1 маусымнан бастап электр энергиясы тарифтері өзгереді

4 Мамыр 2023, 16:07 1819

2023 жылғы 1 маусымнан бастап энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтері өзгереді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифтерді түзетуге өтінім берген. 20 энергия өндіруші ұйым үшін тариф бұрынғы деңгейде сақталатын болады.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, өтінімдерді қарау кезінде әрбір жеке жағдайда жеке тәсіл қолданылған.

Жалпы алғанда, шекті тариф жобасы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты, материалдар мен жабдықтар құнының өсуін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдарға тәуелсіз, оның ішінде отын мен оны тасымалдау құнының артуына байланысты шығындарды ұлғайтуды көздейді, - делінген мәліметте.

Министрлік қазіргі уақытта Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарының генерациялаушы қуаттарының тозуы шамамен 58%-ды құрайтынын айтады. Бұл ретте бірқатар ЖЭО-да тозу деңгейі 90%-ға дейін жақындайды. Олар – Степногор ЖЭО – 82%, Риддер ЖЭО – 75%, Орал ЖЭО – 86%. Жыл сайынғы тозудың өсуі – жөндеу жұмыстары ЖЭО сенімділігі мен апатсыздығын қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде емес, тек тарифте көзделген көлемде ғана жүргізілетініне байланысты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: