Құрбан айт мерекесінде топтасып жиналмауға шақырамыз – эпидемиолог

7 Шілде 2022, 14:50 1836

Департамент өкілінің айтуынша, Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап жатыр

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова брифинг барысында тұрғындарды Құрбан айт мерекесі кезінде санитарлық нормаларды сақтауға шақырды, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Департамент өкілінің айтуынша, Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай нашарлай түсуде.

– Маусым айында мамырмен салыстырғанда ауру деңгейі 6,3 есеге артты (94-тен 595 жағдайға дейін). Тәулігіне КВИ-дің 100-ден 200-ге дейін жағдайы тіркеледі. Ағымдағы жылдың 3 шілдесінен бастап ДСМ эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында қала «сары аймақта» тұр. 2022 жылдың 6 айында қалада коронавирус 55 441 адамнан, шілдеде 773 тұрғыннан анықталды, – дейді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Спикердің сөзінше, мұндай жағдайда сақтық шараларын ұмытуға болмайды.

– Біз Құрбан Айт мерекесі кезінде құрбандық шалу рәсімдері өтетін жерлерде және мешіттерде барлық тұрғындарға маска тағуды ұсынамыз, әсіресе адамдар көп жиналатын жабық үй-жайларда. Әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу, адамдар көп жиналатын орындарға бармау маңызды, – деді ол.

Сондай-ақ, эпидемиолог малды автокөліктерден және жеке үй иеліктерінен сатуға тыйым салды.

– Мал союды ұйымдастыру және мал сату ветеринариялық қызметтің ресми ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған сою пункттері мен алаңдарда (ветеринариялық қызмет бекіткен тізбеге сәйкес сою пункттері, аудандардағы алаңдар) жүргізілуі тиіс. Мал сою тек ветеринариялық анықтама болған жағдайда ғана жүргізілуі керек, – деді спикер.

Бөлісу: