«Қазақтану» мектебінің тыңдаушылары ұлттық ойындармен танысты

17 Қазан 2018, 05:41 1589

Петропавлда жуырда ашылған «Қазақтану» мектебінің кезекті сабағы Достық үйінде «Ұлттық ойындармен танысайық!» деген тақырыпта өтті.

Айта кетерлігі, бұл мектеп өзінің әр сабағын қызықты етіп өткізуге ұмтылады. Мысалы, ауа райы жылы болғанда сабақтардың дені табиғат аясында өткізілетін. Қазір тақырыптарға байланысты ғимарат ішінде жоспарланғанымен, әр сабақ өз тартымдылығын жойған жоқ. Сабаққа қатысушалыр қазақ халқының ұлттық ойындарымен танысып қана қоймай,  өздері ойнап та көрді. Мысалы «Бес тас» және «Тоғызқұмалақ» ойындары келушілердің ешқайсысын  бей-жай қалдырған жоқ.  

Ойын шартын түсінген қатысушалыр екі топқа бөлініп, бір біріне  қарсылас болды. Абырой болғанда, ұйымдастырушылар ойынға қажетті керек жарақтың бәрін алдын-ала дайындап та қойған екен.

Айта кетерлігі,  бұл ойындар тек  уақыт өткізу үшін ғана емес, адамның логикалық ойлау қабілетін арттырады екен. Қазір балалардың дені түрлі гаджеттерге ден қоятындықтан, олардың арасында көз жанарының нашарлауы жиілеп кеткендігін де атап өткен жөн.

Осы орайда болашақ ұрпақ ұлттық ойындарға ден қойса құба құп болар еді, дейді ұйымдастырушылар. Осыны ескерген қатысушылар енді өз үйлерінде де отбасы мүшелерімен ұлттық  ойындар ойнап тұруға келісті.

 

Бөлісу: