«Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет»

27 Қараша 2020, 17:22 6976

40 жыл ұстаздық еткен еңбек ардагері Әуесбек Ибраимов туралы

Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін ұлы тұлғаның еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Осы орайда қырық жыл талмай еңбек етіп, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берген қария Әуесбек Ибраимовпен әңгімелескен болатынбыз.


«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»

1933 жылы Түлкібас ауданы Алғабас колхозында шаруалар отбасында дүниеге келген Әуесбек ата балалық шағы туралы былай еске алады:


Балалық шағым Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келді. 1941-45 жылдар аралығында ағам Шанай мен Ақылбек соғыста болғандықтан, бақташы Ибраим әкем мен сауыншы Гүлбаһрам шешеме көмектесуіме тура келді. Колхоздың қойын, сиырын бағуға жәрдем еттім.Жазда Иірсудағы жайлауға малдарды сәуірде айдап, бұзау мен қозы бағып, қазанда түсіріскен кезім де болды .

1940 жылы Алғабас бастауыш мектебінде оқып, Түлкібас теміржол мектебінде білімін жалғастырған кейіпкеріміз 1947 жылы Абай орта мектебінің интернатында оқиды. Аталған оқу ордасын 1950 жылы үздік аяқтайды. Сол жылы Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы университеттің физика-математика факультетіне оқуға түседі.


(Суретте: Әуесбек Ибраимов халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазамен)

– Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген жақсы сөз бекер айтылмаған. Мен кезінде қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағына айналған құтты оқу орнында академик К.П. Персидский, О.А Жәутіков, Х. Ибрашев, Харасақал сияқты ғалымдардан тәлім алдым. Сол алған білімімді шыңдап, шәкірт тәрбиеледім,– деп әңгімесін жалғастырды ұстаз.

Немістің атақты математигі Карл Гаус: «Арифметика математиканың, ал математика – ғылымдардың патшасы» деп бекер айтпаған. Соғыстан кейінгі жылдары шәкірттеріне білім берген ұлағатты математик-ұстаз Алматыдағы оқуын аяқтап, Хрущевтің шешімі бойынша жолдамамен ауылға аттанады.


(Суретте: Ұлағатты ұстаз ұл-қыздары және туған-туысқандарымен)

Мен Түлкібас ауданының сол кездегі орталығы Ванновкадағы Абай атындағы орта мектепке орналастым. Абай мектебінде 1955-1958 жылдары жұмыс істеп, Түлкібас стансасында 18 жыл қызмет етіп, Кемербастау, Жабағылы мектептерінде 1994 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқардым. Талай ұстаздарға тәлімгер болып, шәкірт тәрбиеледім,– деді ол.

Қырық жылға жуық ұстаздық еткен ақсақал содан зейнеткерлікке шығады. Тек білім беріп қана қоймай, қоғамдық жұмыстардың барлығына белсене араласып, еңбек етеді. Мектепте комсомол, кәсіподақ жұмысын басқарады. 1958-1993 жылдар аралығында поселкелік, ауылдық кеңеске депутат, 1964-1994 жылдары ауылда парторг болып қызмет атқарды.


«Ұстаз – ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болмасын бар ынтасымен атқара білуі керек», – демекші, білгір ұстаз Алматыдағы педагогикалық ғылыми конференцияға: «Математиканы экономика саласымен байланыстыра оқытудағы тәжірибелері» туралы баяндама жасап, Білім және ғылым министрлігінің «Мақтау қағазымен» марапатталады. Совет Одағының Теміржол Министрі Бещевтің «Мақтау қағазымен», В.И. Лениннің 100 жылдық медалімен марапатталып, «Социалистік жарыстың үздігі» атағына бірнеше рет ие болды.

«Еліңе еңбек еткеннен асқан бақыт жоқ»

Тек балаларға білім нәрін беріп қана қоймай, 1956-1962 жылдары күзді күндері оқушыларды мақта теруге апарып, еңбекке баулиды. 1959 жылы Мақтарал ауданында «Заря коммунизма» колхозында 10-сынып оқушылары мақта теруден 150-300 кг теріп, облыс бойынша рекорд жасайды. Ақсақалдың белсенді еңбегі еленіп, Комсомолдың Орталық партия комитетінің, Қазақстанның облыстың, ауданның мақтау қағаздарымен, ауыспалы Қызыл туымен, «Қазақ ССР оқу-ағарту жұмысының үздігі» медалімен марапатталды. 


(Суретте: Әуесбек ата ұл-қыздары және немере-шөберелерімен)

1988-1990 жылдар аралығында Москваға орденге, Қазақстанға оқу-ағарту жұмысының еңбегі сіңген мұғалімі атағына ұсынылды. Б.Момышұлы атындағы медальмен, Ұлы Отан соғысының мерейтойлық медальдарімен марапатталған. Жасы тоқсанға таяған ақсақал бүгінде жары Қызылай екеуінен тараған ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Ұлағатты ұстаз кезінде ардагерлер кеңесінде де қызмет атқарды. Өз ортасына сыйлы ақсақалдың жолын қуған балалары мен немерелері ғылымның түрлі салаларында еңбек етіп келеді.


(Суретте: Әуесбек Ибраимов егіз немерелері Алинур және Айарумен )

Зейнеткерлікке шықсам да, қоғамдық жұмыстарға араласып келемін. Экология, оқу-тәрбие жөніндегі мақалаларым бірнеше рет жергілікті газетте жарық көрді. Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Бүгінде олардың әрқайсысы әр саланың маманы. Еліңе қызмет еткеннен басқа бақыт жоқ,– деді Әуесбек ата.

«Қариясын қадірлеген ел ардақты» демекші, еңбек ардагері, ардақты ұстаз, құрметті азамат Әуесбек Ибраимовтың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Адал ниет білдіріп, жақсы тілек тілеген ардақты азаматқа ұзақ ғұмыр тілейміз.

 


(Суреттер: Автордікі)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: