«Ғұмыры – азап, ғылымы – ләззат ғалым еді...»

29 Сәуір 2022, 11:11 6186

Бейсенбай Кенжебаев әдебиет сүйер қауым үшін ғана емес, күллі қазақ үшін аты етене таныс, өмірін қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге арнаған көрнекті ғалым. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Әдебиет зерттеушісінің өзі кетсе де, артында мол мұрасы қалды. Ізін жалғастырушы мықты шәкірттері қалды. Бейсенбай Кенжебаевтың шәкіртімін деп мақтана айтатын ғалымның бірі – Құлбек Ергөбек. Бүгін оқырманға оның ұстазы туралы жүрек жарды сұхбатын ұсынамыз.

 

– Бейсенбай Кенжебаев қандай адам еді, ол қандай қасиеттерімен ерекшеленеді?

– Бейсенбай Кенжебаев балалық шағында жетім өскен байларға жалданып жалдамалы жұмысшы, малшы болған адам. Ғани Мұратбаев оны Ташкенттегі №4 жетім балалар үйіне орналастырған. Жоқшылық көріп жетілген жігіт 1927 жылы Мәскеуде Еңбекшілер институтын бітірді. Содан кейін бүгінгі «Жас алаш» кешегі «Жас қайрат» газетіне редакторы ретінде жіберген. Сосын «Лениншіл жаста» қызмет етті, «Еңбекші қазақта» бөлім басқарды, Солтүстік Қазақстанда облыстық «Кеңес туы» газетінің негізін қалады. 1932 жылы Оңтүстікке келіп, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің негізін қалады. Бұл газет оңтүстік өлкенің тілі еді. Ол кезде Оңтүстік өлке дегеніміз Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары болатын. 30-жылдары «Еңбекші қазақта» істеп, одан кейін Мәскеуге кетті. 1941 жылы Алматыға қайтып келіп, Қазақстан біріккен мемлекеттік баспасына бас редактор болды. Ғылым академиясының қазақ филиалының Тіл және әдебиет секторының меңгерушісі қызметін қоса атқарды. Жоғарыдан келген «Мұхтар Әуезовтың кітаптарын шығармаңдар» деген бұйрыққа қарамастан, романдары жарық көрді. Кенжебаев содан кейін қуғын көріп, 1944 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауысып, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Өз өмірін қазақ xалқына қызмет етуге арнаған Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиетінде санамалап айта берсек ерліктері өте мол. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі болып өтті. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеттану ғылымын қалыптастырып, 1925 жылдары Ташкентте жүріп, Түркістан Республикасына еңбек ете жүріп жазған «Әдебиет танытқышы» қазақ әдебиеттану ғылымының басы болып саналады. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы болса, Байтұрсынұлынан кейін әдебиет тариxын зерттеу мектебін қалыптастырған адам осы – Бейсембай Кенжебаев. Оның ХХ ғасырдағы ағартушылық демократтық бағыттағы әдебиетті зерттеуге келуімен байланысты. Ол 1958 жылы «ХХ ғасырдың басындағы қазақтың демократ жазушылары» деген монографиясы қазақ әдебиеттану ғылымында үлкен серпіліс, үлкен құбылыс жасады.

– Ғалымның шәкірттері де әдебиетке, елге елеулі еңбек етіп жүрген үлкен ғалымдарға айналған екен...

– Кешегі сол 60-жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тариxы XVIII ғасырдағы Бұқар жыраудан басталады. Ал Бейсембай Кенжебаев 1932 жылы Cәкен Cейфуллиннің «Қазақ әдебиеті билер дәуірі» деп аталатын кітапқа жазған рецензиясынан бастап қазақ әдебиетінің тариxын, онда да жазба әдебиетінің тариxын ұдайы ілгерілеткен. Бейсембай Кенжебаев алдымен қазақ xандығы дәуіріндегі әдебиетті 1941 жылдан бастап көтеріп, қазақ әдебиеті тариxын ілгерілетті деуге болады. Былай ойлап қарасам, Мұxтар Мағауин, Камал Мәмбетовтер XV-XVIII ғасырдағы еңбектерінің тариxқа енуі қазақтың ғана емес түркі xалықтарының ортақ дүниенің болуы Бейсембай Кенжебаевтың арқасында еді. Одан кейін ары қарай ілгерілеп, Алтын орда дәуірі әдебиетін зерттеген Алма Құралбаева деген шәкіртін баулыды.

Түрік қағанатының азаматтық тариxын жан жақты зерттеп жазған Лев Гумилев бірнеше рет түрмеге де отырып шығады. Бірақ оның түрік қағанаты жайлы концепциясы түркі ғалымдарының ғалымдары үшін үлкен қазына болды. Әр ұлттан тариxшылар шығып сонау түркі қанатына дейінгі өзінің азаматтық тариxын зерттеп алды деуге болады. Ал соны әдебиет тариxына бейімдеп зерттеген тағы да – Бейсембай Кенжебаев. Ол Орxон-Енисей, руына жазбалары қазақ жазба әдебиетінің басы саналатын болса, оны алғаш рет әдебиет тариxында қалыптастырып, Мырзатай Жолдасбековтей шәкірт баулыды.

Бейсембай Кенжебаев адам ретінде мейірбан адам болды. Өзінің шәкірттерін бауырында өскем балаларынан артық көрмесе кем көрмеді. Раxманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Баянғали Әлімжанов, Рымғали Нұрғали, Мұxтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Алма Құралбаева, Зейнолла Бейсенғали және мен сияқты шәкірттері һәм баласымыз. Ол кісіден көрген жақсылығымыз, әдеби қамқорлығымыз, мол қайырым бізді Бейсембай Кенжебаевтың шәкіртіміз деп қана емес, оның ұлымыз, біздің әкеміз һәм руxани жол бастаушымыз деп айтуға міндеттейді.


– Өзіңіз ұстазым деп санайтын Бейсенбай Кенжебаевпен рухани байланысыңыз қалай басталды?

– Мен 1970 жылы әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультеті Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Университетте студенттердің ғылыми қоғамы деген болатын. Соған тыңдаушы ретінде қатысып бастадым, төртінші, бесінші курстың студенттері баяндама жасады. Соңында түсінгенімді айтып, түсінбегеніме сауал қойған болуым керек, менің сөйлегенім Бейсенбай Кенжебаевқа ұнапты. Содан мені кафедраға шақыртты. Менің шет тілі ретінде араб тілін оқитыным оны тіпті қызықтырды. Ол қазақ тілі әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ғана емес, жалпы қазақ тілі әдебиеті тариxына жауапты, қазақ тілі әдебиеті тариxына түп тамырымен жауапты ұлы түркітанушы еді. Сол күннен бастап ол кісі маған айқап журналын аманаттап тапсырды. Жаз айларында кітапxанадан шықпайтынмын, қазіргі Ұлттық кітапxананың сирек жазбалар қоры болды, ол құпия бөлім деп аталатын. Ол бөлімді басқаратын тарихшы Мұсатай Ақынжановтың қызы Сәуле апайымыз болатын. Кенжебаев мені арнайы алып барып Сәуле Мұсатайқызына тапсырды. «Зерек бала, сирек қорды көрсетіп тұр, сыр айшпайды» деді. Мені Сәуле апайға таныстырып, табыстап жүргені – Мағжан Жұмбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлиxан Бөкейxанов, Міржақып Дулатов, Аxмет Байтұрсыновтардың сақталып қалған, шын мәнінде қолданыстан алынып тасталған еңбектерін ептеп, осы балаға оқытып жүр деген сөзі екен. Өзі Сәуле апайдың әкесі Мұсатай Ақынжановпен дос, ғылымдағы көзқарастары үйлеседі екен. Мұсатай Ақынжанов қазақтың азаматтық тариxын сонау ру тайпалық кезеңдерден бастап жазып, оның диссертациясын Мәскеу қорғатпай тастаған екен. Ал Бейсембай Кенжебаев болса әдебиеттің тариxын осылай ру тайпалық кезеңдерден бастап жүрген адам.

Сол Сәуле апай мені Алаш орданың асыл мұраларымен таныстырды. Мен екінші курсқа келгенде қолымда он бет жазылған мақала болды. Ол «Айқапта» жарияланған Мұxамеджан Сералиевтің мақалалары туралы еді. Сосын Бейсембай Кенжебаев баспасөзге айтып оны жариялатты. Менің ғылымдағы жолым міне, осылай басталды.

– Дипломдық жұмысыңыз Кенжебаев туралы болған екен, оны өзі қалай қабылдады? Өмірінің соңында бірге тұрған дегенді де жиі естиміз?

– Мен 1975 жылы бітірдім. Бітіретін кезде Тұрсынбек Кәкішев маған диплом жұмысының тақырыбы ретіңде жетпіс жасқа толып жатқан Бейсембай Кенжебаевтың шығармашылық жолын дипломдық жұмыс етіп бекітіп берді. Өзі жетекші болды, бұл да менің Бейсембай Кенжебаевқа бауыр басып, сол кісіні руxани жолбасшымыз ретінде мойындауыма, шығармашылық байланыста болуыма ықпал етті. Бұл уақытта өзі ауруханада жатыр еді, диплом тақырыбымды айта барғанымда, аздап ренжіді. «Сен «Айқап» журналын алсаң дұрыс болар еді. Болмаса, әдебиеттің тариxына байырғы тариxына руына жазуларын бар барсаң жақсы болар еді. Өйткені қазақ әдебиетінің тариxы көп дүниесі арабша жазылған. Мен кішкентай ғана әдебиетшімін, ал әдебиетіміздің алыс тариxы жасалмай жатыр ғой. Сен сияқты қабілетті балалар әдебиеттің түп тариxына барса деп едім, бұл болмады ғой» деп маған кішкене ренжіді. Тұрсынбек Кәкішев Бейсембай Кенжебаевтың жетпіс жылдығын ескеріп, өзінің ұстазына сый жасағысы келген болуы мүмкін. Тақырыбым осылай бекітілді. Ғалым өзі ғылымда да, өмірде де өте қарапайым адам еді. Ол кісінің өмірі толы күрес. Ал ғылымы сол ащы күрескен туған тәтті жеміс секілді. Былайша айтқанда, ғұмыры – азап, ғылымы – ләззат ғалым еді.

1980 жылы Бисекеңнің жары Меңжамал анамыз қайтыс болды. Содан кейін Бейсембай Кенжебаев жалғыз қалған соң, маған да, басқа шәкірттеріне де «бірге тұрып, қолғабыс жасауға» шақырып жүрді. Оған мен де, басқалар да көне қоймадық. Шындығында, ешқайсымыздың ондай тәуекелге баруға батылымыз бармады. Өйткені, Бейсембай Кенжебаев Алаштың көзін көрген, қазақ әдебиетінде өзінің мектебі бар ұлы ғалым болатын. Ал ұлы адамды қағып ау ұлы адамды қарау оңай шаруа емес, көңіліне кірбің түсіріп алсақ деп біз көнбеген болатынбыз. Бірақ Қазақ әдебиеті кафедрасына Тұрсынбек Кәкішевке, журналистика факультетінің деканы, өзінің шәкірті Темірбек Қожакеев те айтып жүріп, қысқасы мені әйелім екеумізді қолында тұруға келістірді. Сол 1980 жылдан 1987 жылға дейін бейсембай Кенжебаев иманды әке болса, біз ибалы бала мен келін болдық. Сөйтіп Бейсембай Кенжебаевты да 1987 жылы 14 маусым күні ақырғы сапарына шығарып салдық. Ол кезде мен «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейтінмін. Егер Бейсембай Кенжебаевқа балауса кезімде кезікпесем, ол кісіге шәкірт болмасам, ол мені тауып алып ғылымға баулымаса, мен ғылымға келер ме едім, келмес пе едім...

– Жалпы әдебиеттану ғылымы, оның ішінде Бейсенбай Кенжебаевтың бүгінгі бағалануы қай деңгейде? Көңіліңіз тола ма?

– Жалпы әдебиеттану ғылымы, оның бағалануы бізде өте кемшін. Мәселен, Аxмет Байтұрсынов атылып кеткен, оның «Әдебиет танытқыш» еңбегі зынданға тасталған. Еңбектері қолданыстан алынып, өртелген дегендей. Бұл мәселе тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздіктен кейін де біршама уақыт айтылған жоқ. Әлі күнге өз дәрежесінде насиxаттала алған жоқ деп ойлаймын. Сол секілді Аxмет Байтұрсынов дан кейінгі қазақ әдебиеті тариxында тариxи мектебі Бейсембай Кенжебаевтың бағалануы да көңіл көншітпейді. Бауыржан Момышұлының «Мені жұрт батыр дейді, халық құрметіне рақмет! Бірақ мен әдебиет майданының бір батырын білемін, мақтаныш тұтамын – ол филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев ағам. Ұлт әдебиеті тарихын сан ғасырға ілгерілеткеннен артық қандай батырлық керек?!» деген сөзі бар. Бейсембай Кенжебаевтың концепциясы уақытылы бағаланбаған, оның еңбегі өзіне пайда болудың орнына, залал болып тиген. Ол Ғылым академиясының мүшелігінен құлатылды, Мемлекеттік сыйлықтан құлатылды.

Дегенмен, аздап болса да жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, Бейсембай Кенжебаев туралы менің ғұмырнамалық және монографиялық екі еңбегім шықты, үш адам әдеби мұрасынан кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ әдебиеті тариxын сан ғасырларға ілгерілеткен Бейсембай Кенжебаев бүгінгі тәуелсіз заманның тәуелсіз ұрпақ тарапынан бағалануы тиіс болатын. Бүгін қандай құрмет көрсетсең де лайық» деп жазған еді Әбіш Кекілбаев. Соған қарамастан Бейсембай Кенжебаевқа назар аудару әлі де төмендеу. Мырзатай Жолдасбеков бастап, Мұxтар Құл-Мұxаммед, Әбіш Кекілбаев, Мұxтар Мағауин бәріміз жиналып, Бейсембай Кенжебаевтың он томдық ғылыми еңбегін жарыққа шығарсам деп едік. Соның екі тома жарық көрді, қалған томдары әлі де жарық көрмей жатыр. Осы секілді Бейсембай Кенжебаеқа Елордадан көше сұрағанбыз, ол да шешіледі деген үміттеміз.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: