«Қыз баланы отбасында және қоғамда дұрыс тәрбиелеудің жолдары» дөңгелек үстелі

11 Маусым 2018, 03:22 3212

Ағымдағы жылдың 8 мамырында Көкшетау қаласы, №1 техникалық- құрылыс колледжінің ішінде жаңа ашылған «Рухани жаңғыру» кабинетінде Ақмола ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қыз баланы отбасында және қоғамда дұрыс тәрбиелеудің жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің кіріспе сөзін техникалық-колледждің директоры Алпысбай Омаров бастап, қыз бала тәрбиесінің қоғамдағы рөлі жайында кеңірек тоқталып өтті. Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова халық даналығының тәрбие құралдарын алға тартып, қызға қырық үйден тыю тиымының тереңде жатқан мағынасы мен мәнін түсіндірді. Сонымен қатар халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тиымдарын бойына сіңіріп, ұстану болашақта бақытты ана, бақытты жар болудың кепілі екендігін жеткізді. Бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры, болашағы тұрғандығын, жауапкершілікті сезінудің маңыздылығын тарқатып, мысалдар келтіре отыра аналық кеңесін берді. Студент қыздар әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың өмірінен алынған тәлімді әңгімелерді құлшына тыңдады.

«Атамекен» ҰКП-ның Адами капитал бөлімінің меңгерушісі Айжан Тажмиева жақсы, дені сау ұрпақты тәрбиелеу ананың құрсағынан басталатынын айтып, қыздардың өз денсаулықтарына қазірден бастап ұқыпты болуына ақыл-кеңесін берді. Ал «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы қоғамдық фондының басшысы Берік Ракушев қазіргі технология дамыған кезде әлеуметтік желідегі таныстықта сақ болып, әр жүріс-тұрыста ақылдылық пен инабаттылықтың көрінісі табылу керектігін айтты. Әлеуметтік желіде танысу жайлы  қыздар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, пікірлерін білдірді. Әрі қарай аталмыш тақырыпты өрбіткен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы қоғамдық фондының гинеколог дәрігері Айжан Хасенова жұмыс барысындағы бірнеше жылдық тәжірбиесімен бөлісіп, ерте жүктілікті және жағымсыз жағдайларды болдырмауға тырысу керектігін ескертті.

Қорытындылай келе Алпысбай Омаров қыздар клубын ашуды ұсынды. Бұл  ұсынысты З. Қиықова және де шараға бірге атсалысып келген қатысушылар мен колледждің студент қыздары бірауыздан қуана қолдады. Өткізілген шара соңында А. Омаров дөңгелек үстелді ұйымдастырған ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызына және қолдап келген барша қатысушыларға алғысын білдірді.

Бөлісу: