Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 8 ақпан күні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне құрылыс нарығын монополиясыздандыру мен оны бәсекелі негізде дамытуға қатысты шаралар пакетін қабылдауға тапсырма берген болатын.
Президент тапсырмасы орындалды ма? Бұл сұрақтың жауабын білу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне және Қазақстан құрылысшылар одағына арнайы сұраныс жіберген едік.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, бүгінде еліміздің құрылыс нарығында тәжірибесі жоғары компаниялар аз емес. Алайда олар салық мөлшерін аз төлеп, қаржылай тұрақсыз болғандықтан, құрылыс тендерін ұта алмай жатады. Сол себепті де министрлік құрылыс саласының тиімділігін арттыру үшін заңнамалық түзету пакетін дайындаған. Енді құрылыс пен оны техникалық жағынан қадағалау жұмыстарын жүргізу үшін келісімшарттарға бір нақты сомманы белгілеуді жоспарлауда. Оған қоса министрлік құрылыс және жобалау қызметін өзін-өзі реттеу институтын енгізбек.
Аталған жоспарларды іске асыру үшін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға түзетулер әзірленген.
Егер осы заңдарға түзетулер енгізілсе, шағын және орта кәсіп субъектілерінің мемлекеттік тендерлерге қатысу мүмкіндігі артып, заңсыз қызмет атқаратын мердігерлер мен біліктілігі жоқ лицензиаттар жұмыстан шеттетілетін болады.
Бұл саладағы күрделі мәселелерді шеші үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де Президент тапсырмасын орынду мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды әзірлеп, министрлікке жолдаған екен. Айтуларынша:
– құрылыс салушылар, бенефициарлар, компаниялардың меншік иелері, олардың басқа ұйымдармен үлестестігі, тұрғын-үйді өткізу көлемі, бағалар, шығындар, материалдар мен көрсетілетін қызметтерді берушілер туралы ақпаратты жария орналастыру;
– үлескерлердің қаражатын тарту тәртібіне және олардың мақсатты пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды күшейту;
– жер учаскелерін берудің конкурстан тыс тәртібін жою;
– мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобаларымен құрылыс жұмыстарын сатып алуды алмастыруды болдырмау;
– құрылыс және басқа да қызметтерді сатып алуға қатысушыларға қойылатын талаптарды қайта қарау. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар жұмыс топтары шеңберінде мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және мүдделі тараптармен бірлесіп пысықталуда, секілді өзгерістер енгізуді ұсынған.
Сондай-ақ Агенттік еліміздегі құрылыс саласындағы компаниялардың саны көп болғанымен әкімшілік кедергілерілердің кесірінен нарыққа ене алмай отырғандарын айтады.
«Қазіргі уақытта құрылыс саласында 60 мыңнан астам компания бар. Бұл өте жоғары көрсеткіш.
Компанияларға құрылыс нарығындағы жобаларды қолға алу үшін шектеулі орын беріледі. Оның барлығы заңнамалық талаптар негізінде іске асырылады. Мысалы алдымен компанияның жұмыс тәжірибесіне, қызметкерлерінің біліктілігіне, құрылысқа қажет материалдар мен құрал-жабдықтарының болуына аса назар аударады.
Тұрғын үй құрылыс нарығы еліміздің көптеген өңірінде шоғырланған. Бұл нарыққа қатысушылар арасындағы бәсекелестіктің бар екенінің айғағы. Бірақ бәселекелестік болғанымен, құқықтық заңнаманың аясында тұрғын үй құрылыс саласында қызмет ететіндердің саны аз. Яғни, бұл құрылыс нарығына ену үшін бірқатар әкімшілік кедергілер бар екенін дәлелдейді.
Нарықтағы сауда құрылыс қызметінде жұмыс жасайтын компаниялар саны аз. Ірі құрылыс компаниялары конкурста жеңіске жетіп, ең көп жұмыс көлемін қосалқы мердігерлікке береді. Соның салдарынан орта және шағын компаниялардың нарыққа кіруіне тосқауыл болып отыр», – деді олар.
Расында да бұл үлкен мәселе. Алайда компаниялар арасындағы тендер өткізу жүйесіне өзгерістер енгізу мәселесі де қаралып жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта құрылыс нарығын монополиясыздандыру шеңберінде сатып алудағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін жаңа мүмкіндіктерді айқындайтын ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда:
– ірі бизнестің конкурстарға қатысуын шартты түрде шектеу, мердігерлердің нақты ресурстарына байланысты ҚМЖ бойынша жасалған шарттар сомасына лимиттерді анықтау;
– қаржылық көрсеткіштері төмен тәжірибесі аз қатысушылардың конкурста жеңіске жету мүмкіндігімен салықтық және қаржылық көрсеткіштер үшін шартты жеңілдіктерді есептеу шарттарын қайта қарау;
– жергілікті жеткізушілерді дамытуды ынталандыру және т.б. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы Қаржы министрлігі болып табылады», – дейді.
Ал Қазақстан құрылысшылар одағы құрылыс нарығын монополиясыздандыруға қатысты мәселе әлі шешілмеді деп отыр. Сонымен қатар құрылыс саласындаға басқа да мәселелердің бар екені жайлы Одақтың төрағасы Талғат Ерғалиев тізіп атап берді.
«Президенттің құрылыс нарығын монополиясыздандыру мәселесі әлі өз шешімін тапқан жоқ. Оларды шешу үшін заңдар қабылдану керек. Бірақ жалпы нарықта қандай да бір өзгерістер байқалмайды. Қазіргі нарықта басқа да көптеген мәселелер бар. Бірінші мәселе – нарықты қаржыландыру. Мұқтаж жандарға қолжетміді ипотекалық бағдарламалар ұсыну. Себебі, бүгінде көптеген ипотекалық бағдарламалар өз жұмыстарын тоқтатты. Болашақта біздің елімізде баспанасы жоқ адамдардың саны он миллионға жетеді деген болжамға келіп отырмыз. Мысалы, қазіргі кезде халықтың 1 миллионға жуығы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде пәтерге кезекте тұр. Сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж бір жарым миллион қандастарымыз, ауылдан көшіп келген азаматтар бар. Осы факторлардың бәрі болашақта халықтың көп бөлігі баспанасыз қалатынын көрсетеді. Тағы бір мәселе, бүгінгі күні құрылыс өндірісі азайып барады, осының салдарынан баспана саны да азаяды. Үкімет нарықты қаржыландыру қажет. Ал жоғарыдағылар болса, елдің қамын ойлаудың орнына, қалталарын ойлап отыр. Осының бәрі еліміздің экономикасының құлдырауына, халықтың наразылығына әкеліп соқтырады», – деді Талғат Ерғалиев.
Аталған мәселелерді шешу үшін Қазақстан құрылысшылар одағының қандай шара қолданғандары туралы сұрап көрдік. Одақтың төрағасы тұрғын үйлерге мұқтаж жандарды баспанамен қамту мен қалалық сәулеттік кодексті жаңарту жөнінде ұсыныс бергендері жайлы айтты.
«Біз құрылысшылар тарапынан үкіметке ұсыныс бердік. Мысалы, жоғарыда айтып кеткенімдей тұрғын үйге мұқтаж жандарды баспанамен қамту жөніндегі ұсыныс. Біз Мемлекет басшысына осы мәселе бойынша хат жаздық. Бірақ президент әкімшілігі ол хатты құрылыс комитетіне жіберді. Олар нарықта жұмыс істеп көрмегендіктен біздің ұсыныстарымызды түсінбейді. Президент өз жолдауында салықты дифференциалдау керектігін басты назарға алып отыр. Сондай-ақ қалалық сәулеттік кодексті жаңарту мәселесін көтерді. Айта кететін жайт, біз бұл мәселені 5-7 жыл бұрын ұсынғанбыз. Алайда бұл ұсыныс 5 жылдан кейін іске асты», – деді ол.
Бұдан бөлек Қазақстан құрылысшылар одағының атынан құрылыс саласын цифрландыру жайлы да ұсыныс беріп, қазіргі нарықтағы баспананың бағасына қатысты мәселеге тоқталып кетті.
«Құрылыс саласын цифрландыру мәселесін қарастыру бойынша ұсынысымызды білдірдік. Қазіргі нарықта елордамыздағы 1 гектар жердің бағасы 1,5 млрд теңгеден. Осының салдарынан нарықтағы баспананың бағасы қымбаттауда. Себебі, жерді 1,5 миллиард теңгеге сатып алса, құрылыс материалдары қымбат болса, жалақы өсіп жатса, ешқандай қаражаты жоқ халыққа баспаналы болу әрине, қиынға соғады», – дейдіТалғат Ерғалиев.
Сонымен қатар ол құрылыс нарығындағы тендерлер заң негізінде өткізіліп жатқанымен, ондағы жемқорлық факторлары әлі де басым болып тұрғаны айтады.
«Құрылыс тендерлері заң бойынша өткізіліп жатыр. Бірақ, ол заңның еш пайдасы жоқ. Осындай үлкен шараларда жемқорлық факторлары кездесетіні ешкімге жасырын емес. Тендерлерді өткізу үшін басқа әдіс қолдану керек. Мысалы, шетелдің механизмін қолдануға болады немесе жемқорлық арқылы пайда көріп жатқандарды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек», - деп жауап берді Одақтың төрағасы.
Байқағанымыздай, Қазақстан құрылысшылар одағы аталған мәселелердің әлі толығымен шешімін таппағынын айтады. Десе де құрылыс нарығын монополиясыздандару мен оны бәсекелі негізде дамытуға қатысты Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бірқатар шараларды қолға алып, өз ұсыныстарын беріп жатыр. Дегенмен Президент тапсырмасын толық орындау үшін әлі де біраз жұмыс атқарылуы тиіс екені аңғарылады.