«Үй жасауы – кілем»

19 Шілде 2021, 12:34 16202

Қазақ халқы көлөнерінің ең жарқын түрі – кілем тоқу

 

 

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениет әлемі – бұл бөлшектеуге келмейтін уақыт пен кеңістік, оны құрайтын барлық элементтер тұтастық пен бірліктің тамшысындай оның әр бөлшегінен көрінеді. Әйелдердің епті қолдары көркем оюлармен әлем картинасын бедерледі. Онда ізгі ой-қиялға, жемісті символға орын беріліп, өмірге құштарлық бастауларының ерекше ырғағы көрініс тапты. Бүгін біз оқырмандар назарына халық өнерінің жарқын бөлігінің бірі – кілем тоқу өнері туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінен алынған мәліметтерді бөлісіп, топтамаларды ұсынатын боламыз.

 

Қазақтың байырғы кәсібі – кілем тоқушылық болды. Ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге дейін үйлердің қабырғасы қолдан тоқылған дәстүрлі кілемдермен безендірілді. Олар туралы «кілем түсі қарапайым, өрнегі айшықты, көруге қарапайым болса да, оны жасау оңай емес» деп айтылады. Техникалық тәсілдері жағынан кілемдерді түкті және тақыр кілемдер деп бөлуге болады.

 

Бұл материалымызда көбіне Түркістан және Қызылорда облыстарының шеберлері өткен ғасырда тоқыған қалы кілемдерді сипаттап, ұсынатын боламыз. Түксіз тоқылған кілемдер де дәл осы облыстарда көбірек кездеседі.

 

Тоқылған кілемдер аса бағалы болғаны сөзсіз, өйткені ең алдымен, оны жасау киіз кілемдерге қарағанда анағұрлым күрделі және еңбекті көп қажет етеді. Тоқыма кілемдер арнайы аса күрделі емес вертикалық және горизонтальдық станоктарда – өрмектерде жасалған. Кілем бұйымдарының әр түрін әзірлеу үшін негізгі материал, әрине, қой мен түйе жүні болды.

 

Кілемдердің екі ірі түрі бар, олар түксіз және түкті кілемдер. Ең ежелгі түксіз кілемдер – алаша болды. Ені 30-40 см жолақтар тар станоктарда тоқылады. Олар ақ, көгілдір, сары және қоңыр түсті тік жолақтар түрінде өрнектеледі. Содан кейін оларды көлемі төртте екі метр полотно етіп тігеді.

 

Алашаның екі түрі болады: терме және қақпа алаша. Екінші түрі неғұрлым қарапайым, жасалуы оңай, сондықтан да бағасы төмен. Оны қарапайым өрмекпен кез келген адам үйреніп жасай алады. Ал терме алаша арнайы ептілікті, шеберлікті қажет етеді. Мұндай алашаны кез келген адам жасай алмайды. Түксіз кілемдер елдің барлық аймақтарында дерлік жасалды. Оларды ою салып, екі метрге дейінгі кең жолақтар түрінде жасайды. Оларды түгі болмағандықтан тақыр кілем деп те атайды. Оңтүстік Қазақстанда жасалатын түкті және түксіз кілемдердің орталық бөлігі бірдей болып келеді.

 

Дегенмен далалықтар түкті кілемдерді жоғары бағалады. Олар қалыңдық жасауының қымбат мүліктерінің бірінен саналды. Қазақтар оларды кілем деп атады. Ең үлкен әдемі және үлкен кілемдер орда кілем деп аталды. Олар дәулетті адамдарда ғана болды. Көлемі үлкен кілемдер сондай-ақ қалы кілем деп те аталады. Олар да көбіне Қызылорда және Түркістан облыстары аумағында жасалды, мұнда жергілікті халық отырықшы мал шаруашылығымен айналысты және алысқа ұзап көшпейтін.

 

Осы материалымызда ұсынылатын түкті кілемдер әлемнің отырықшы орталықтарына – Иранға, Шығыс Түркістанға, Мауереннахрға, Түркіменияға жақын болуы едәуір ықпалымен назар аудартады. Кейбір аудандарда бұл кілемдерді қалы кілем деп атайды. «Галлы» парсыларда да кілем дегенді білдіреді, бұл парсы өнерінің қазақ қолөнеріне ықпалын қуаттайды. Қалы кілем кең тараған түкті кілем болды. Оның композициясы дәстүрлі түрде қатаң бірдей әшекейлерімен және күрделі көпжолақты әдіптеуімен ерекшеленеді.

 

Қазақтың тоқыма кілемдерінде қоршау, қорған түріндегі жиектеу орын алды. Орталық бөлігі қазық немесе розетка деп аталды. Түр мен оюдың теп-теңдігі, олардың аудандарының сәйкес болып келуі Орталық Азия мен Қазақстанның барлық халықтарының кілемдерін Иран кілемдерінен ерекшелендіреді.

 

Қазақстанның әртүрлі аймақтарында: кілемнің орталық бөлігі сырдариялық аймақта – күмбез, төбе, Қазақстанның оңтүстігінде – табақ, жұлдыз, Сарыарқада – тор, Жетісуда ою деп аталады.

 

Мұндай кілемдердің композициясына сегізбұрыш, алтыбұрыш, созылған ромб және төрт жұп қошқар мүйіз тән. Әдіп көбінесе біркелкі: олар жолақтардан, ромбылардан, шырша, өкше тәрізді сатылы бұрыштардан, құс қанаты өрнектерінен, қанатын жайған бүркіт, тырналар тобы, ешкі мен қойлар бейнесі салынған ирек жолақтардан тұрады.

 

Академик Әлкей Марғұланның пікірінше, «қазақтың түкті кілемдерінің орталық бөлігінде крест түріндегі фигуралар, екі тікбұрыштарға салынып, сыртқы жағынан әдемі қошқар мүйіздермен өрнектеліп,бірте-бірте сыңар өкше әуеніне ауысады. Түкті кілемдердің композицияларында әртүрлі ою әуендері: ағаштар, таулар, жазықтар, «тоғыз қырат» әуені, сарқырама, арықтар, ежелгі құрылыстардың күмбездері, күн мен ай бейнесі, жабайы жануарлар, құстар, аңшылық, түйелер керуені түрінде болып келеді. Құс, жылқы, түйе іздері, қошқар мүйіз, ұшып бара жатқан бүркіт ізі кездеседі.

 

Сөйтіп, түрмыс салты, шаруашылық қызметі ерекшеліктері, фауна мен флора, діни көзқарастар, география және басқа да жергілікті жағдайлар кілем бұйымдарына салынды. Кілемдер қазақ халқының ішкі рухани байлығын шын мәнінде бейнелеген айна іспетті болды.

 

Түкті кілемдердің жиегіндегі оюлар шет ою, бөлек фигуралар арасындағы шекаралары ара-гүл, жөргем-тор әуендері болып аталады. Кілемнің әдіптері мен шетінде төрт-бес тар-кең жолақтар болады. Тар жолақтарда құс іздері өрнектері, қыңыр мойын, сыңар өкше, тісті сызықтар кездеседі. Кең жолақтарға киіз кілемдердің ортасына жиі қолданылатын сатылы ромбылар тән.

 

Түкті кілемдерде көптеген геометриялық өрнектер: ромбылар, төртбұрыштар, үшбұрыштар, ирек, балдақ, қармақ, тышқан ізі, алабас, тұмарша, шынжара, тарақ, сүйір, айшық, омыртқа сияқты өрнектер кездеседі. Ұсынылған түкті кілемдерде космогониялық ою әуендері шеңбер, шимай, төртқұлақ, шұғыла, жұлдыз, айшық, бітпес және басқалары түрде берілген. Барлығы қазақ оюларының 200-ге тарта түрі белгілі.

 

Ұсынылған альбомдағы түкті кілемдерде розетка түріндегі оюлар әуендері әлсін-әлі қайталанып отырады және олар симметрияның екі осіне орналасады. Қатарлар көбіне кілемнің бүкіл орта белдеуінде төртбұрышты және ромб түрінде төрт розеткадан орналасқан. Кең және созылған сегізбұрыштар, төртбұрыштар және ромбылар қошқар мүйізді бейнелермен айқастыра салынған. Қазақ кілемдерiне жануарлардың, пейзаждың және тіпті бөлек сюжеттердің стильдік және нақты бейнелерінің кілемдік композициялары тән.

 

Бұрын кілемдер еденге төселді немесе қабырғаға ілінді. Ал оларды қымбатты қонақтарды қабылдауда төсеген. Далалықтарда үйдің есігіне қарама қарсы орын төр деп аталды, онда құрметті және қымбатты қонақтар отырады. Нақ осы жерлерге ең жақсы киіз немесе тоқыма кілемдер төселеді.

 

Қыздарды жастайынан кілем тоқу өнеріне баулыған. Тоқыма кілемдер болашақ қалыңдықтың жасауына артылған. Қазақ ауылындағы қыздар бұл өнерді өздерінің аналарынан үйреніп, одан әрі жалғастырған. Ал жаңа үйге келін болып түскеннен кейін бұл дәстүрді жаңа отбасында жалғастыра отырып, өзінің тәжірибесін ұштап, жетілдіріп отырған. Жыл өткен сайын, ұрпақтан ұрпаққа, ғасырларға осылай жалғасып отырды.

 

Түкті кілемдер топтамасы

 

Осы түкті кілемде қазақ оюының көптеген геометриялық әуендері көрініс тапқан. Салқын-суық түстер композицияның орталығындағы ромб тәрізді гүлшоқтарының ырғақты қайталануымен ұштасады. Кілем оюлары парсы әуендерімен үндеседі.

 

 

Қызыл түсті, ортасында сегізбұрышты бедерде сатыланып салынған. Ортада жасыл түсті гүл, ал екі шетіне лағымен елік салынған. Шеткі бедерлері анық емес, оюлы түрге орналастырылған сары және жасыл түсті қос аққудың көмескі бедері бар. Екі жағынан шашақ тігілген.

 

 

 

Композициялық құрылысы үлкен орталық шаршы және жиектері – түкті кілемге ұқсас. Жалпы қоңыр қызғылт бояулар түрі – суреттері қайталанбалы арабеска, айқастырылған кең өрнек ромб тәрізді төркөз құрайды. Шебер кілемді бөлек түсті арқаудың көмегімен тоқыған, сондықтан шеті еркін әдіспен тігілген тәрізді. Жиегінің оюы ұсақ, геометриялық бедерлер: бүктеме сызық, үш бұрыштар, штрих сызықтар салынған. Кілем негізі шашақ түрінде.

 

 

 

Кілемнің түгі қысқа, гүлдер үйлестіріліп, жарқын реңк береді. Ортасына өсімдік жапырағы салынған — екі кіндігіне жапырақтар симметриялы орналасқан. Жиегі төрт жолақты, күлте жапырақты, зооморфтық әуен – қошқар мүйіз. Екі жағына шашақ тігілген.

 

 

 

Кілемнің реңкі ашық, қанық, түстері үйлесім тапқан. Кілемнің орталық бөлігінде төрт шашақты жапырақ, гүл, геометриялық оюлар әуені орналасқан. Кең жиегі күрделі қайталанып келетін айқасқан әуендер және зооморфтық өрнек қошқар мүйіз, ерекшелігі – өрнектердің композициялық алмасуы бұзылған.

 

 

 

Қысқа түкті кілемде сары-қызыл түс қара түспен үйлесімде. Ортасында үш әдемі гүл салынған, төртқұлақ оюы мен гүл бейнеленген. Кілемнің шеттері құс қанаттарымен көмкерілген, кең жиегінде – қара түрде ашық түсті раушан гүлшоғы.

 

 

 

Араб стиліндегі декор, шиыршықталған оюлар өсімдік әуендерімен өрілген. Кілемнің ортасында қара түрдегі нәзік сабақтар түстердің шұғыл қарама-қарсы үйлесімімен жасалған. Оң жағында қанық белсенді түстер, ал сол жағы – байсалды, жұмсақ үйлесімді түстер. Шетіндегі гүлді ою жасыл және қызыл түсті бұтақ тәрізді өрнектермен тығыз өрілген. Кілемнің қара түсті жиегіне «1985 жыл. Сәрсенкүл. Разия. Ережеп» деп жазылған.

 

 

 

Қысқа түкті кілем. Симметрияның ортасындағы екі кіндігінде ромб тәрізді гүлшашақтар, ішінде әртүрлі зооморфтық әуендер – қошқар мүйіз, қос мүйіз. Ортасында ромб, өрмекші оюы. Жиегі қазіргі композициялық шешімде шаршы оюмен безендірілген, шетінде шексіздіктің символы – шет ою. Шетінің жоғарғы бөлігіне «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер» деген сөз жазылған.

 

 

 

Кілемнің сары-қызыл түгiне қара түс үйлесім тапқан. Ортасында стильді көмкерілген жапырақ, симметрияның екі кіндігінде гүлдер композициясы бейнеленген. Кілемнің етегіне ирек тәрізді шет ою салынған, кең жиегінде – қара түк үстінде ашық түсті раушан гүлшоғы. Жоғарғы жағында «Гүлшатқа апасынан ескерткіш» деген жазуы бар.

 

 

 

Кілемнің реңкінде ашық түстер үйлесім тапқан. Кілемнің ортасында – бұрыштап салынған гүл шоқтары. Гүл шоқтары ішінде әртүрлі қошқар мүйіз әуені, гүл шоқтарын сынық мүйіз көмкерген. Қошқар мүйіз түйетабан оюымен, өсімдік жапырағымен үйлесіп келеді. Жиегі зооморфтық қос мүйіз өрнегімен және өсімдіктермен безендірілген.

 

 

 

Кілемнің орталық алаңы ашық-қызыл түрде ірі ромб түріндегі гүл шоқтарымен әшекейленген. Ішкі екі гүлшоғында гүлдер композициясы, ортасындағы – зооморфты әуен өсімдіктер әуенімен үйлесімде. Шетінде – ирек су жиек. Кілем декорында барлық оюлар әуенінің әдеттен тыс синтезі жымдасқан.

 

 

 

Нәзік-қызғылт түр басқа түстермен қосылып, декорға салқын реңк береді. Ірі орталық ромб гүлшоқтары төрт құлақпен – алтықырлы өрнекпен, екі жағынан сынық ирек тәрізді сызықпен, жасыл түсті сынық мүйізбен ұштасады. Кілемнің жиегі зооморфтық және геометриялық әуендермен бедерленген.

 

 

 

Жарқын қызыл түсті кілем. Шетіндегі ромб тәрізді гүлқауыз өрнектеріне бұғы салынған. Қазіргі композициялық шешімдер бұтақты ағаштармен және бұғы мүйіздерімен өрнектелген. Кілемнің жиегінде өсімдіктер мен зооморфтық әуендер оюланған.

 

 

 

Жарқын қызыл түсті қабырғаға ілінетін кілем. Ортасында – үш ромб тәрізді гүлқауыз. Шеткі гүлқауыздарда: қызыл түрге гүлді әйел бейнесі, ортасына құс салынған. Аралық алаңға гүл салынған төрт көк сауыт бейнеленген. Кілем сюжеті ирандықтардан алынған. Кілемнің қара түсті шетінде созылыңқы геометриялық фигуралар бар. Шетінің жоғары жағына «Кеңес» деген жазу жазылған.

 

 

 

Кілемнің орталық бөлігінде мерекелік көңіл күй сыйлайтын сары түр, үш ромб тәрізді гүлқауыз, гүлдермен және өсімдік әуендерімен көмкерілген. Орталық гүлқауызда көлде жүзіп жүрген үш аққу. Жанындағы гүлқауыздар үш түсті. Қаратүр салынған кең жиектері бойында түрлі-түсті ашық раушан гүлдері. Шеті ирек оюмен көмкерілген. Жоғарғы жиегінде гүл ұстаған әйел бейнеленген.

 

 

 

Ашық қызыл түсті кілем декоры. Орталық қатарлары төрт гүлқауыздан тұрады, олар сегізқырлы жұлдыз тәрізді салынып, кілемнің орталық бөлігін алып жатыр. Гүлқауыз ортасында сынық мүйіз терілген. Жиегінің кең орта жолағында төрт шатыргүл, ол әлемнің төрт бұрышын меңзейді. Симметриялық үшбұрыштар шеткі суреттерде орналастырылған.

 

 

 

Кілем декоры ашық түрлі түсті реңкті. Гүлқауыздың ортасында шаршы ою – космогониялық әуендермен төрт қос төртбұрышты көмкерген төртбұрыш. Ішіне стильденген гүл салынған алтыбұрыштар дүниенің төрт жағын көрсетеді. Гүлқауыз төңірегіне ирек тәрізді сыңар мүйіз салынған. Кілем жиегінде – төрт құлақты түйетабан оюы.

 

 

 

Кілем декоры ашық қанық түрлі түсті. Қызықты орналасқан гүлқауыз ромбылармен, сатылы бұрыштармен шиыршықталып көмкерілген. Шетінің ұзына бойына қара түрдегі жасыл жапырақтарымен қос шар тәрізді әртүрлі гүлдер орналасқан.

 

 

 

Қабырғаға ілінетін гүлдері ретсіз орналасқан кілем. Ромб тәрізді гүлқауыз көп деңгейлі сегментпен гүлдер бейнеленген. Орталық гүлқауызында – екі елік, ал басқаларында ақ тиіндер бедерленген. Кең жиегінің суретінде геометриялық және өсімдік әуендері үйлесім тапқан. Кілемнің шеті тісті ою шексіздік символы – сынық мүйізбен жиектелген.

 

 

 

Қызыл және қара түрде сары, көк, жасыл түстердің көп түсті өрнегі қанық көрінеді. Кілемнің орталық бөлігіндегі ырғақты қайталанып келетін бұрыштық тармақтар тәрізді ромб өрнектері ерекше көрнекілік береді, ашық контурлық шеттерінде оюдың барлық әуендері үйлесім тапқан. Аралық алаңдар сары және көк түсті алты ағаш тәрізді фигуралармен безендірілген. Жиек суреттерінің негізін қошқар мүйіз және стильдік гүл шоқтары құрайды.

 

 

 

Кілемнің қызыл негізгі түсі – күннің, оттың және өмірдің символы. Гүл жапырақтары түріндегі кең ромб формасы симметрияның үш кіндігіне орналасқан. Әрбір ромб ішінде және орталық алаңның шеттерінде гүлдер композициясы орналасқан. Кең жиегі зооморфтық өрнек – қос мүйізбен, геометриялық әуендермен оюланған.

 

 

 

Ортасына жұлдыз тәрізді гүлқауыз қара түрдегі раушан әшекейленген. Шатыргүл өрнегінің ішіне гүлқауыз, тышқан ізі, төртқұлақ өрнектері салынған. Қолтықшаларына үшбұрыш түрінде ағаш тәрізді сурет өрнегі терілген. Қорғанына қызыл беде және қосмүйіз өрнегі тізбектеле тоқылған.

 

 

 

Кілем декоры ашық түсте тоқылған. Төрт шатыргүл өрнегі жапырақпен, ирек тәрізді өрнекпен және қос мүйізбен көмкерілген. Шатыргүл өрнегінің шеткі екеуінің ішіне – гүл, ортадағы екеуінің ішіне қоян тоқылған. Қолтықшаларына гүлқауыз өрнектері салынған. Қорғанына көк, күрең-қызыл және сарғыш түсті сынық мүйіз, төртқұлақ өрнектері тізбектеле тоқылған.

 

 

 

Кілем декоры қызыл күрең түсті. Көлінде қанық көк түс сары оюымен жиектелген шатыргүл өрнегі салынған үш табақша терілген. Қолтықшаларына гүл өрнектер терілген. Қорғанға қосмүйіз оюы мен ромб түріндегі өрнектер кезектесе тізбектелген.

 

 

 

Кілемнің орталық бөлігінің композициясы сатылы-бұрышты гүлқауыздардан тұрады, олар негізгі өңір бойынша стильдік ағаш түріндегі оюмен белсенді бөлінеді. Екі шетінің суреті: ашық-қызыл түрдегі жасы сабақтарымен қосылған сары гүлдер және қара түрдегі ірі раушан гүлдері, гүл шоқтары және жасыл жапырақтар.

 

 

 

Кілем ашық-қызыл түстердің үйлесімінде өсімдік оюларымен безендірілген. Қазақ оюларының өсімдік әуендері белгілі бір мағына мен маңызды білдіреді. Олар бөлек те, бір-бірімен үйлесімде де бірлік, себеп-салдар шарттылығын және болмыстың мәңгілігін бейнелейді. Өрнектердің кең жиегі өсімдік жапырақтарымен, гүлдермен кестеленген.

 

 

 

Кілем композициясының орталық бөлігінің бұзылған құрылымы гүлдердің, құстардың және аңдардың қос-қос бейнелерімен орнына келген. Әрбір фигура созылыңқы алтыбұрыштармен бөлінген. Шетіне қос гүл әуені салынған. Кілемнің негізгі орталық бөлігі – қызыл түсті, орталық желімен жеті көпбұрыштар бедерленген. Кілемнің тік жақтарында ашық сары оюлы жиектері бар.

 

 

 

Кілем декоры күңгірт қызыл-күрең түсте жасалған. Бірегей өсімдік әуені раушан гүл шоқтары кілемге керемет классикалық композиция түрін береді. Кілемнің қызыл түріне шетінің ашық-сары түсті өрнектері үйлесім тапқан.

 

 

Кілем декоры қызыл-қара түсті. Орталық өңірінде ромб тәрізді гүлқауыз сәнді өсімдік формаларымен көмкерілген. Шетіндегі айшықтарында зооморфтық қос мүйізбен кезектесіп келетін өсімдік әуендері басым.

 

 

 

Міне, біз бұл танымдық материал арқылы халқымыздың бүкіл тұрмысында кілем тоқу өнерінің берік орын алғандығын, сонымен қатар әртүрлі ою өнерімен байи түскен қазақтардың материалдық мәдениеті тікелей оң ықпал еткеніне көз жеткіземіз. Бұған қоса аталған өнер қазақ халқының ізгі мінез-құлқына және оң сипатын қалыптастыруға игілікті әсер етті. Өйткені мұндай әдемі әлемде далалықтардың басқаша болуы мүмкін емес еді.

 

 

 

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: