтік курсын оқыту жалғасады. Курста «Адалдық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық», «Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» модульдері бар.
Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Яғни оқушылар мектепке бұрын сатып алған немесе биылғы оқу жылында дайындаған формамен бара алады. Мектеп формасы жоқтар таза, ұқыпты классикалық киім үлгісімен мектепке бара алады.
Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі материалдық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізді, бұған дейін өңірлерде бөлінген сома 17-ден 40 мың теңгеге дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылды және ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы керек, яғни 37 389 теңге. Көмек көрсету механизміне де өзгерістер енгізілді. Енді қаражат ата-аналардың балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киімін, кеңсе тауарларын және т.б. өз еркімен сатып алуы үшін банктегі шотына аударылады.