«Ұлттық өнерімізді ұлықтайық»

18 Ақпан 2021, 16:32 5268

Атажұртқа оралған қандасымыз Бәдигүл Қажыбекқызымен сұхбат

 

Биыл Елбасы бастаған қандастар көшіне – 30 жыл. Осы жылдар аралығында алыстан келген ағайындар еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қоса бастады. Солардың қатарында заңгер, жиырмаға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Бәдигүл Қажыбекқызы да бар.


 

Қандасымыз Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы‎ндағы Шәуешек қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бүгінде ол шаңырақта туған он екі перзенттің екеуінен басқасы заң саласында қызмет етеді.

 

– Мен заң қызметкерлерінің отбасында өмірге келдім. Ата-анамыздың заңгерлік кәсіби қызметі біздің тәрбиемізге үлкен әсерін тигізді. Қиындыққа мойымай, төзе білуді үйрендік,– деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

 

Қандасымыздың Қазақстанға алғаш табан тіреуіне 1998 жылы Қытайдағы орын алған жағдай себеп болыпты. 

 

– Сол жылдары Қытай базарында қазақтың домбырасы бейнеленген арақ ерекше сатылымда болды. Той-томалақ пен отырыстардың онсыз сәні кірмейтін. Бірақ біз үшін домбыра қазақтың қаны мен жанынан жаралған музыкалық аспабы. Қазақ – домбыра, ал домбыра – қазақ. Қытайда дүниеге келіп, сол жақта өскенімізбен Қазақстан – менің атажұртым. Сондықтан ұлттық құндылығымызды қорлауға ешқашан жол бермес едім. Содан домбыра туралы тың мәліметтерді іздестірдім. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханаға барып, іздеген деректерім мен дәйектерімді таптым. Соңында сот процесінде жеңіп шығып, домбыра бейнеленген арақты шығаратын зауытты біржола жаптырған болатынмын, – дейді Бәдигүл Қажыбекқызы.

 

Кейіпкеріміздің зауытты жаптырған әрекетінен қайтпас қайсарлығы мен еліне деген махаббаты айқын көрінеді. Оның қазақ халқының рухы мен тарихына айналған домбыраға деген құрметі атажұртына деген ілтипатының белгісі.

 

Бәдигүл апай отбасымен бірге 2000 жылы біржолата Қазақстанға қоныс аударады. Бірнеше жылдар бойы Алматы қаласында Көші-қон жанынан ашылған оралмандар бірлестігінде заңгер болып қызметін атқарады. Жұмыс барысында қандастардың азаматтық алуы, сотқа жіберілетін істері жөнінде талай кездесулер өткізіп, кеңес берумен және ортаға бейімдеу жұмыстарымен айналысады.

 

– 2020 жылғы Нұр Отанның праймериз іріктеуіне қатыстым. Біршама жұмыстар жасадық. Бүгінде Нұр Отан партиясының мүшесімін. Тәуелсіздік жылдарынан бері бір миллионнан астам қандасымыз атажұртқа қоныс аударды. Оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп келеді. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ кей қандастарымыздың өз құқығын пайдалана алмайды.  Басым көбі мемлекеттің қандай тиімді көмек беретінін де білмейді. Қоныс аударғандардың көбі мал шаруашылығы, егіншілікпен айналысып ауылдар мен қыстақтардан көшіп келген қарапайым адамдар. Оларға арнайы көмек керек. Әрдайым түсіндіру қызметі жүргізілмегендіктен, кейбіреулері қоғамда не болып жатқандығынан хабарсыз. Қандастар басқа елдің тәрбиесімен сол ортаның ықпалына үйреніп кеткен. Тіпті кейбіреулері жұмысын бастай алмайды. Отбасын асырауға мүмкіндік ала алмай жүргендері де бар. Соңғы бірнеше жылдардан бері облыстар мен ауылды елді-мекендердегі қандастар көмекті қалай алу керек екенін білмей келеді. Сондағы айтарым мемлекет тарапынан оларға көмек бар. Бірақ сол көмек барлығының қолына жете бермейді, – дейді кәсіпкер.

 

Үлкен шаңырақтың берекесі мен бірлігін сақтап, үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз отбасында адал жар, аяулы ана, мейірімді әже. Бәдигүл Қажыбекқызы бүгінде ата-анасы ажырасқан, қамқоршысы жоқ балалар мен түрлі санаттағы білім ала алмай жүрген жиырма үш отбасыны қамқорлығына алып отыр. Олардың әрқайсысы бүгінде Қазақстанның әр аймағында ел дамуына елеулі үлестерін қосып келеді.

 

Сонымен қатар кейіпкеріміз заңгерлікпен бірге өзінің жеке қолөнер кәсібімен айналысады. Ондағы басты мақсат қандастарды қолдау өз-өзін еңбекпен дамыту сынды жан-жақты кәсіп түрлері қамтылады. Қазақтың ата-бабамыздан қалған дәстүрлі төсек, көрпе-жастық, түскиіз жасауы, сырмақ қолдан сырып жасалған кебеже, сандық, ыдыс-аяқ, киіз үй секілді қазіргі заманға сай қолөнер бұйымдарын тігіп келеді.

 

– Егемен алғалы қазақтың байырғы төл бұйымдары елімізде көп өндірілмейді. Көбіне шет елден өңделіп тасымалданады. Өзімізде қолөнер заттарының құны мен жұмыс күші қымбат. Таралым саны да аз. Қандастармен жұмыс істеген 15 жыл көлемінде қазақтың түрлі ежелгі төл бұйымдарын жасадық. Бірақ кейбір шет елден тарихи Отаным деп қоныс аударған оларға бірден қолға алуға батылдық таныту біршама қиындық әкеледі. Қандастарымызды жаңа ортаға бейімдеу үшін белгілі бір қолдау болмаса, заңды жұмыс көзін ашуда тілден, жазудан, қорғалатын заңнан шектеулерге ұшырайтыны анық. Бүгінде өндіріліп жатқан өнімнің қандастардың өнерінен, еңбек күшімен қазақ ортасына ұлттық төл бұйымдарына сұраныс күннен-күнге артып келеді, – дейді қандасымыз.

 

Елбасымыз тәуелсіздік алған жылдың бастауы деп шеттегі қандастарды Отанға оралуға шақырды. Бабалар жатқан қазақ топырағына оралуына үндеу тастаған жылдардан бастап шет мемлекеттерден тарихи Отанына оралған қандастарымыздың да саны артты.

 

– Егемен ел болғанымызға да 30 жыл толды. Бұл аз уақыт емес. Десе де егемендікпен қандастардың тарихи Отанына оралуын бір-бірінен бөле қарауға болмайды деп ойлаймын. Бастапқының бірі болып біз де келдік. Сол жылдары әр елден жаппай қандастарымыз ағылып келіп жатты. Басы тәтті болғанмен, аяғы қатты боларын әсіресе Қытайда тұратын қандастарымыз ойламаған болар. Соңғы жылдары өздеріңіз көріп отырғандай ішкі және сыртқы саяси жағдайлар қандастардың отбасының екіге бөлінуіне апарып соқты. Әр кезең өз уақытының ағысымен болатыны сияқты бұл да бір заманның шешіміне куә. Отыз жастағы жас мемлекет – отыздағы жас отау. Әрбір қазақстандық азамат пен азаматша белсенді жұмыс жасауға міндетті. Біз жұмыла күш біріктіріп, берекені бұзбауға тырысқанда ғана, тұғыры жығылмайтын елге айналамыз. Отыз жыл қазақтың қазақ деген атын қайта жаңғыртып, тарихтың жалғасын жалғау бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан еліміз аман, ұрпағымыз ордалы болсын, – деп әңгімесін аяқтады Бәдигүл Қажыбекқызы.

 

Болашақта ел аумағындағы облыстар мен ауыл аймақтардағы жұмыссыз жүрген түрлі санаттағы адамдарға жүздеген жұмыс орнын ашуды жоспарлап жүрген Бәдигүл Қажыбекқызына сәттілік тілейміз. Ел мерейін өсіруге өз үлесін қосып, ұлттық өнерді ұлықтап жүретін азаматтарымыз көп болсын!

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынған)

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: