Құлан қаласының сарайлары

31 Қазан 2021, 23:14 6619

Саяхатшылар мекені зерттеушілер назарында

Құлан Жетісу өңіріндегі аздаған ортағасырлық қалалардың бірі, оның орналасу тәртібі ешқандай қарама-қайшылық тудырмайды. Жамбыл облысы, Құлан ауданының орталығы – аттас ауылдың солтүстік-шығысында орналасқандықтан, Құлан қалашығы деген атпен аталған. Бүгін оқырмандар назарына археолог Серік Ақылбектің еңбегіне сүйене отырып, Құлан қаласындағы ежелгі сарайлар туралы деректерді ұсынатын боламыз.

 

Құлан қалашығы жазба деректерде VIII ғасырдың басынан бастап белгілі болған. 730 жылы қытай саяхатшысы Сюань Цзянның жүрген жолдары осы қалашық арқылы өткен. Ол Құланға жақын жердегі 200 ли-ға созылып жатқан Цянцюань (Мыңбұлақ) деп аталатын жерді сипаттайды. Осы жерде биік таудың етегінде түркі қағанының жазғы тұрағы орналасқандығы айтылған.

 

Құлан атты қалашық VIII–XIII ғасырлардағы араб авторларының мәліметтерінде сипатталған, ибн Хордадбек Құланды бай өлке деп атап кеткен. Кудаманың мәліметі бойынша Тараз қаласы мен Құлан қаласының аралығындағы бетпақ дала да Құлан деп аталған: «Тараз бен Құлан арасындағы құм солтүстік жағынан, ал құмның арғы жағында құм мен малтатас шөлі, онда қимақ шекарасына дейін ехидна созылып жатыр.... Күлшіптен Құланға дейін 4 фарсах бар. Тараз қаласынан Құланға дейін Құлан деп аталатын шөлде барлығы 14 фарсах бар».

 

X ғасырдың соңында Мадиси Құланды өлі де Испиджаб аймағына қарасты қалалар қатарында деп көрсеткен, алайда оның босап қалғандығын атап өткен. Бірақ, ХІІ ғасырда қысқа мерзімге болса да қалада тіршіліктің жанданғанын, жазушы Якуту ал-Хамавидің «Муджам әл-булдан» деп аталған географиялық сөздігіндегі мына жолдардан: «Құлан – Мәуереннахр жағынан түріктер елінің шекарасындағы жайлы қала» көруге болады.

 

Ибн ал-Асир өзінің «Әл-кәміл фи-т-тарих» атты шығармасында 810 жылы Мамун халифтің кезінде арабтардың Құланға жорық жасағандығын айтады, сол жорықта хурсандық сопы Шакик әл-Балхидің шейіт болғандығы мәлімделген.

 

Кұлан қалашығы үш бөліктен: цитадель, шахристан және рабадтан тұрады. Қалашықтың орталық бөлігі (шахристан және цитадель) төртбұрыш пішінді төбешік, төбешіктің бұрыштары дүниенің төрт бұрышына сәйкестендірілген. Төбешіктің қабырғалары бойынша шахристанның көлемі – 216х220 метр шамасында. Шахристанның орташа биіктігі – 11,5 метр, ең биік жері – 12,5 метр. Цитадель оның солтүстік бұрышында орналасқан, оның көлемі 47x43 метр. Беткі қабатында диаметрі 25 метр, тереңдігі 2,5 метр шамасындағы ойпаң жері бар, ол шығыс жақ бұрышқа қарай орналасқан. Қоршаған ортадан алғандағы биіктігі – 13 метр.

 

Шахристанның оңтүстік-шығыс қабырғасындағы жыра тәрізді кіре берістің ені 20 метр, тереңдігі 1,5 метр. Кіреберіс екі мұнара арқылы жасалғандығы ізінен анық байқалып, тұр. Кіреберістің алдында көлемі 65х50 метр, биіктігі 4 метр болатын үш бұрыш пішінді төбешік алаңқай бар.

 

Сондай-ақ аңтүстік-батыс кіре беріс сәйкес жақтың ортасында орналасқан. Жоғарғы қабатында екі метр тереңдіктегі ойпаң жері бар. Оңтүстік жағында дөңгелек пішінді төбешік түрінде сақталған екі мұнараның орны байқалады. Кіреберістің алдында жарты шеңбер пішіндес радиусы 45 метр, биіктігі 5 метр шамасындағы төбешіктің орны бар. Бұл кіреберіс құрылыстың фортификациялық бөлігі болуы мүмкін.

 

Солтүстік-шығыс жақ кіре беріс жыра тәрізді оның ені 20 метр, тереңдігі 1 метр шамасында, екі басында мұнараның орны бар. Кіреберіс қақпадан шығысқа қарай 20 метр жерде тіреуіш мұнаралардың орнында төбешіктер байқалады. Қақпа алдындағы қорғаныс құрылысының орны 85х45 метр көлемдегі төртбұрыш пішінді алаң, ол оңтүстік, батыс-солтүстік, шығыс бағыттарда созылыңқы және орташа биіктігі 4 метр шамасындағы төбе.

 

Шахристанның төрт кіреберіс қақпасының алдындағы қорғаныс бекініс қамалдардың ең мықтысы солтүстік-батыс кіреберісте орналасқан. Ол құрылыста басқалары сияқты сәйкес қабырғаның ортасында орналасқан. Оның кіре берісінде ені 30 метр, тереңдігі 1,2 метр болатын жыраның орны бар. Қақпаның екі шетінде екі мұнараның орны бар. Кіреберіс кешеннің үйіндісі көлемі 80х60 метр, биіктігі 8 метр төбешік қалпындағы алаң түрінде сақталған.

 

Түзу етіп жасалған үлкен көшелер қарама-қарсы орналасқан қақпалардың арасын жалғап жатыр. Көше орындарында ені 25-30 метр, тереңдігі 1 метр шамасындағы жыралар қалыптасқан. Солтүстік жақтағы көшемен қаланың орталық алаңының қиылысында шұңқырдың орны көрініп тұр.

 

Рабад бөлігі шахристанды айнала қоршап жатыр. Рабадтың дуалы сопақша пішінді, солтүстік-оңтүстiк ось бойымен созыла орналасқан. Дуалдың биіктігі 2 метр, ені 20-25 метр шамасында, дуалдың ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке – 600 метр, ені шығыстан батысқа – 500 метрге созылып жатыр. Рабад территориясында биіктігі 5 метрге дейін жететін әркелкі төбешіктер белгіленді. Рабадтағы құрылыс орындары аса тығыз орналаспаған. Оңтүстік Қазақстан қалаларында рабад бөлігі VIII ғасырдан бастап қалыптаса бастағаны белгілі. Қаланың қаңырап бос қалуына байланысты рабад бөлігі дамымай қалған, бұл жағдай жекелеген зерттеушілердің Құлан қаласында рабад бөлігі болмаған деп пікір білдіруіне мүмкіндік берді.

 

Қала маңындағы территорияны бірнеше шақырымға созылған дуал қоршап жатыр (ауылдық аймақтар). Бұл территорияның аумағы 20,68 шаршы км құрайды және жобасы дұрыс емес сопақша пішіндес ось бойымен 4,7х4,4 км созылып жатыр. Құрылыс орындарының орындары кейбір жерлерде ғана жақсы сақталған. Оның солтүстік жартысының шамамен орта тұсында шахристан және цитадель орналасқан. Ал оның оңтүстік-шығыс бөлігінде әр жерде шоғырлана орналасқан үй жайлардың орындары бар. Олардың жалпы саны шамамен 300-ге жуық.

 

Құландағы археологиялық зерттеулер 1936 жылы А.Н. Бернштамның барлау қазбаларынан және Қаз КСР ғылым академиясы ұйымдастырған 1963-1965 жылдардағы Жетісу археологиялық экспедициясынан басталған. Барлау қазбаларының нәтижесінде қала VII ғасырдан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі аралықта өмір сүргендігі анықталды.

 

Ұзын қабырғалармен қоршалған қала территориясында бірнеше төбешіктерге қазба жұмыстары жүргізілді және олар А, Б, В, Г және Д деген белгілер арқылы белгіленді. Луговое А нысаны қамал болған, Луговое Б ауыл шаруашылық ғимараты – шарап және жүзім шырындарын жасайтын шеберхананың орны, Луговое Г нысаны – билік өкілінің қала сыртындағы резиденциясы болған.

 

Луговое А қамалын қазып зерттеу барысында құрылыстың мерзімін VII-VIII ғғ. Деп белгілеуге мүмкіндік беретін материал алынды, қосымша құрылыс арқылы Х ғасырға жеткен.

 

Луговое Г аулалық композиция түріндегі бір қабатты құрылыстар болған. Ауланың iшi кең, оны үш жағынан бөлмелер қатары қоршап орналасқан. Төртінші жағында өзара байланысқан ғимараттар болған, олар аулаға кең өткел арқылы жалғанып жатқан. Ғимарат құрылыстары оюлар арқылы безендіріліп жасалған. Резиденция Х-ХІІ ғғ. дейін өмір сүрген.

 

Луговое Б – ауылшаруашылық бөлмелердің орны болған. Ондағы ғимараттың бірінен жүзім шырынын өңдейтін шеберхана табылды. Шеберханада жүзімді езетін алаңқайлар, қосымша қор жинайтын құдықтар және көлемді ыдыстар болған. Ғимарат VIII ғасырға жатады.

 

Сонымен Құлан қалашығында негізінен ауыл шаруашылық ғимараттары зерттелген, цитадель және шахристан территориясына жасалған шурфтар ескерткіштің мерзімін нақтылауға мүмкіндік бергенімен, қаланың архитектуралық ерекшелігін анықтауға мүмкіндік беретін үлкен ғимараттарды анықтай алмады.

 

Цитадельге жүргізілген зерттеу жұмыстары осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Цитадель – бұл қаланың басты орталығы, оны зерттеу нәтижесі қаланың пайда болуы және дамуына қатысты туындаған көптеген сұрақтарға жауап береді.

 

Цитадельдің төртбұрышы солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс жақтарын жағалай тұрғызылған. «Аула» шығыс жақ бұрышта орналасқан. Кіре беріс оңтүстік-батыс қабырғада, шығыс бұрышқа жақын орналасқан.

 

Цитадельде үш далалық маусымда (2015, 2017-18 жылдары) солтүстік-батыс қабырғаны жағалай орналасқан, көлемі 36 х 20 м, болатын үш жер телімі ашылып зерттелді. Цитадельде түргеш, қарлұқ және қарахандықтар кезеңінің археологиялық қабаттары анықталды. Кешенді зерттеулер сарай билеушілерінің әр кезеңде әртүрлі дін ағымдарының орын алуына мүмкіндік бергенін анықтауға негіз болды. (VII)VIII-IX ғғ. орталық қабылдау залы жұмыс істеген, оған оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жақтарынан ғұрыптық 2-бөлме және 12 жапсарласа орналасқан. 2-бөлме түргеш кезеңіне жатқызылды, ондағы сәндік және ғұрыптық бұйымдарға қарағанда манихейлік дін мен байланысты болуы мүмкін деп болжам жасалды. Қарастырылып отырған кезең бойынша қарлұқ кезеңіне тән сарайдың орны ашылды. Олардың негізгілерінің бірі 12-бөлме болды. Оның ортасында саздан жасалған текше тәрізді тұғыр отқа арналған алтарь орналасқан. Бұл бөлме адуриан ретінде қарастырылды – сарай ішіндегі от ғибадатханасы, ол маздeизмнің ғұрыптық тәжірибесімен байланысты болуы мүмкін. Осыған ұқсас ерте ортағасырлық ғұрыптық кешендер оңтүстік-батыс Жетісуда және Орта Азия территориясында ашылған.

 

Түргеш кезеңінің сарайы

 

2-бөлме жобасы тік бұрышты, көлемі 6,6х5,7 метр. Бөлменің жоғарғы бөлігі 1,5 метр тереңдікте осындай көлемдегі шикі кірпіштердің қаландысымен толтырылған. Одан кейін осы бөлменің қабырғасынан құлаған кірпіш үйінділерінің қабаты ашылды. Бөлменің жоғарғы едені, сақталған қабырғаның жоғарғы деңгейінен алғанда 2,65 метр тереңдікте орналасқан. Солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс қабырғаларды жағалай аласа ғана суфа орналасқан, солтүстік-батыс қабырғаның ені – 1,2 метр, оңтүстік-батыс – 1,9 метр, оңтүстік-шығыс 1,2 метр шамасында. Қабырғалар қалыңдығы 2-3 см болатын сылақпен сыланған, оның өзі кейбір жерлерде ғана сақталған.

 

Бөлмеде еденнің екі деңгейі анықталған, едендер жалпы архитектуралық кешеннің құрылысы екі кезеңге бөлінгендігінен хабар береді, негізгі алғашқы кезең және екінші – жоғарғы деңгей, мұнда құрылыстың кей интерьерлері өзгеріске ұшырағаны байқалады.

 

Солтүстік-шығыс қабырғаның сақталған биіктігі – 2,75 метр, ұзындығы – 5,7 метр, қалыңдығы – 2,1 метр. Солтүстік-батыс қабырғаның ұзындығы 6,6 метр, қалыңдығы — 1,4 метр, биіктігі – 2,5 метр. Бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасының әзірге ішкі беті ғана тазаланған. Оңтүстік-шығыс қабырғаның ұзындығы – 6,6 метр, қалыңдығы — 1,9 метр, биіктігі – 2 метр. Бұл қабырғадағы қаландының әркелкі болуы, сылақтың болмауы, «қабырға қайта тұрғызылған ба» деген ойға жетелейді. Шикі кірпіш қабырғаның тек жоғарғы бөлігінде ғана кездеседі. Бұл қабырға қаландысына жүргізілген жөндеу жұмыстары болуы мүмкін. Бөлмеге кіре беріс дәліздің ені 1 метр, ол шығыс бұрышта орналасқан.

 

2-бөлме қабырғасы оюлы қыштар арқылы безендірілген. Оюлар арнайы тегіс етіп жасалған саз сылақтың тегіс бетіне, қалыңдығы 4 см тегіс сылаққа орналастырылған. Оюлар жобалап салынғаннан кейін сол жерде жасалып, қабырғаға қондырылған. Жоғарғы бөліктегі бедерлі жиек саз сылақтың қалың жерінде өте жұқа етіп жасалған, ол тұтас композицияға бедерлілік беріп тұрған. Қабырға жиектері қызыл түспен боялған.

 

Солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс қабырғалардың ортасында саздан оюланып жасалған жиектермен қоршалып безендірілген текше орнатылған. Оңтүстік-батыс текше жиектемесінің оң жақ шетінен солтүстік-батыс қабырғаны жағалай оюлы саз таспа түріндегі фриз тартылған. Солтүстік қабырғаның бұзылған екі телім бар – солтүстік бұрыш және шамамен қабырғаның орта тұсы.

 

Солтүстік-шығыс қабырғадағы текшенің жақтауы 2,65 метр биіктікте сақталған, ені – 2,2 метр, жақтаудың жоғарғы бөлігі бұзылған. Тік бүйірлі панелдің ені 0,5-0,6 метр. Олар бедерлі сыртқы екі жиектен құралған, кең алаң диаметрі 28 см болатын дөңгелек пішінді өрнектер мен ішкі жағы жүзім бұтақтары түріндегі толқынды өрнектермен безендірілген. Порталдың ішінде терең емес ірге тас бар, ол екі жағынан бағана арқылы безендірілген бағандардың жоғарғы иығы арканы ұстап тұрған. Еденнен 1,6 метр биіктікте арканың тіреуіші сияқты шығыңқы жер сақталған, ол 20 метр шығып тұр, қалыңдығы 10 см, шеттері оюлар арқылы безендірілген. Арканың бағандары жоғарғы бөлігі жуандай түседі еденнен – 1,1 метр, бағанның сақталған биіктігі 0,75 метр одан әрі бағанның жоғарғы иығына айналады. Бағандар қабыршақ түрінде безендірілген, ал баған иықшасы моншақ түрінде безендірілген. 1,5 метр биіктікте ені 7 см көлденең белдемше opналасқан. Иықша мен көлденең белдемшелердің арасында үшбұрыш пішінді өрнектер орналасқан, олардың аралары 2 см-ді құрайды.

 

Текшенің ішкі қабырғасы безендірілмеген, әрі жалпақ тегіс ол өте қатты ысталған. Текше алдындағы еденде ағаш күлі араласқан сұр түсті күлдің орны тазаланды. Осы қабаттың астынан еденде орналасқан ошақтың орны ашылды. Ошақ жарты шеңбер пішінді. Ошақтың тік қабырғасы еденмен бір деңгейде жасалған. Ішкі жағы қатты қақталған, күл қалдықтары оңтүстік-шығыс суфаның кіре берісіне үйілген. Бөлме opтасынан тағы бір ошақтың орны аршылып, тазаланды. Оның пішіні төртбұрышты, көлемі 1,15х1,0 метр. Ошақтың қабырғалары қалыңдығы 0,23 метр шикі кірпіштен бір қатар етіп қалаған, сақталған биіктігі – 0,13 метр. Ошақтың оңтүстік-шығыс қабырғаларында күл жиналған. Мұнда ағаш қалдықтары және күлі тазаланды.

 

Оңтүстік-батыс қабырғадағы текше жақтауының ені 2,6 метр, сақталған биіктігі 2,1 метр, тереңдігі — 0,2 метр. Жақтаудың оң жағындағы тік панель сақталған, оның биіктігі 1,6 метр, ені 0,5 метр, онда диаметрі 0,54 метр, дөңгелек пішінді өрнектері бар тимпандар сақталған, тағы үш өрнектер жиынтығы өсімдік сабақтарына жалғаса орналасқан. Олардың көлемі екі есе кіші диаметрі 25-26 см шамасында. Порталдың ортасында тереңдігі 0,2 метр жалпақ текше орналасқан, оның беті ромб пішіндес бес жапырақша түріндегі өрнектер ұяшықтарымен толтырылған. Текшенің пішіні арка тәрізді етіп жасалған, оның екі шетінде иықты бағаналары бар, бағандарға текшенің аркасы отырғызылған.

 

Оюлы панельдер «қас беттен қас бетке дейін» созылып орналасқан, оны үш жерден өрнекті иықшалары бар бағаналар тіреп тұр. Олар жоғарғы карнизге тірелген және тісшелер түріндегі ирек ретінде орналасқан.

 

3-бөлме (7,7х6,8 метр), оңтүстік-шығыс – солтүстік-батыс сызығы бойымен созыла орналасқан, еденнен бастап қабырғаның ең жоғарғы деңгейіне дейінгі бөлігі кірпіш қаландыларымен толтырылғандықтан, бөлме интерьері салыстырмалы түрде жақсы сақталған. Бұл жерде деңгейі әркелкі суфалар, баспалдақтар, тұғырлар және қабырғаны безендірген өрнектер сақталған. Сақталған қабырғаның қалыңдығы 1,8-2,1 метр, биіктігі 3-3,5 метр, қабырғалар қалыңдығы 3 см сылақпен сыланған және оның беті жұқа алебастрмен тегістелген. Қабырғаның төменгі бөлігіндегі сылақ 1 метрге дейін бүлінген, жоғарғы жағының басым бөлігі сақталған, дегенмен, құлап қалған жерлері де бар.

 

Солтүстік-шығыс қабырғаның ішкі бетін тазарту жұмыстары жүргізілді. Бөлменің кіреберісі оңтүстік-шығыс қабырғаның орта тұсынан анықталды. Солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс қабырғалардың жанында суфалар жасалған. Олардың биіктігі 0,55 метр және 0,4 метр (солтүстік-шығыс). Солтүстік-батыс «негізгі» суфаның ені – 1,8 метр және қалған суралардың ені – 1,4 метр. Суфаның орталық тұсында ені 1 метрлік екі баспалдақты саты бар. Бөлменің ортасында, кіреберіске жақын жерде көлемі 1,1х1,05 метр, биіктігі 0,2 метр, төртбұрыш пішінді (подиум) тұғыр бар.

 

3,5 метр биіктіктегі қабырғаның сақталуы 3-бөлменің шатырын жабу жүйесін анықтауға мүмкіндік берді. Суфа деңгейінен 2,1 метр, биіктікте қабырғада ағаш шатырдың бөренелердің кетпе негіздерінің қалдықтары анықталды. Кертпелердің биіктігі 0,6-1,1 метр, ені 0,2-0,25 метр Л. Гуревич Ташкент оазисіндегі ерте ортағасырлық Юнусабадтық Ақтепе бекінісіндегі, ежелгі Канканың алтарі бар ғұрыптық кешеніндегі бөлменің шатырлы жамылғысын қайта қалпына келтірген болатын. Төртбұрышты бөлменің (4,85х4,85 метр) осыған ұқсас шатырлы жамылғысы 14-бөлмеге ұсынылған, Балалық тепе бекінісінде VI-VII ғғ. осыған ұқсас шатырлар болған (Солтүстік Тохарстан). Осыған ұқсас шатыр жамылғысы бар жақын жердегі ескерткіш ретінде Тараз маңындағы Қостөбе сарай кешенiндегi 6-бөлме ғұрыптық орынның жобасын ескеру қажет.

 

Қазба жұмыстары жүргізілген 2-бөлме діни ғұрыптарды және бекініс иесінің, жергілікті билік өкілінің қатысуымен өтетін ұжымдық салтанатты жиындарды атқаратын орын болған болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Осы бөлменің қабырғасында ақ алебасторлы фонға қара бояумен салынған суреттер анықталды. Жалпақ таспа түріндегі жолақтар кісінің кеудесі деңгейінде салынған. Жолақтардың жоғарғы бөлігіне өсімдік сипатындағы өрнектер бұтақшалар және иректер түрінде салынған. Қабырғаларда адамдар бейнесіндегі, андар өлемімен және құстардың өкілдері бейнеленген графитти анықталды. Өкінішке қарай сызбалар өте нашар сақталған, оны екі себеппен түсіндіруге болады. Біріншіден, бұл бастапқы салынған кезінде сапасыз (сапасы төмен) бояулармен салынғандықтан, қара түстен басқасы. Екіншіден, суреттердің жойылуына беткі қабатының тұздану, яғни бөлмені келесі құрылыс кезеңінде кірпіштермен толтыру үлкен рөл атқарды. Залдың батыс бөлігіндегі – оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс қабырғалардағы суреттер қатты бүлінбеген (бұл жерде «тақтың орны» болған). Оңтүстік-шығыс қабырғадағы сурет қазба жұмыстары барысында кіреберістің құлауы нәтижесінде бүлінген (мұнда тек бір ғана граффити сақталған).

 

Қабырғаға салынған сурет біршама уақыт өткеннен кейін (мүмкін, олар оңып кеткен кезде) төрт қабырғаға да кәсіби емес суретші пышақтың жүзімен әртүрлі авторлық мәнерде граффити салған, кейбір жағдайларда ойдан шығарылған композицияларды салғаны даусыз. Бұл граффитилер (көбі өте дөрекі) бұрын салынған суреттің үстіне салынған және олардың композициясына сәйкеспейді. Сонымен олар солтүстік-шығыс қабырғадағы «маржандардан» құралған көлденең бетті жауып тұр, ал қарама-қарсы бетте, солтүстік-батыс қабырғада (иттің және ірі денелі қандайда бір жануар) бұрын салынған суреттің үстінен ұқыпсыз бастырылып салынған сызбалық сурет бар.

 

Оңтүстік-батыс қабырғадағы билік өкілдерінің портреттері алғашында белгіленген сызбаның ішіне бояумен салынған. Бұған ер адамның көз қарашығында сақталған бояу дәлел, ал содан кейін жаңартылған. Осының пайдасына басқа граффитилермен салыстырғанда біршама кәсіби және шынайы мәнердегі жасалған суреттер дәлел болады. Осы және басқа да қабырғаларда салынған қабырға суреттері ерте түркі кезеңіндегі жартас суреттерінің мәнеріне өте ұқсас және бірдей деуге болады.

 

Оңтүстік-батыс қабырғадағы граффити көлденең орналасқан тұтас бір тізбекті құрайтын төрт композиция болып табылады. Оларда жалпы алғанда жеті (қасиетті сан) антропоморфты кейіпкер бейнеленген, олардың алтауы ірі денелі және олардағы бас киімдер мен шаш үлгілерінің бөлшектері маңызды ақпарат береді.

 

Залдың қабырғасындағы графиттилердің барлығы қысқа мерзімде салынған тәрізді, бұл қандай да бір оймен яғни, бейнелеу бағдарламасымен байланысты болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Қалай болғанда да қабырғаға салынған негізгі композициялар бір тізбекте орналасқан және олар бір-бірін жаппайды. Соған қарамастан, олар әртүрлі мәнерде және әртүрлі адамдар салған суреттер.

 

Граффитилерде бейнеленген тұрмыстық бұйымдар, атап айтқанда киімнің кейбір бөліктері Құлан цитаделіндегі сарайды VIII ғасырмен мерзімдеуді нақтылай түседі. Дегенмен, «тақ сарайындағы» бас киім үлгілерінің төртеуінің үшеуі түркілерде ерте кезеңде VI және VII ғасырларда кездесуі кездейсоқтық емес. Соған қарамастан олардың барлығы жоғарыда айтып өткеніміздей көрші Синьцзянда: біреуі – Куча оазисінде және біршама ертелеуі – Ния оазисінде, сонда IX ғасырда қоныстанған ұйғырларда (оңтүстік-батыс қабырғадағы билеушінің бас киімі) белгілі болған. Бұл жерде таңқаларлық ешнәрсе жоқ, Синьцзян оазисіндегі киімдерде ерте түріктердің белгілері ерте кезеңдерде де кездеседі. Басқа қырынан қарсақ, ІХ ғасырдың басында араб әскерлері Құланды қолды еткенін ескерсек, сазға салынған осындай бейнелер арнайы сарайларда болмауы керек болған. Яғни, ғалымдар бұл кешендердегі бейнелерді жасаушылар VIII ғасырда қарқынды дамыған түргеш қағанатының өкілдері деген тұжырымға тоқталады.

 

Қарлұқ кезеңінің құрылыстары

 

Бос кеңістікте (ашық алаңқай), түргеш сарайларының қабырғаларымен шектескен, сонымен қатар бөлмелерге жалғасып жатқан қарлұқ кезеңіне тән құрылыс орны анықталды.

 

Осы деңгейде тереңдігі бойынша шамамен үшінші құрылыс қабатына жатқызуға болатын (кеңістікте орналасуы) конструкция қазылып тазаланды, олар айтарлықтай кейінгі уақытта салынғандықтан уақыты бойынша 2 және 3-құрылыс қабаттарының аралығына сәйкес келеді. Зерттеушілер мерзімі бойынша бұл құрылыс орындары VIII ғасырдың соңы – IX ғасырдың басына сәйкес келеді және біз оны шамамен қарлұқтарға тән деп есептейді.

 

Қарлұқ кезеңінің осы құрылысы салынғанға дейін, үш бөлменің де кіреберіс есіктері сыланып бітелген болған. Құрылысты салу кезінде сарайдың қабырғалары бұзылмаған. Жаңа құрылыс салған кезде бұрынғы сарай қабырғаларының кейбір бөліктері пайдаланылған, сонымен қатар жаңа құрылыс алаңдары да пайдаланылған. Қазіргі таңда қарлұқ кезеңіне тән бес бөлменің орны және екі коридор құрылысы анықталған, олардың толықтай және жартылай тазаланғаны екі бөлме және екі коридор.

 

Алғашқы болып №6 бөлме деп белгіленген күмбезді үлкен бөлме орны тазаланды. Бөлме төртбұрыш пішінді ұзын қабырғасы 4,5 метр, бұрыштары дүниенің төрт бұрышына бағыттала орналасқан, аздаған ауытқу байқалады. Еден деңгейінен алғанда қабырғаның биіктігі 2,45 метр. Бөлме бұрыштарында сатылы текшелер – тромптар сақталған, олардың жоғарғы жағы бөлменің күмбезіне ұласып жатыр. Тромптар ені 20 см, биіктігі 20 см шығыңқы етіп жасалған көлемді белдемшеге тірелген. Оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс қабырғаларда белдемшенің төменгі жағында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан үш текше тазаланды.

 

Бөлменің кіреберісі оңтүстік-шығыс қабырғасының ортасында орналасқан. Кіреберістің жоғарғы жағы арка түрінде жасалған, кіре берістің ені 0,9 метр, биіктігі 1,9 метр. Есіктің жақтауы 14 қатар шикі кірпіштермен өрілген.

 

Бөлме қабырғалары ұсақ тастар араласқан саз сылақпен жұқа етіп сыланған. Сылақ қолмен сыланған, онда қол саусақтарының ізі анық көрініп тұр. Сылақ тегістеуіш қабат ретінде жағылған, мұнда құрылыстың аяқталмай қалғаны байқалады.

 

Бөлме есігінің сыртқы жақтауы тамбур тәрізді қорапшамен қоршалған. Тамбур оңтүстік-шығыс коридорға қарай шығады. Кіреберістің аркалы жоғарғы бөлігінің сыртқы жағына ені 10 см қондырғымен бедерленген, оның азғантай ғана бөлігі сақталған. Жоғарыда атап өткеніміздей ғимарат құрылысы аяқталмай қалған. Ғимарат қараусыз қалғаннан кейін оны тұрғын бөлме ретінде пайдаланылған.

 

Ғалымдарға ғимараттың бүліну себебін анықтау мүмкіндігі туды. Оның себебі ғимараттың оңтүстік бұрышының, әсіресе оңтүстік-батыс қабырғаның шөгіп кетуі болған. Бөлме ішін әрлеу жұмыстарының жүргізілмегеніне қарағанда, ғимарат бұрыштарының шөгуі құрылыс жүргізіліп жатқан уақытта болғанға ұқсайды. Ғимарат күмбезінің құлауы нәтижесінде қалыптасқан құрылыс қалдықтарымен бөлме ішін толтырған. Бұл ғимарат шамамен VIII ғасырдың соңы — IX ғасырдың басымен мерзімделеді.

 

№6 бөлмеге Г тәрізді пішіндегі (7-бөлмеден) коридор жүргізілген. Коридордың ені 2,25 метр, оның ұзындығы 6,6 метр, одан әрі ол қазбаның оңтүстік-шығыс жиегіне қарай созылып жатыр. Коридордың ұзындығы ОШ-СБ сызығы бойымен созылып жатыр. Биіктігі 2 м шамасында сақталған қабырға сұрғылт түсті сазбен жұқа етіп сыланған. Коридор арқылы келесі күмбезді №8 бөлмеге өтуге болады. №8 бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасында арка түріндегі кіре берісті текше бар. Бұл коридор қарама-қарсы орналасқан бөлмелерге апаруы мүмкін, кірпіш қаландысы бар бұл бөлік әзірге зерттелген жоқ.

 

Салдарынан коридордың бір бөлігі, №6 бөлменің тамбурына жанасып тұрған жері қоршау арқылы бекітілген. Қоршау қабырға бір қатар кірпіштен өрілген. Қаландыдағы кірпіштердің өлшемі 43х22х12см, 44х24х12 см. Коридор тұрмыстық қалдықтар (үй жануарларының сүйегі, қыш ыдыстардың сынықтары, күл) арқылы толтырылған. Табылымдар арасынан «қошқар мүйіз» өрнегімен безендірілген қақпақ сынықтарын, екі құлақты қазандар, таңба үлгісіндегі өрнектері бар ыдыстарды атап айтуға болады.

 

Айтып өткеніміздей, коридордан 8-бөлмеге құрылымы және пішіні ұқсас 6-бөлмеге өтетін болған, бірақ оның көлемі шағын, 8-бөлме, 6-бөлме сияқты жоғарғы бөлігі дөңгелек пішінді болуымен ерекшеленді және төменгі төртбұрыш бөлігінен жоғарғы дөңгелек бөлігінің түйіскен жеріне дейін сақталған. Бөлме төрт бұрышты (3х3 м), бұрыштары дүниенің төртбұрышына сәйкес келеді. Еден деңгейінен алғанда қабырғаның биіктігі 2,6 метр. Бөлме бұрыштарында сатылы текше-тромп сақталған, олардың жоғарғы бөлігі күмбезді шатырға тіреліп тұр. 6-бөлмеден ерекшелігі мұнда тромптардың төменгі бөлігі ені 20-25 см, биіктігі 20 см екі сатылы шығыңқы белдемшеге тірелген.

 

Сылақ қолмен жасалған, саусақтың іздері бар. Қабырғаның кейбір жерлерінде үш қабатты сылақ байқалады. Басым бөлігінде жұқа етіп жағылған жіңішке қабатты сылақ сақталған, оның астында кірпіш қаландысының жиектері байқалады. Сылақ қолмен жағылған, әр жерлерде саусақ іздері сақталған, астыңғы қабаты тегістеуші қабат, оның бетінен сары түсті және ақшыл сары араласқан саз сылақ жағылған. Бұл қабаттың қалыңдығы шамамен 1 см, оның бетіне жұқа қабатты алебастрмен полихромды сурет салынған. Суреті бар сылақтың бөлшектері залдан табылды, олар құлаған күмбезді безендірген болуы мүмкін. Өсімдік үлгісіндегі және геометриялық өрнектер ақ түсті алебастр фонның бетіне қара түсті, қызыл, сары, көк түсті бояулармен салынған. Сақталған қабырғаларда сурет болған жоқ.

 

Бөлме ішіндегі кеңістік биік емес қоршаулармен үш бөлікке бөлінген. Бөлменің дәліз түріндегі кіре берісі солтүстік-шығыс қабырғаның ортасында орналасқан, Кіре берістің 0,85 м, биіктігі 1,6 м. Бөлмеге кіре беріс дәліз еңіс етіп жасалған. Бөлменің солтүстік бұрышындағы солтүстік-батыс бөліктің еденінен адамның башпай сүйегі табылды. 8-бөлме жерлеу камерасы ретінде пайдаланылған болуы мүмкін.

 

Цитадельдің солтүстік бөлігін зерттеу барысында 3-бөлменің солтүстік-шығыс жағында орналасқан тағы бір 12-бөлме зерттелді. Бұл бөлменің көлемі – 7х7,8 метр. 3-бөлме сияқты мұнда да бөлменің ұзын қабырғасы ОШ-СБ сызығы бойымен созылып жатыр.

 

Екінші құрылыс қабатындағы сарайдың құрылысын жүргізу үшін құрылыс алаңындағы ескі бөлме қабырғаларының сақталған деңгейінде бөлмелердің ішін шикі кірпіштердің қалдықтарымен толтырып тегістеген. Қабырғаның суфа деңгейінен алғандағы биіктігі 2,7-3,5 метр, қалыңдығы 1,7-2 метрді құрайды. Қабырғалар ақшыл сары түс араласқан сары сазбен сыланған. Бөлменің кіреберісі оңтүстік-шығыс қабырғаның оңтүстік бұрышында орналасқан. Кіреберістің жоғарғы жағынан шіріген бөрене түріндегі есіктің маңдайшасы табылды. Кіреберістің ені 1 метр, биіктігі 1,6 метр. Солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс қабырғалардың жанында суфалар жасалған.

 

Бөлменің ортасында екі баспалдақты алтарь орнатылған. Төменгі баспалдағы жарты шар пішінді, оның биіктігі 0,3 м, көлемі 2,6х2,9 м. Оның ортасында дөңгелек пішінді екінші саты орналасқан, оның көлемі 1,7х1,8 метр, биіктігі 5 см, беткі жағы қатты қыздырылған.

 

Алтарьдың үстінен саздан жасалған хорхорлар табылды. Біріншісінің биіктігі 18,5 см. Резервуар түріндегі жоғарғы бөлігі жоқ. Диаметрі 11 см, биіктігі 2,5 см дөңгелек пішінді тұғырға төртқырлы баған орнатылған, ал оның үстіне резервуар бекітілген. Баған дөрекілеу жасалған, оның түзу емес және үлкендігі әртүрлі қырлары тігінен салынған екі қатар иректермен өрнектелген, олар тік сызықтар арқылы бөлінген. Иректердің бұрыштарында ортасы мыжылған түйме түріндегі қондырғылар бар. Дөңгелек тұғырдың жиегі тісшелер түрінде жасалған. Резервуардың сақталған бөлігінде ыстың ізі бар.

 

Екінші хорхор тостаған тәрізді резервуар түрінде жасалған, оның диаметрі 13 см, ол биіктігі 25 см цилиндр пішінді баған-тұғырға орнатылған, тұғырдың қимасында диаметрі шамамен 7 см. Баған диаметрі 10,7 см негізге бекітілген. Бағанның үш жағынан жарты шеңбер түріндегі шығыңқы қосымшалар, бір-бірінің астына – алтыдан екі жағына және жетіден жағына орнатылған. Қосымша мен резервуардың арасында танауы және құлағы үшкір етіп жасалған аңның басы түріндегі қондырғы желімделген.

 

Биік қалпында сақталған қабырғалар бөлмелердің шатырын жабу кезінде пайдаланған құрылыс тәсілдерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Еденнен 2,5 метр биіктікте бөрене және сырғаулық ағаштың кертпелері сақталған. Әрбір қабырғада үш бөрене, бөренелер арасында алты сырғаулық ағаштар болған. Сырғаулық ағаштар және беренелердің барлығы бөлме ортасына 45° бұрышпен бағытталған. Сонымен бөлмелер шатыр үлгісіндегі жамылғамен жабылған деп айтуға болады. Бөлме қабырғалары кертпелер деңгейіне дейін сыланған.

 

Ортағасырлық Құлан қалашығы деген атаумен белгілі болған қалаға көп жылдар бойы жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесі VII-VIII, IX-X ғасырдағы қала тұрғындарының тұрмысымен және рухани өмірімен танысуға мүмкіндік береді. Қолға тиген деректер бойынша әр кезеңдегі сарай билеушілері әртүрлі діни бағыттардың өмір сүруіне жағдай жасағанын анықтауға мүмкіндік туды. Зерттеулер барысында жинақталған мәліметтер ерте ортағасылардағы Жетісу өңіріндегі халықтың тарихын, өнерін, қолөнерін, ғұрыптық-сарай құрылысын, діни-дүниетанымын және мәдени байланыстарын зерттеуде құнды деректер болып табылады.

Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: