Наурыз айынан бастап Қазақстанда бірнеше маңызды өзгеріс күшіне енеді. Тұрғын үй жинақтау жүйесі кеңейіп, кәсіпкерлердің бір бөлігі автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне көшіріледі, ал әкімдіктер жаңа құқықтарға ие болады. El.kz қазақстандықтардың өміріндегі басты жаңалықтар мен алдағы өзгерістерге тоқталып өтті.
Кәсіпкерлер жалпыға бірдей салық режиміне көшіріледі
2026 жылғы 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларацияда қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер салық органына хабарлама жіберуі тиіс болатын.
Бұл әрекетті жасамағандар автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне көшіріледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жалпыға бірдей режим 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кері күшпен қолданылады. Көшіру қосымша келісімсіз жүзеге асады.
Әкімдіктер полициясыз айыппұл сала бастайды
2026 жылдың наурызынан бастап Қазақстан қалаларының әкімдіктері азаматтарға қоқыс тастағаны үшін айыппұл салу құқығына ие болады. Заңға сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент және барлық облыс әкімдіктеріне ортақ пайдалану орындарын ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2 және 505-баптары) әкімшілік хаттамалар толтыру құқығы берілді.
Бұған дейін мұндай бұзушылықтар үшін тек ішкі істер органдары айыппұл сала алатын. Әкімдіктердің жаңа өкілеттіктері заң бұзушылықтарға тезірек және тиімдірек әрекет етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй жинақтарын аша алады
Наурыздан бастап Қазақстанда тұрғын үй жинақтау жүйесі кеңейеді: «Отбасы банктен» бөлек, оған екінші деңгейлі банктер де қатыса алады. Оларға арнайы шоттар ашуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға қарыз беруге рұқсат етілді.
Ұлттық банктің ақпараты бойынша, бұл ретте мемлекеттік сыйлықақы тек мамандандырылған тұрғын үй құрылыс жинақ банктеріндегі салымдар үшін ғана сақталады. Коммерциялық банктерде ашылған депозиттерге ол қолданылмайды.
Өзгерістер 19 наурызда күшіне енеді. Сонымен қатар, 1 наурызда «Отбасы банк» салымшыларына мемлекеттік сыйлықақылар есептеледі.
Кезекте тұрғандарға баспана бөлу тәртібі өзгереді
2 наурыздан бастап «Отбасы банк» кезекте тұрғандарға баспананы тек міндетті түгендеуден (инвентаризация) өткеннен кейін ғана бөледі. Бұл процедура қателерді болдырмауға, кезекте тұрған адамның өзекті мәртебесін, отбасы құрамын, санатын, баспанасының бар-жоғын анықтауға көмектеседі.
Түгендеуден өтпеген жағдайда кезектен шығармайды, бірақ баспана бөлуге қатысуға, жалдамалы үй алуға немесе 2% және 5%-дық жеңілдетілген несие алуға болмайды. Банк мәліметінше, Қазақстанда 257 мың кезекте тұрған адам тексеруден өтіп қойған.
Тұрғын үй төлемдерін алушылар тізімі кеңейеді
3 наурыздан бастап Қазақстанда тұрғын үй төлемдері тиесілі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдар тізімі кеңейеді.
Жаңартылған тізімге Активтерді қайтару жөніндегі қызмет, сондай-ақ аға инспектор-психологтар (келіссөз жүргізушілер) енгізілді. Бұрын бұл лауазым иелерінің төлем алуға құқығы болмаған.
БЖТ-ны (зейнетақы жинағын) пайдалануға өтінім қабылдау қайта басталады
2 наурыздан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЖТ) пайдалануға өтінімдер қабылдауды қайта бастайды. Енді зейнетақы артығы есебінен тек қарыздың негізгі борышын ғана өтеуге болады. Пайыздар мен басқа да ілеспе төлемдерді қарыз алушылар өз қаражаты есебінен төлейді.
Медицина қызметкерлеріне шабуыл азая ма?
1 наурыздан бастап Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдататын өзгерістер күшіне енеді.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін: 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы 2,1 – 4,3 млн теңге) немесе 2-ден 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу/айыру.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін: 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлатушы жағдайларда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
15 наурыз – Жаңа Конституция бойынша референдум
15 наурызда, жексенбі, қазақстандықтар республикалық референдумда елдің Ата Заңның өзгеру-өзгермеуін шешеді.
Референдумға жалғыз сұрақ шығарылады: «Сіз 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?». Жауап нұсқалары: «Иә, қабылдаймын» және «Жоқ, қабылдамаймын».
Референдум қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады, ал нәтижелері туралы ресми хабарлама дауыс беру күнінен бастап жеті күннен кешіктірілмей, яғни 21 наурызға дейін БАҚ-та жарияланады.
Қазақстандықтар 13 күн демалады
Наурыз айы жұмыс күндерінің саны бойынша ең қысқа айлардың бірі болады. Бес күндік жұмыс аптасында 31 күннің 13-і демалыс, тек 18-і жұмыс күні болады.
Ал оқушылар 11 күн демалады. Мәселен 2026 жылғы көктемгі каникул 11 күнтізбелік күнге созылады – 19 наурыздан 29 наурызға дейін.
Ауа райы
«Қазгидромет» болжамы бойынша, наурызда орташа температура ақпанмен салыстырғанда 6-12 градусқа көтеріледі. Ел бойынша сынап бағанасы солтүстікте -9...-14 градустан, оңтүстікте +6...+8 градусқа дейін жылылықты көрсетеді.