«Ұлы даланың ұлық тұлғасы»

29 Сәуір 2020, 19:01 5372

Әл-Фарабидің философиялық көзқарастары туралы жас зерттеуші, ғалым Рауан Кемербай әңгімелейді

Кемеңгерлігі мен кеңдігі биікке шығарған, озат ойы топтан оздырған, парасат пайымы әлемдік деңгейде мойындалған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына биыл 1150 жыл. Әлемнің «Екінші ұстазы» атанған ұлы ғұламаның ғылыми шығармаларының жаһандық ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі шексіз. Бізге жас зерттеуші, ғалым Рауан Кемербай сұхбат барысында ойшылдың ғылыми-философиялық еңбектері мен пайымы туралы айтып берді.


Өркениет ойшылы, ұлы даланың ұлық тұлғасы осыдан 1150 жыл бұрын қазіргі қазақ жерінде дүниеге келіп, ғаламдық тұлғаға айналатындығын кім білген?! Ол заманда бүгінгідей білім мен ғылымды игеру оңай болмады. Соған қарамастан бала Фарабидің дарындылығы, білімге құштарлығы, еңбекқорлығы оны биік деңгейге жеткізді. Ал бабамыз өмірге келген жер, бүгінгі Түркістан облысы өркениеттің, білім мен ғылым, мәдениет пен сауда-саттықтың орталығы болғандығын дәлелдеп қана қоймай, қала мәдениетінің, азаматтық қоғамның жетілген үлгісі екенін айғақтайды.

– Шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі ағамыз Отырардан отыздан астам Фараби шыққан деп бір сұхбатында айтып еді. Сол айтылған сөз, айтылған жерінде қалғаны өкінішті. Оны зерттеп, анықтауымыз қажет деп ойлаймын. Тың дүниелер әліде шығатындығы анық. Біздің халқымыз ғалым Фарабидің еңбектерін, рухани мұрасын толықтай түсініп, зерттеп болған жоқ. Осы тұрғыда бізге ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің биылғы 1150 жылдығы үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Зерттеуші ғалымдарға уақытты тиімді пайдаланып, әр ғылым саласының мамандары, профессорлар өздеріне қатысты дәнді алып, ұрықтандырып кеңінен насихаттау қажет деп ойлаймын. Мәселен, математика, физика саласының майталмандары Фарабидің аталған ғылымға қатысты еңбектерін түпнұсқадан аударып, түсіндірмесін жасауы міндетті. Әлі де зерттеу мен жұмыс өте көп, – дейді ғалым Рауан Кемербай.


(Суретте: Жас зерттеуші, ғалым Рауан Кемербай)

Шығыстың ұлы ойшылының ойларының өзектілігі өте тереңде жатыр. Ғұлама азаматтық, саясат, адам мен қоғам жөніндегі пайымдарын өз трактаттарында нақты әрі дәлірек жазып көрсетеді. Олардың тақырыптары әр түрлі болғанымен барлығы бір мақсатқа яғни адам мен қоғамның арақатынасы оның жетілуіне арналған. Осы тұрғыда жас зерттеуші Рауан Кемербай былай деді:

Әуелі бабамыздың құндылығын айтпас бұрын өзіне тоқталайық. Сонда Фараби не деп айтқан, сөзінің құндылығы не деп тұрсыз ғой. Әрине, Әл-Фараби дейміз. «Әл» сөзі әділ, ақылды, данагөй деген сөзден шыққан. Яғни, Фараби бабамыз өз заманының өте беделді, ақылды, биі болғандығын көрсетеді. Ел ішінде абыройы зор, құрметке лайық тұлға екендігі де һақ. Оның қалдырған ойлары мен айтқан сөздерінің құны әрқашан биік. Ойшыл өз еңбектерін Алланың атымен бастайды. Демек, ол жаратушы барын мойындап, тәңірі жаратқан дүниелерді зерттеп, біліп қана құдайға жақындай алатындығын білген. Ақылдың құдіретіне сенген. Менің ойымша, Фараби еңбектерінің өзгешелігі – ол адам мәселесін бірінші қойғандығы. Адамның бір өзі ешқашан бақытты өмір сүре алмайды. Сол үшін бірлесіп, өзара ынтымақтастықта тіршілік ету үшін қоғам мен мемлекеттің қажеттілігін айтқан.

Қазіргі таңда БҰҰ-ның жаһандық, азаматтық философиясы ұлы ойшылдың қайырымды қоғам идеясымен үндес. Әл-Фарабидің барша адамзатқа айтқан үндеуін еске түсіре кетсек, тек бірлесіп, бірігіп ғана адамдар бақытқа жетеді. Тек қана бір-бірімен көмектесетін көптеген адамдар арқылы адам өз табиғатымен бірге кемелденген кемелдікке қол жеткізе алады. Осы орайда Әл-Фарабидің ізгілікті қоғам жөніндегі идеяларын айтуға болады.


Батыс пен шығысты терең білімімен бас идірген Əбу Насыр əл-Фарабидің ғылыми еңбектері мың жылдан асса да бүгінгі күнге дейін жетті. Оның рухани мол дүниесінің қолдан қолға өтіп, бізге аман келуі ғалымның ұлылығының, данышпан әрі білімпаздығының тағы бір айғағы болып табылады.

– Ойшыл өзінің «Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері» еңбегінде былай жазады: «Тәнді емдейтін – дәрігер, ал жанды емдейтін – билеуші болып табылатын мемлекеттік қайраткер. Мемлекеттік қайраткер мемлекеттік басқару өнері арқылы, ал билеуші билеу өнері арқылы «аталмыш өнерді» қай жерде және кімге қолдану керек немесе қолданбау керек, тәннің екі түрін де қандай денсаулықпен қамтамасыз ету керектігін анықтайды». Мұнда ол мемлекеттік қайраткердің адам өмірінде алатын рөлін айтқан. Негізінде, мемлекеттік қайраткер, қызметші кім? Ол – халықтың сенімін арқалаған жалдамалы адам. Демек, мемлекеттік қызметкер – қоғамдағы, қаладағы адамдардың жаны мен тәніне, қауіпсіздігіне жауап беретін, лайықты өмір сүру жағдайын жасайтын лауазым иесі. Мемлекеттік қызметкер болу өте қиын. Оны шығармашылық ізденіс пен өнер деп қабылдаған жөн. Ол халыққа адал қызмет етемін деп ант береді. Негізгі міндеттері ұмытып кететіндер де жоқ емес. Бұл мәселелер қоғамда көрініс тауып та жүр. Бірақ, өкінішке қарай, антқа қиянат жасап, негізгі міндетін ұмытып жатады. Күнделікті өмірде ондай құбылыстарды көріп, естіп жүрміз, – деп сөзін жалғастырды зерттеуші.

«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде адамдар қоғам болып өмір сүре бастайды. Сол қоғамдарды әл-Фараби үшке бөледі: «Үлкен, орташа және шағын қоғамдар. Мұндағы үлкен қоғам – жерде мекен еткен барлық адамдар қоғамының жиынтығы деп көрсетеді. Ал орташа қоғам дегеніміз адамдардың жердің бір бөлігінде ғана бірігуі дейді. Соңғы кішігірім қоғамға кішкентай қала, ауыл тұрғындарының бірігуін жатқызады. Философқоғамның ең кемелденген формасын «қала» деп санайды.

Ойшылдың айтуынша, «Биік игілік пен жоғары кемелдікке бірінші кезекте кемелденудің соңғы сатысында тұрған қоғам емес, қала қол жеткізеді». Ал, қала әр түрлі болады. Ол көбінесе, қандай адам басқаратындығына байланысты. Себебі, адамдар қоғамға өз еркілерімен, еркін біріккендер. Сәйкесінше, адамдар жаман істерді тындыру үшін, зұлымдық жасау үшін де бірігуі мүмкін. Ұйымдасқан топ құрып, мемлекетті, халықты алдайтындарды айтса керек. Неғұрлым кемелденген қала – бұл ізгі қала. Бұл жерде адамдар бір-біріне өзара көмектесу үшін, өздері кемелдену үшін, ортақ бақытқа қол жеткізу үшін бастарын қосады. Ғұламаның пікірінше, салауатты қаланы барлық дене мүшелері үйлесімді қызмет ететін сау ағзаға балайды.


Ізгі қала тұрғындарының екі тобы бар. Біріншісі – ізгі адамдар. Олардың барлық ойы – ізгілік, мейірімділік, әділеттілік. Өз еріктерін басқа тұрғындармен байланыстырып, дос, бауырмашылдық принциппен өмір сүретіндер. Бекітілген тәртіпке бағынып, бір-бірін сыйлайды. Қиын қыстау кезеңде жақындары мен жанындағыларға қол ұшын беріп, жәрдемдеседі. Ондай адамдар ізгі қаланың тұрғындары болып саналады. Екіншісі – надан адамдар. Олар өздерінің пасық, өзімшілдік, менмендік ойларымен өмір сүреді. Оларға қаланың өсіп өркендеуіне, тазалығына бас ауыртып жатпайды. Тек өзінің күнделікті өміріне қажетті шаруамен ғана айналысады.

– Ондай адамдарды «елімізде, жерімізде не болып жатыр, ертеңгі күніміз қалай болады?» деген ойлар мүлдем алаңдатпайды. Олар тек бүгінгі күнімен өмір сүреді. Ондайлар айналамызда жоқ емес. Бүгінгі басымыздан өткеріп жатқан қарантин кезінде кейбір адамдарымыз тиісті шараларды қабылдамай, вирусты бірнеше адамға жұқтырып жіберген жоқ па? Немесе, карантинді елеп, ескермей құмар ойын ұйымдастырып халықты алдап келгендер де бар. Ал, жауапкершілігі мол, мемлекеттің қабылдап жатқан шараларын қолдап, тәртіпке бағынып жатқандарда баршылық. Ел басына күн туған заманда барлығын бәріміз бірге еңсеруіміз керек. Және де болашаққа деген сенім болуы керек.

«Екінші ұстазымыз» әл-Фараби жазып кеткендей мемлекеттің рухын қоғамдағы адамгершілік, қайырымдылық, әділеттілік, тұрақтылық пен ізгілік көтеріп, рухани құндылықтары сақтай алады.

Ойшылдың философия саласындағы ғылыми еңбектері жоқ емес. Үздік білім иесі энциклопедист ғалым ретінде ортағасырлық ғылымдардың қай саласында болмасын даңқы шыққан.

– Ең алдымен осы орайда сіз айтып отырған «философ» деген сөзді анықтап алсақ. Грек тілінен аударғанда оны «даналыққа құштарлық» деп айтамыз. Өзіміздің қазақ тарихында ешқандай ойшыл, ақын, жазушылар «философ» деген сөзді қолданбаған. Олар көбінесе «пәлсапа», «пәл» дегенді айтқан. Әрине, көбіміз «философ» пен «пәлсапаның» қандай айырмашылығы бар, екеуі бір мағына береді ғой дегендер табылады. Ойланып қарасақ, екі сөз екі түрлі мағына, екі түрлі дүниетаным екен. Бірақ, көпшілік мойындағысы келмей, іштей қарсылық танытандығы анық. Ағылшын ғалымы Карен Армсронг «Пәлсапаның негізін салушы түрік ғалымы әбу-Насыр әл-Фараби» деп жазған. Ибн Синада осындай ұстанымда, – дейді Рауан Кемербай.

Бүгінде Әл-Фарабиді бүкіл әлем білсе де, өзіміз терең зерттемей жүргеніміз шындық.

– Білетіндігіміз, екінші ұстаз, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы. Сенбесеңіз сыртқа шығып, Фараби кім, не деп айтқан деп сұрап көріңізші. Осы айтқан сөздердің жалғасы ретінде ұстазымыз академик, Ғарифолла Есімнің алтыншы ақпанда «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Ғұлама Әбу насыр әл-Фараби» деген мақаласын оқуды ұсынамын, – деді зерттеуші Рауан Кемербай.

Ұлы ойшылдың түсінуінше, ғылым мен пәлсапа адамы болуы үшін қойылатын ең негізгі талап бар. Ол алғы шарт – адамның жаны мен арының тазалығы. Барлық жанға, еліне деген адал махаббаты, ғылым саласына деген шексіз берілгендігін айтады. Олар жоқ болған болса, адам пәлсапаны меңгермейді, біреуге үйретуі де мүмкін емес. Ғалым пәлсапаны екі тұрғыда қарастырып көрсетеді. Теория жүзіндегі пәлсапа – өзгермейтін құбылыстарды, заттарды зерттесе, ал практикалық тұрғыдағы ол өзгеріске ене алатын заттарды қарастырады.


– Екінші ұстазымыз Фараби пәлсапаны меңгеруге қатысты еңбек жазған. Ол туынды«Пәлсапаны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат» деп аталады. Аталған шығармасында Аристотельдің ғылымын, философиясын меңгеру үшін міндетті талаптарды орындауды ұсынады. Алғашқысы қажетті ағымдарды толық білу. Және ол өзінің түсініктемесін береді. Пәлсапаны жетінәрсе арқылы танып-білуге болатындығын айтады. Олар: философиялық бағытқа бас болған ұстаздың аты-жөні мен шыққан қаласын білу, ағымды тудыратын басты себеп, талдауға түскен мәселелер. Сонымен бірге философия туралы түсінік, оның мәні мен нәтижесінен тұратындығын көрсетеді. Міне, осы жерден оның терең талдап, түсінік бергеніне көз жеткізуімізге болады. Философияның негізін салушы ретінде Фараби Пифагоршылар тобын қолдаған. Қалған сегіз шартты кейін айтармын.Ол ұзақ әңгіме.

Ол этика ғылымы туралы да айтқан. Этика ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп жазған. Соған сәйкес қарап отырсақ, Фарабидің негізгі ұстанымы, ойы – ізгілік, мейірімділік, адамды құрметтеу, дұрыс тәрбие төңірегінде. Ал «Бақытқа жол» трактатында бақытты болуға қатысты айырықша мән береді. Адам баласының тіршіліктегі бақыты туралы айтады. Бақыт жолына жету оңай еместігін, өмірде қиындықтар кездесетіндігін де жасырмайды. Ғылымда әйгілі орта ғасыр философтары Альберт, Фома Аквинский өздерінің теориялық зерттеулерінде әл-Фарабидің еңбектеріне сүйенген деген тұжырым бар.

– Фараби өмір сүрген заманда ешқандай шекара болмаған. Ілім, білім іздеген оқымыстылар бүгін осы жерде, ертең басқа жерде жүре берген. Ойшылдың Дамаск жеріне баруының себебіде осында жатыр. Яғни, бабамыз көп сұраққа жауап таппай, білім қуып жүре берген. Менің ойымша, Мысыр елінеде барғанын сеземін. Ол заманда Мысыр жерінебүкіл ғұламалар жиналып, сұхбат құрып,бас қосқан. Өздерінің теорияларын жасаған. Пирамида салып, еркін ойдың орталығына айналған. Сол қайнап жатқан жерде Фарабидің білімін толықтырып, грек, араб, мысыр, шығыс ойшылдарымен танысқандығы шындыққа келеді. Сол себептен оның жазған еңбектері өзіміздің жерде емес, шығыс, Еуропа жерлерінде кең тарап, сол мемлекеттерде сақталып қалған. Соған қарағанда Еуропа ойшыл, философтары Фарабидың ойларымен таныс болуы түсінікті.


Айталық, «Музыканың үлкен кітабы» деген еңбегі бүкіл Еуропа ғалымдарының үстелінен түспеген. Аталған еңбек, музыка ғылымына кіріспе, оның негіздері, аспаптар мен композияция деген бөлімдерден тұрады. Ол туындыда музыка ғылымының негізі жайлы жазады. Күй шығару, түрлі жанрлар, олардың көңілге әсері, сезім, үндестік, табиғи тондар, музыкалық интервал, ырғақ сияқты көп нәрселерді айтып, теориясын жасаған. Музыка ғылымының алғашқы теоретигі ретінде, тура осы еңбегі латын тіліне аударылып кең таралып кеткендігі негіз болады.

– Фарабидің еңбектерінің түпкі мақсаты – адам, адамшылық мәселесі. Ол адамның білім, ғылым игеріп, тәрбиелі азамат болуын құптаған. Бұдан асқан адам өмірінде құндылық жоқ шығар. Адамзат жаратылыстың барлық тіршілік иесінің биік шоқтығы болып саналады. Сол себептен де оны құрметтеу, қастерлеу қажет деген тұжырым жасаған. Білім, ізгілік, сұлулық – Фарабидің үш ұстанымы. Ойшыл ғылымның биік шыңын дәріптеген ғұлама. Мінсіз қоғам, мемлекет, қала болуы мүмкін емес. Адамның өзі мінге толы. Қоғам болған соң, ондағы адамдардың арман, ниеттеріне тікелей байланысты. Кейбір адамдар бай болсам немесе үлкен бастық болсам деп жатады. Осы жолда әртүрлі әдіс, тәсілдерге барып біреуді алдайды. Біреуге ақша береді, жағымпазданып жатады. Көрдіңізбе, әр адамның өз ұстанымы бар. Сондықтан мінсіз қоғамның орнауы мүмкін емес, тек барлық адамның бойына ізгілік нұрын сеуіп, бір мақсат, бір мүддеге ғана біріктіріп, топтастыра аламыз, – деді фарабитанушы.

Бүгінде Әл-Фарабидің ұлты жайлы түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ оның ұлты жоқ. Фараби – бүкіл түркі халқына ортақ тұлға. Біздің мақтанатынымыз оның қазіргі, кешегі қазақ жерінде туып өскендігі, киелі Түркістанның түлегі екендігі қуантады.

Фараби бабамыздың тікелей пәлсапа ғылымын зерттеп, жіліктеп бергендігі біз үшін өте маңызды. Кәсіби пәлсапашы, ойшыл. Фараби әр ғылым саласында өз қолтаңбасын қалдырған. Айталық, математикада сандарды талдап, геометриялық фигирулардың мәнін ашуға талпынған. Математика ғылымын үлкен 7 тарауға бөліп қарастырған. Арифметка туралы айтып, оны теориялық және практикалық арифметика деп бөліп қарастырған. Сегіз санының қасиетін көрсеткен. Физика саласында «Вакум» туралы еңбегі бар. Ол еңбегінде табиғатта вакум (бостық) кездеспейтіндігін тәжірибелер мен қисынға сүйеніп дәлелдеген. Бұл еңбегінде бостық мәселесінен өзге, физикалық сан алуан проблемаларды зерделеп, өз кезеңіндегі білім деңгейіне қарай шешімін табуға тырысады. «Әлхимия өнерінің қажеттілігі туралы» кітабында химиялық білім-дағдыларды талқылап, сараптай келе, Әлхимияның жалған қабыршығынан ғылыми дәннен бөліп алып, оны жаратылыстану ғылымының қатарына қосады. Бұл еңбегі әліде зерттеуді қажет етеді, – дейді ғалым.

Бүгінде Әл-Фараби философиясын зерттеуші ғалымдар жоқ емес.

– Фараби сияқты адамдар мың жылда бір дүниеге келеді. Алматы қаласындағыәл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылған «Фараби орталығында» көптеген ізденістер, аудармалар, кітаптар шығарып жатқанын білемін. Сондықтан барлығымыз жұдырықтай жұмылып, ұлы тұлғаның, данагөй ойшылдың мұрасын әрі қарай зерттеуіміз керек.

Әңгіме соңында ғалым Рауан Кемербай Фарабидің тек пәлсапалық емес, басқа да қырларынан зерттеген дұрыс деп біледі. Ол әл-Фарабидің жазбалары мен туындыларына кіру өте ауыр, түсіну оңай еместігін де айта кетті. Ғалым алдағы уақытта Әл-Фарабиді халыққа жеңіл жеткізудің формаларын қарастыру дұрыс деп санайды.

(Суреттер: Ғалым Рауан Кемербайдың жеке мұрағатынан және yandex.kz сайтынан алынды)

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: