Құралай Сәтмұхамбетова: «Ешқандай атақ халықтың ықыласы мен құрметіне жетпейді»

28 Қазан 2021, 16:30 8770

Құралай Сәтмұхамбетова – Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, республикалық байқаулардың лауреаты, композитор-әнші. «Алтынай», «Аппақ гүлдер», «Арман - әнім», «Ауылға барам», «Сені көргім келеді де тұрады», «Ару Ана», «Елім аман» т. б. әуезді әндері ел арасында кеңінен тараған.Мерейлі 70 жасы қарсаңында Құралай апаймен сұхбаттасып, өнер тақырыбының төңірегінде ой қозғаған едік.


– Құралай апай, 70 жылдық мерей жасыңыз құтты болсын! Өткенге қарасаңыз не көресіз, неге қуанасыз, неге өкінесіз, жалпы өмірден не түйдіңіз?

– Өкінішсіз өмір болмайды ғой, дегенмен, өткенге қарасам, аса қатты өкінетіндей нәрселер жоқ сияқты. Аймақта тұрғандықтан шығар, республика көлемінде көп насихаттала бермейміз. Содан да, өзіңнен деңгейі төмендеу, сауатсыздау бір адамдардың эфирге шығып жатқанын көргенде «кезінде рухани жағынан қыз-қыз қайнап жататын өнер ордасы Алматыға неге жақындамадым екен?»  деген ой келеді. Орталықта болғанда бұдан да ауқымды, бұдан да көп музыкалық шығармалар дүниеге келер ме еді?!

Шымкентте музыкалық училищенің вокал, яғни, ән бөлімін аяқтағанмын. Сосын Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық- мәдениет институтының хор дирижері бөлімін тәмамдадым.  Алматы консерваториясының композиция бөлімін неге оқымадым екен деп те ойлап қоямын кейде. Анам тірі кезінде менің өзіне арнап жазған «Ару Ана» атты ән-балладамды  тыңдай алмай кеткеніне де өкінемін. Анама қолдан келгенше жақсылық жасай алмадым-ау деп те құлазитын кездер болады.

Бірақ, ол өкініштердің орнын толтыратын отбасы, бала-шаға, немерелердің қуанышы, шаттығын көріп, көңілің орнына түседі.


Аз да болса шығармашылығым насихатталып жатыр. Әндерім шырқалып жатыр. Бұдан екі жыл бұрын Алматыда шығармашылық жеке концертім өтті. Еліміздің көптеген өнер жұлдыздары қатысты. Сол кеште 25-26 әнім орындалды. Оның алдында алғаш рет 1990 жылдардың басында «Қазақконцертте» шығармашылық концертім өткен. Содан кейінгі үлкен кешім осы болды. Алғашқы кешімде де Рамазан Стамғазиев, Майра Нұркенова, Сұлушаш Нұрмахамбетова т.б. сынды әншілер қатысып, менің әндерімді шырқаған болатын.

Елімнің елеп, ескеріп жатқанына, менің әндерімнің тындармандары барына, көптеген мәдениет мекемелерінің шығармашылық кездесу кештерімді ұйымдастырып өткізіп жатқандарына, ұмытып кетпегендеріне қуанамын. Немерелерімнің барына, бала-шағамның аман екеніне қуанамын. Жалпы өмірде қуаныш көп қой. Жақсы ән туып жатса соған қуанамын. Әндеріңді ел тыңдап, халық мойындап жатса - композитор үшін нағыз қуанышты нәрсе сол емес пе? Ең алғашқы қуанған кезім 1995 жылдары болса керек, Павлодар қаласында композитор қыз-келіншектер арасында тұнғыш рет республикалық Майра Уалиқызы атындағы конкурс болды. Сол байқауда бірінші орын алып, «Композитор Майра» деген атаққа ие болдым.


–Мерейтойыңыз кітапхана, музейлерде шағын аудиторияларда аталып өтуде. Ал сіз «Ауылға барам», «Аппақ гүлдер», «Алтынай», «Көк байрақты Қазақстан» сынды өлмес әндер жазған сазгерсіз. Таңдаулы туындыларыңызбен соншалық биік болсаңыз да, біздің жергілікті биліктің немқұрайдылығынан десек пе екен, мерейжасыңыз кең ауқымда аталып өтпей жатқан сияқты…

–Мұның бәрі карантиннің әсері. Мерейтойым Түркістан сарайында өтетін боп жоспарланған еді. Карантинге байланысты кейінге қалдырылғанға ұқсайды. Өткенде Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есеновамен хабарласқан едім. Ол кісі «Келесі жылы өткізсек те кеш болмайды» деді. Алдағы жылдың жоспарына кіретін болар деп ойлаймын. Ал қазір Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы менің кешімді өткізуге дайындық үстінде. Бірталай шығармаларымды өнерпаздарға беріп қойғанмын. Соларды іріктеп,  сәтті шыққандарын үлкен концерттік бағдарламаға қоссақ деп жоспарлап отырмыз. Уақыты әлі белгіленбеді.

–Сіздің қарапайымдылығыңыздан болар, әлі күнге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілмеген. Сол атақты әншісі де, әнші емесі де алып жатқан уақыт. Бұл олқылықтың орны толды ма?

–Қазақстан композиторлар одағының мүшесі деген ең үлкен атағым бар. Облыстан одаққа мүше болған екі-ақ адамбыз: мен және Алдамұрат Көшербаев. Жалпы, бір таңқаларлық жағдай, басқа облыс, қалалармен салыстырғанда, атақты ең аз тағайындайтын біздің Шымкент екен. Себебін білмедім. Мен Халықаралық Шәмші конкурсының алғашқы лауреаттарының бірімін. Талай рет республикалық конкурстарға қатыстым. Мұқан Төлебаев атындағы, Майра Уәлиқызы атындағы, Мағжан Жұмабаевтың сөздеріне жазылған әндер фестиваліне қатысқанмын. Сол байқаулардағы, бірнеше дүркін «Лауреат», Жеңімпаз дегеннен басқа атағым жоқ. Өзім де атаққа құмар емеспін. Соңына түспеймін де,  сұрамаймын да. Маған сол атақтың керегі де жоқ сияқты. Менің шығармашылығыма деген елдің қызығушылығы болса, сол жетеді деп жүрген адаммын. Мен үшін, ешқандай атақ халықтың ықыласы мен құрметіне жетпейді.


–Ең алғаш шығарған әніңіз қандай, жалпы әнге деген қабілетіңізді, өнеріңізді кім ұштады? Кім байқады?

–Әнге деген қабілетімді алғаш туған әпкем Қарлығаш байқады.  Кезінде екеуміз дуэт айтатынбыз. Менен тоғыз жас үлкендігі бар. Қазір аздап сырқаттанып қалды. Алғашқы әндерімді сол кісі үйреткен. Бір әнді айтқызып, тағы бір тон көтеріп, тағы айтқызып, тағы бір тон көтеріп,  даусымды шыңдап, жоғары нотаға дейін апарып жаттықтыратын. Қарлығаш әпкем – неміс тілінің маманы. Алматыдағы сол кездегі Шет тілдер институтын бітірген. Басқа мамандық иесі болса да, әнді  жақсы айтатын. Екеуміз дуэт болып, талай сахналарда ән шырқағанбыз. Әпкем көбінесе екінші дауысты жақсы алатын. Менің өскен ортам – Абай, Мұхтар, Шәкәрімдей Ұлылардың туып-өскен жері -  Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылы. Сол ауылда балалық шағым өтті. Абай атындағы орта мектепті бітірдім. Мектепте жүргенде Абайдың әндерін айтып, өлеңдерін жаттап өстік. Әдебиет пәнінен «Абайдан соң» романын жазған белгілі жазушы Кәмен Оразалин ағамыз сабақ берді. Сабағында маған үнемі Абайдың әндерін айтқызатын. «Өзгеге көңілім тоярсың», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін айтудан жалықпайтынмын. Әншілік өнерім мектеп сахнасынан басталды. Әкем шертпе күйдің шебері еді. Жас кезінде Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержановтарға еріп, біраз концерттерге қатысып жүріпті. Кейін Алматы филормониясына жұмысқа шақырғанда шешесін жалғыз қалдырғысы келмей, ауылға оралып, басқа салада жұмыс істеді.  Бірақ, сонда да қолы қалт еткенде,  бала-шағасын жинап алып,  домбырасын шертіп, бәрімізге кезек-кезек ән айтқызып, өзі де күйін шертіп, әнін шырқап, шаңырақты думанға бөлеп отыратын. Әкемнен алғаш рет домбыраға қосылып, Естайдың «Құсни-Қорланын» үйренгенмін. Яғни, музыкаға бет бұруыма әке-шешемнің де ықпалы болды. Анам да анда-санда той-жиындарда бір-екі ауыз өлеңді жанынан шығарып айтатын өнері бар еді. Осы жағдайлардың барлығы менің өнер адамы болып калыптасуыма әсер етсе керек. Әке-шешем менің өнеріме еш қарсылық танытпады. Қайта ән айтқан сайын қуанатын. Қолдайтын. Өкінішке қарай, әкем мен анама менің шығарған әндерімді тыңдау нәсіп болмады. Әкем өмірден ерте өтті. Екеуі де жалпы менің шығармашылық бастауымды көрген де білген де жоқ.

–Қызық, Ұлы Абайдың топырағында өсіп, бой жетіп, Қазақстанның екінші бұрышындағы Шымкентке қалай келіп, қоныстандыңыз?

–Әпкем мен жездем Алматыда жоғары оқу орнында бірге оқыды. Жездем шымкенттік. Оқу бітірген соң олар Шымкентке келді. Әпкем мектепте неміс тілінің мұғалімі болды. Жездем жұмыс бабымен шетелге кететін болған соң, мен әпкем жалғыз қалмасын деп ауылдан Шымкентке келіп, әпкемнің қолында тұрдым. Сол кезде шырайлы шаһарды, жылы жүзді тұрғындарын, жайқалған жасыл желегін, нұр шашқан шуағын жақсы көріп қалдым.


Сөйтіп осы жаққа оқуға түсем деп шешім қабылдадым. Ол уақытта Шымкент педагогикалық Мәдениет институының ашылғанына көп болған жоқ еді. Әкемнің жалғыз қарындасы жақсы қызметте істейтін. Сол кісі маған Семейдің мединститутына жолдама алып қойған. Ол жолдаманы алып, мединститутқа барам деп шығып, орта жолда айнып, Шымкентке тартып кеткем. Өзім армандаған мәдениет институтына тапсырайын десем, құжат қабылдау аяқталып қойыпты. Сол институттың дайындық курсына түсіп, оқып, бір жылдан кейін музыкалық училищеге түсіп, оны аяқтаған соң қайта Мәдениет институтына оқуға түстім. Мен сонда музыка саласында тоғыз жыл оқыған екенмін ғой. Музыкалық сауатымды осылайша Шымкентте ашқанмын. Ұстаздарым кіл мықтылар еді. Училищеде вокал сабағынан Магзумова Магмура Ғалиқызы дәріс берсе, институтта үлгі тұтқан ұстазым Камалова Нәсіпханым Камалқызы болды.  Ол кісілер бізге тек музыканы ғана емес, олар бізге қандай жағдайда да адам болып қала білуді үйретті. Осы уақытқа дейін сол ұстанымды бұзбадым деп ойлаймын.

–Барлық әніңіз өз балаңыз сияқты аяулы шығар, десе де, қай әніңіз өзіңізге ерекше жақын, ыстық, тарихы қандай?

–Ең алғашқы әнім Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Бір хатқа жауап» деген ән болатын. Ол кезде жігітім әскерде еді, 1972  жылдар ғой, қазіргідей байланыс құралы жоқ, айлап, апталап хат күтесің. Ол әнді сол кездерде Шымкент қаласында тұңғыш құрылған Қазақ вокалды-аспаптық ансамблі орындады. Кейін ол ансамбль тарап кетті. Өзім де ол әнді ұмытыңқырап кеттім. Бірақ, нотасын қағазға түсіріп қойған екенмін. Институтты бітіргеннен кейін Облыстық Халық шығармашылығы мен мәдени-ағарту жұмыстарының Ғылыми-методикалық орталығында Халық шығармашылығы бөлімін басқардым. Сонда облысымыздан көптеген әуесқой композиторлар келіп, әндерін нотаға түсіртетін. Кейде жақсы әндер де болады. Нашар әндерді көрген кезде, мынадан мен өзім жақсы жазамын ғой, қолға алсам деп ойлаймын. Бірде, Аманкүл Әлімбетова  деген ақын апайымыздың «Туған жер» деген өлеңіне ән жаздым. Сол әнмен облыстық патриоттық әндер байқауына қатысып екінші орын алдым. Содан кейін менде шығармашылығыма деген сенім пайда болды. Отбасылы, бала-шағалы болып ән жазуды тоқтатып қойғанмын. Одан кейін, «Арман - әнім», «Аппақ гүлдер», «Алтынай» әндерім дүниеге келді.

Ең жақын, жақсы көретін әнім «Арман-әнім». Алматыдан қайтып келе жатқан бір сапарымда пойызда ойыма әдемі әуез келді. Эстрадалық классикаға сәйкестендіріп сөзін жаздым. Бір кездері сол әннің мелодиясы «Оңтүстік Қазақстан» телеарнасының ауа райын беретін бағдарламасында ойнап тұратын.

«Сен- таңдағы әнім,

Үмітім боп жалғанарым,

Самғар әнім.

Сен таң қаларым,

Бар ғаламнан таңдағаным,

Арман әнім», - деп келеді қайырмасы.

Бұл әнді Майра Нүркенова орындады. Өзім орындадым. Қазір жастар айтып жүр.

–Шымкентте кездейсоқ қалып қойған екенсіз. Бүгінде нағыз шымкенттікке айналып та кеттіңіз. Шығыстың өнерлі қызын шымкенттік жігіт жақсы түсінді ме? Шығармашылығын қолдады ма?

–Күйеуім, өзі ән айтпаса да өнерді жақсы көретін. Менің, «Сені көргім келеді де тұрады» деген әнімді ерекше жақсы көретін. Жұмыс бабымен Мәскеуге іссапарға жиі баратын. Бір күні сол жақтан пойызбен келе жатса, радиодан беріп жатыр екен. «Сені көргім келеді де тұрады» дегенді естіп жыладым» деп келді. Музыкалық қабілеті болмаса да, тыңдағанды жақсы көретін. 2002 жылы өмірден озды.

–Сізде ән жазбаған тақырып бар ма? Немесе мына әнімді мына әнші орындаса деген арман-мақсат?

–Осы уақытқа дейін жазылмай жүрген бір ғана тақырып бар еді. Ол – әке туралы. Жақында Санжар Ғұламаның «Әке, мен сені сағынып жүрмін» деген өлеңін оқып, ән жаздым. Жазбай жүруімнің себебі, жақсы өлең кездестіре алмадым. Қаншама ақынның әке туралы өлеңін оқып шықтым. Бірақ ән тумады. Санжардың өлеңі қатты ұнады. Оқиғалы. Санжардың әкесі ауырып, төсек тартып жатыр екен. Соған өлең арнаған. Бұл сиясы кеппеген жаңа әнді Түркістанда Санжардың кітабының тұсаукесерінде жақында әкесі қайтыс болған бір әнші жігіт орындады. Сол күні әкесінің қырық күндік асын берген екен. Жүрекке жеткізіп орындады. Басқа тақырыптардың барлығын қамтыдым деп ойлаймын. Туған жер, Қазақстан, махаббат, ана, достар, балалар репертуарына, тағы басқа тақырыпта  150-ге  тарта әндер, Ұлт-аспаптар оркестріне арналған күй, ән-балладалар, эстрадалық термелер, эстрадалық -аспаптық ансамбльге арналған пьеса, хор мен солистке арналған шығармалар жазыппын. Қазір «Әке арманы» деген күйімді облыстық филормония оркестрі дайындап жатыр. Бұл күйде таланты, дарыны бола тұра әкемнің өнер жолына түсе алмай, өмірдің қым-қуыт тіршілігімен басқа салаға кеткені, әкенің орындалмай қалған арманын ұрпағы жалғастырып жүргенін музыка тілімен жеткізгім келді.


Мына әнші орындаса деп айтатын болсам, Жарылқасын Амановтың сөзіне жазылған Димаштын дауысына лайық, «Қайда сен жүрсің, шаттығым?!» деген бір әнім бар. Диапазоны кең. Сол әнді Димаш орындаса шырқап кететін-ақ ән. Жақында «Славян базарынан» бас жүлде алып келген Рухия Байдүкенова эстрадалық ән-терме орындаса басқаша эффект болар еді. Қазақтың термесін эстрадалық бағытта айтса, шетелде жақсы, ерекше қабылданады. Бір мысал айтайын, осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада композиторлардың Халықаралық форумы болды. Сол жиында хор ұжымы ән айтты, симфониялық музыка ойналды. Операдан ариялар айтылды. Бір уақытта Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі сахнаға шықты. Оркестр күй ойнай бастағанда шетелдіктер орындарынан тұрып, фотоға, бейне-камераға түсіре бастады. Тым-тырыс отырған залға жан бітті. Сонда байқадым шетелдіктердің халық музыкасына деген көзқарасы басқаша екенін. Кейін Пирамида залында композиторлардың дөңгелек үстел жиналысында Италиядан келген Джованни Феррауто деген композитор және музыка зерттеуші ғалым «сіздер бізді классикамен, операмен таңғалдыра алмайсыздар. Өйткені, операның отаны - Италия. Сіздер бізді тек қана өздеріңіздің ұлттық музыкаларыңызбен, ұлттық музыкалық аспаптарыңызбен, таңғалдыра аласыздар» деп айтқаны есімде. Сол музыка маманы айтқандай, термелеріміз шетелде эстрадалық бағыттағы өңдеумен шығып жатса ерекше болар еді. Менің «ән-қоржынымда» өңделмей жатқан әндер көп. Ән-терме де бар. Жақсы орындаушылар керек. Қазіргі таңда ән де тауар болып есептеледі. Дегенмен, әндерімді қымбат бағаға сатқан емеспін. Тапсырыспен жазған әндерім бар. Қазір де жақсы орындаушылар болса тегін беріп жіберемін.


–Сізді әншілер жиі іздейтін шығар?

–Көбіне әншілер өздері іздейді. Мен әндерімді атағы бар әншілерге беруге талпынбадым. Өйткені, алыста болдым, оларды іздеп, байланысу керек. Әнді түсінетіні, түсінбейтіні бар деген сияқты. Әнді әншіге өзім үйреткенді құп көремін. Бір нотасы қисайып кетсе, туындың мүлде басқа кейіп киюі мүмкін. Бұлай дейтінім, қазіргі кейбір әншілер әнді бұзып айтады. Өзінше бір өңдегісі келеді. Түпнұсқадан ауытқыған соң әннің табиғаты бұзылады.

Негізі қазіргі әншілерге де кішкене өкпем бар. Ән іздемейді, композиторды іздемейді. Қазақ композиторларының әндерін насихаттаудың орнына қырғыз, өзбек, түрік, румынның әндеріне қазақша мәтін жаздырып алып, орындап жүр. Оңай жолын іздеуге көшкен. Сондықтан болар, сапасыз, жеңіл әндер көп. Кейінгі кезде қазақ әндеріндегі ұлттық бояу, ұлттық калорит, ұлттық мінез жоғалып барады. Отандық әншілерді патриот болуға, қазақ композиторларын насихаттауға шақырар едім. Біздің оңтүстік өңірімізде де жақсы композиторлар аз емес. Қазығұрт ауданында Аян Қожанов деген композитор бар. Көп шыға бермейді, қарапайым жан. Бірақ әндері керемет. Ақбота Керімбекова орындайтын «Арман-ай», Бауыржан Исаев орындап жүрген «Жүрегім сені іздейді» деген әндері қандай тамаша. Жан дүниеңді қопарып жібереді. Түркістанда, «Ауыл жатыр той жасап», жас жұбайлардың гиміне айналған «Сіздерге әрдайым орын бар» деп келетін керемет әндердің авторы Бекжігіт Сердәлі бар. Сондай-ақ, Мұқан Байбосынов деген композитор шәкіртім жаңадан шығып жүр.  Ол музыкалық училищені бітіргенннен кейін сауда саласымен айналысып кеткен еді. Жағдайын дұрыстап алғаннан кейін қайтадан музыкаға бет бұрып, ән жазып жүр. Жап-жақсы әндері бар. Түлкібаста Ырысты деген композитор қыз бар. Ол көбіне патриоттық әндер жазады. Сондықтан ауыл-аймақтағы композиторлармен байланысып, ән іздеңіздер дер едім әншілерге.

Музыка жазу үшін білім болу керек. Ең болмаса нота білу керек. Бізде кейбір композиторлар әннің құрылысын түсінбей, қалай болса солай жазады. Ән жазудың ішкі заңдылықтарын сақтамайды. Кейбір сөздер әнге салған кезде басқаша естіліп кетеді. Осындай нәрселерді еске ала отырып, жазу керек. Маған сазгерлер «сіз шындықты айтасыз, әнімді көріп беріңізші» деп әндерін жиі жібереді. «Мына жерің дұрыс, мына жерің дұрыс емес» деп айтамын, дұрыс түсінетіндер бар, түсінбейтіндері де бар. Адамдардың жеке өміріне араласпаймын, бірақ музыка жағынан қателіктер болса айтпай тұра алмаймын. Өйткені музыка сенің жеке басыңның дүниесі емес, халыққа насихатталып кеткеннен кейін ол халықтың дүниесі болып қалады. Сол себепті, әнді сауатты жазуға міндеттіміз.

Шәмшінің әндері ел есінде неге тез сақталады? Өйткені көп әндері ақынмен, әншімен, біріге отырып шығарылған. Осы «үштік одақты» жоғалтпау керек. Өзім әннің мәтініне қатты мән беремін. Поэзияны көп оқимын. Бізде, бұрынғыдай, таңдап, сараптап отыратын «көркемдік кеңес» деген жоқ. Сондықтан мәтіні де, әуені де арзан, қарабайыр әндер көбейіп кетті. Мұның бәрі уақытша, жеңіл әндер көбейген сайын адамдардың мұндай әндерді тыңдауға деген ықыласы кеми береді деп ойлаймын. Жастардың музыкалық талғамын тәрбиелеу керек. Музыка адамға ауадай қажет. Жақсы әуен адамның жанын емдейді. Музыканы тыңдай отырып, ой-қиялға берілесің, сәулелі шақтарыңды, белгілі бір оқиғаларды есіңе аласың. Музыкада ұлт болмайды. Кез келген жақсы музыканы жан-дүниең жақсы қабылдайды.

– Сіз Түркістан облыстық композиторлар одағының төрайымысыз. Қандай жүйелі жұмыстар атқарып жатырсыздар? Қандай мәселелер сізді алаңдатады?

– Облыстық композиторлар одағында Түркістан облысы бойынша 100-ге тарта мүше бар. Оның тең жартысы Шымкенттен. Олардың арасында  жаңадан ән жазып жүргендері де, есімі мен әндері елге танымал, радиодан, телевидениеден жиі шырқалып жүргендері де бар. Біз олардың шығармашылығының насихатталуына ықпал етеміз. Ноталарын жазып береміз. Концерттерге қатыстырамыз. Карантин басталмас бұрын өнер тақырыбында жиі семинар-тренинг өткізіп тұратынбыз. Халық шығармашылық орталығымен бірлесіп бірнеше аудан орталықтарында «Ән тербеген жүректер» деген атпен концерттер қойдық. Ең басты проблемамыз - біздердің жиналатын орнымыз жоқ. Аудан-ауылдан сазгерлер келсе, бас қосып, әндерді қызу талқылайтын орын болмағандықтан бірде кафеге, бірде біреудің үйіне барамыз. Былтыр Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке қаладағы көп ғимараттың бірінен бір бөлме беруін сұрап, хат жолдаған едім, жауапсыз қалды. Қаланың қай жерінде болса да бір бөлмеміз болса, біздер жиналып, концерттік бағдарламалар құрып, нотасын түсіріп, әндер жинағын шығаруға көмектесіп, өзіміздің жұмысымызды істей беретін едік. Сондай-ақ кей композиторлардың  50, 60, 70 жылдық мерейтойлары болып жатыр. Сондай кездерде  тілектестік білдіріп, концерттерін өткізіп алғыс хат ұсынып, туындыларын халықпен бөліссек деймін. Мына әлемнің дегбірін қашырған пандемия бітсе жұмыс жанданып, бәрі қалпына келер деп үміттенемін. Тағы бір мені алаңдататын нәрсе: бүлдіршіндеріміздің балалар әнін орындамай, сахнада, өз жасына, өз дауысына сай емес, махаббат туралы немесе жеңіл-желпі, сөзі мен әні арзанқол әндер айтатыны қынжылтады. Балалардың бәрі Қайрат, Төреғали, Ерке болғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Біздің Одаққа мүше композиторлардың әрқайсысының қоржынында балалар әні бар. Менің өзімде балаларға арналған оншақты әнім бар. Ол әндердің кейбірі Алматы, Астана, Түркияда өткен балалар ән байқауларында орындалды. Бізде  ұл-қызын әншілікке баулып жүрген ата-аналар, ұстаздар көп ізденбейді. Композиторлармен тығыз жұмыс жасамайды. Осыны жақсы жолға қою үшін,

балалар әндері өз деңгейінде насихатталуы үшін, республикалық конкурс ұйымдастырып, оны жыл сайынғы дәстүрге айналдыру керек. Мақсатты, бағытты түрде жұмыс жасаса балалар әндері жарыққа шығады, насихатталады. Бұндай байқау бала әншілердің репертуарын сөзсіз байытатын еді.

–Құралай апай, сырлы сұхбатыңызға рахмет! Әндеріңіз өміршеңдігін жоймасын, өзіңіз мәңгі жасарып жүре бергейсіз!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды. 

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: