Құсбегіліктен Әлем чемпионаты өтеді

16 Қазан 2022, 00:47 2244

Бабаларымыздың бай мұрасы мен асыл қазынасы оны ардақ тұтып, қастерлегеннің арқасында жалғасын тауып келеді.

3-7 қараша күндері Абай облысы Үржар ауданында Ұлттық спорт түрі «Құсбегіліктен» Мемлекеттік Рәміздердің 30 жылдығына арналған І Әлем Чемпионаты өтеді. Бұл туралы Берік Уәли өзінің әлеуметтік парақшасында жазады, деп хабарлайды EL.KZ. 

Өз дәуірінде ардақталып, атадан балаға мұра болған әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз бен өшпес өнеріміз замандар сынынан өтіп, бүгінгі ұрпаққа жетті. Бабаларымыздың бай мұрасы мен асыл қазынасы оны ардақ тұтып, қастерлегеннің арқасында жалғасын тауып келеді,- дейді ол.

Сондай-ақ ол жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазысын ұмытпаған халқымыздың дәстүрлі аңшылығы бүгінде жаңа сипатқа ие екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлттық құндылықтарымызға ерекше назар аударғаны белгілі. Халқымыздың «жеті қазынасының» бірі – қазақ тазысын қорғау туралы Президент тапсырмасына сәйкес елімізде біршама істер қолға алынуда. Биыл алғашқы рет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Күнтізбелік жоспарына сәйкес Құсбегілердің І әлем чемпионаты Абай облысының Үржар ауданында өтеді,-  дейді Уәли.
Ол сөз кезегінде жарыстың өтуіне қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев мырзаға алғыстан басқа айтары жоқ екенін айтып өтті.
Ақсүйек өнердің жанашыры ғана емес, құс салып, тазы жүгірткен құсбегі әулетінің перзенті ретінде жаныма жақын, «қорғаушысының қарасы көрінбейтін, қолдаушысы табылмай жүрген» саланың дамуына қал-қадірімізше жанашыр азаматтармен бірге бар күш-жігерімді салып қолдау көрсетіп келеміз. Алда өтетін осы ауқымды ұлттық спорт шарасының жүлде қорына қамқорлық танытып, демеушілік жасап, қолдау көрсетеміз дейтін азаматтар болса, бек қуаныштамыз,- дейді ол.

Сондай-ақ ол әлемнің бірнеше мемлекетінің құсбегілермен қатар жарысқа еліміздің өңірлерінен 70-ке тарта бүркітші, қаршығашы, ителгі ұстап, тазы ерткен саятшылар қатысады деп жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. 

Елімізге белгілі құсбегілер Бағдат Мүптекеқызы апаймыз және Базарбек бауырмен алдағы айтулы жарыстың ұйымдастыру жұмыстарын пысықтадық. 3-7 қараша күндері Үржар ауданында Құсбегіліктен өтетін І Әлем Чемпионатының жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, бір жағына шығысамыз дейтін азаматтар болса әрдайым есігіміз ашық,- дейді Берік Уәли.


EL.KZ
Бөлісу: