«Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары» жобасы «Жаңғыру жолы» РЖҚ жұмысын ілгерілетті

31 Мамыр 2019, 20:56 2608

«Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары» жобасы аясында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы ірі тарихи-экологиялық республикалық акция ұйымдастырды. Ол бірнеше кезеңге бөлініп, аймақтарда жүзеге асырылды.

Бірінші кезең «Қамқор» акциясымен басталды. Оның барысында этномәдени бірлестіктердің жастар қанатынан құрылған еріктілер тобы Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне, тыл еңбек ардагерлеріне әлеуметтік және басқа да көмек көрсетті. Соғыс ардагерлерінің зираты мен мемориалдық кешендерді қалыпқа келтіріп, айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Былтырғы жылы аталған жобаның «Қамқор» акциясын өткізу барасында бір жүз жетпіс төрт іс-шара ұйымдастырылып, қырыққа жуық адам қамтылды. Сонымен қатар алғыс айту мақсатында «73 қадам. Борыш орындалды» флешмобы, «Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмытылмайды» атты кездесу, «Таза аула», «Жасыл саяжол» акциялары ұйымдастырылып, «Кіші соғыстың үлкен оқиғалары» театрландырылған қойылымы көрсетілді.

Сонымен қатар «Қамқор» акциясы аясында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне жиырма миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.

Екінші кезеңде «Тағзым» акциясы қолға алынды. Ол Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күні қарсаңында түрлі іс-шаралармен сүйемелденді. Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес акцияның қорытындысында жүзден аса іс-шара өткізіліп, аймақтарда отыз мыңнан астам адам қатысқан.

Атаулы жобаның үшінші кезеңінде «Ұлы Дала Елінің киелі мұралары» тізіміне енгізілген орындар бойынша аймақтық экспедициялар мен экосенбіліктер ұйымдастырылды. Мұнда жетпіске тақау іс-шара жүзеге асырылып, бес мыңдай адам атсалысты.


Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы 2018 жылдың 31 тамызында Алматы облысы Қарасай ауданында «Бірлік» халықаралық жастар лагерін өткізу аясында «Анаға құрмет» музейі мен «Батыр бабалар» мемориалдық кешеніне барып қайтты. Сол маңдарда жастардың қатысуымен экологиялық сенбілік өтті.

Аталған акция аясында қыркүйек айында Қызылорда қаласында Батырхан Шукеев атындағы саябақта да өңір жастары тазалық жұмыстарын жүргізсе, Балқаш қаласының жастары «Ұлы Дала өркениеті» этноауылына барып, Қазақстанның халық ақыны, композиторы Шашубай Қошқарбаевтың кесенесіне гүл шоқтарын қойды.

Аталған акцияны өткізу барысында «Жанғыру жолы» РЖҚ жастары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыруға да ықпал еткенін атап өту қажет. Бұл мақсатта Қазақстан жастарының бойында қасиетті жерлерге ұқыпты қарау дәстүрі қалыптасты деуге болады.

Жалпы жобаны іске асыруда ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ жұмысын ақпараттық кеңістікте ілгерілетуге, жастар арасында қозғалыстың оң имиджін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік желілерде флешмоб өткізуге ықпал етті.

Сонымен қатар жоба шекара маңындағы облыс жастарының өзара байланысын нығайтуға үлесін қосты.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: