«Қазақты қалай сүймеуге болады?» дейді Қазақстанда туған грузин жазушысы

1 Қараша 2019, 10:33 3436

Грузин жазушысы Вахтанг Гоголадзе ел басына күн туған ауыр кезеңде барлық пана іздеп келген ұлттарды бауырына басқан қазақ халқына алғысы мен құрметінің белгісі ретінде «Қазақстанда» кітабын жарыққа шығарды деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Кітап авторының ата-анасы Қазақстанға күштеп көшірілген жұрттардың бірі. Қазақ жерінде кіндігі кесілген Вахтанг жергілікті халықтың мейірбандығын, қонақжайлығын, астындағы атын түсіп беретін, соңғы үзім нанымен бөлісетін мәрттігін өз көзімен көріп өсті.

«Ештеңеміз болмады. Бірақ қазақтар бізді үйіне кіргізіп, көмек қолын созды. Тіпті әрбір грузин баласы үшін жанқалтасына бір-бір кәмпит салып жүретін қазақ ақсақалын да ұмытқан емеспін. Ақсақал дүние салған кезде, онымен қоштасуға көшедегі барлық балалар келді. Олар жылап тұрды. Мұндай мейірбан қазақты қалайша сүймеуге болады? Бізге сол кезде қаншама жақсылық жасады. Мен олардың алдында қарыздар екенімді сезінемін, сондықтан қазақтың кім екенін менің халқым да білуі керек деп есептеймін. Тіпті менің өзім іштей аздап қазақпын», - дейді Вахтанг Гоголадзе.

Оның кітабын аударуға және шығаруға Грузиядағы Қазақстанның елшілігі көмек көрсетті. Кітаптың тұсаукесеріне жиналған қос елдің мәдени ағартушылары бізді бір кезеңдегі тарих қана емес, адамдар арасындағы достық пен жанашырлық байланыстыратынын айтты.


«Қыркүйек айында мен Нұр-Сұлтан қаласында Азия жазушыларының бірінші форумында болдым. Сол уақытта біз Грузия мен Қазақстан арасында шығармашылық ынтымақтастық құру туралы келісімге қол қойдық. Келесі жылдан бастап біз қос елдің қаламгерлерінің шығармаларын аударып, екі тілде жарыққа шығаруды бастаймыз. Ұлттар арасындағы ең керемет сұқбат поэзияның тілінде жүргізіледі, себебі ақын бейбітшілікті, махаббатты, мейірімділік пен болашақты жырлайды», - дейді бұл туралы Грузияның Жазушылар Одағының төрайымы Маквала Гонашвили.

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Бөлісу: