Өңірлерге үздік мұғалімдерді тарту бағдарламасына құжат қабылдау басталады

16 Қыркүйек 2022, 15:48 1161

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігін мәлім етті

20 қыркүйекте кадр жетіспеушілігі бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарламаға қатысу үшін құжат қабылдаудың үшінші кезеңі басталады, деп хабарлайды El.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

20 қыркүйекте кадр тапшылығы немесе білім сапасы төмен өңірлерге Үздік мұғалімдерді тартудың арнайы бағдарламасына қатысу үшін құжат қабылдаудың үшінші кезеңі басталады.

Алғашқы екі байқаудың қорытындысы бойынша 1,5 мыңнан астам педагогтен өтініш түскен болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі кадр тапшылығы бар немесе білім сапасы салыстырмалы түрде төмен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Мәселе Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары туралы болып отыр. Бұл аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет.

Арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдау шараларының пакеті бар, атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде жалақыны қамтамасыз ету, бұл сондай-ақ жалға алған пәтер және коммуналдық қызметтер төлемін өтеуді қамтиды.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың бірінші кезеңі 16 маусымда басталды. Екінші байқау 11-21 шілде аралығында өтті. Ал үшінші кезең 20 қыркүйекте басталып, 2022 жылғы 4 қазанға дейін жалғасады.

«Байқаудың алдыңғы кезеңдеріне Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының мұғалімдері қатысты. Бүгінгі күні олардың бір бөлігі кадр тапшылығы бар немесе білім сапасы салыстырмалы түрде төмен аймақтардағы мектептерде жұмыс істейді. Мектептерде білікті мұғалімдердің көбеюі сапаны арттыруға оң әсер етеді. Балаларға өз білімін бөлісу үшін басқа өңірге бірге көшіп жатқан мұғалім ерлі-зайыптылар отбасы да бар», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Конкурстан өткен мұғалімдермен еңбек шарты 5 жылға жасалатынын айта кетейік. 4 облыстың біріне қоныс аударған мұғалімдердің балалары балабақша мен орта мектептерден орын алады. 

Конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан, тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсіптік және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар еліміздің педагогтері қатыса алады. Яғни жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында педагогикалық қайта даярлаудан өткендер, сондай-ақ «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар мамандар қатыса алады. 

Конкурсқа сондай-ақ үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,5-тен төмен емес гуманитарлық бағыт бойынша, үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,2-ден төмен емес жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектері, сондай-ақ педагогикалық мамандықтар бойынша үлгерімнің орташа балы (GPA) 3,4-тен төмен емес магистратура түлектері қатыса алады.

Бөлісу: