«Ұлы дала жорығы» марафонының жеңімпаздары анықталды

30 Қыркүйек 2022, 13:04 1170

Жеңімпаз командаларды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев құттықтап, марапаттады

«Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонына қатысушы шабандоздар елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды артқа тастап, мәреге жетті. Жеңімпаз командаларды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев құттықтап, марапаттады, деп хабарлайды El.kz.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Маңғыстау командасы бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 24 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды. Жетісу облысы командасы 2-ші орын үшін 12 000 000 теңге, ал 3-ші орын иегері Түркістан облысы командасы 9 000 000 теңге жүлдені қанжығаға байлады. Мәреге 4 болып келген Жамбыл облысы командасы 6 000 000 теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге, жарыстан шығып қалған, бірақ жорықты өз еркімен жалғастырған бірнеше облыс құрамасынан келген 13 шабандоз 1 миллион теңге қаржылай сыйлығымен марапатталды.


Түркістанға жеңіске жеткен шабандоздарды арнайы күтіп алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев төл құндылықты түгендеп, ұлттық келбетті оятқан бірегей жоба келешекте де жалғасуы қажет екенін жеткізді.
«Баршамыз Ұлы даланы дүбірге бөлеген, 1 200 шақырымды бағындырған айтулы аламанның қорытынды сәтін тамашалап тұрмыз! Бұл – бұрын-соңды болмаған марафон-бәйге. Отандық спортымыз үшін де, төл руханиятымыз үшін де теңдессіз тарихи оқиға. Кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға жасаған іссапарында «Ұлы дала жорығы»  бәйгесінің мән-маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы ұлт жадын жаңғыртуда мұндай аламандардың айрықша қажет екенін баса айтты. Сондықтан бұл бәйгені кешегі батыр бабаларымыздың жорық жолын жаңғыртқан, елдің рухын оятқан жоба болды деуге толық негіз бар», – деді Дәурен Абаев.
Марафон-бәйгені Мәдениет және спорт министрлігі, AMANAT партиясы, The Great Steppe Tour қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды.
Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей бәйге-марафонды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Мәдениет және спорт министрлігі мен Amanat партиясына алғыс білдірді.
«Ұлттық спорт қауымдастығы бұл шараны әу бастан қолға алды, жан-жақты қолдау білдірді. Қауымдастық президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов қазір Түркияда өтіп жатқан көшпенділер ойынына қатысуда. Ол барша Түркістан жұртшылығына осы шараны қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, ыстық сәлемін жеткізуді тапсырды. Осынау әлемде теңдесі жоқ бәйге-марафон отандық және халықаралық ат спорты саласында жаңа сайыс форматын енгізуге негіз болады деп сенеміз. Марафонды келешекте халықаралық деңгейде ұйымдастырып, Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) өткізетін жарыстар қатарына қосу жоспарланып отыр», – деді Ә.Әлденей.
Айта кетелік, 18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен марафонға 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.
Бөлісу: