Қазақстанда маусым айында 38 мың тонна қант өндірілді

13 Шілде 2022, 09:07 1199

Шілдеде 37 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр

Қазақстанда маусым айында зауыттардың жедел деректеріне сәйкес, қант өндірісі шамамен 38 мың тоннаны құрады, оның ішінде Тараз қант зауыты – 18 мың тонна, Көксу зауыты – 9 мың тонна, Меркі қант зауыты 11 мың тонна өндірді, деп хабарлайды El.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, маусым айында үшінші елдерден бажсыз әкелуге арналған квота шеңберінде 23,5 мың тонна өнім импортталған. Әкімдіктер маусым айының басында қорлардағы көлем 28,9 мың тоннаны құрайтынын жеткізді.

Ауыспалы қор шілде айының басында 27,2 мың тоннаны көрсетті.

Зауыттардың деректеріне сәйкес, шілдеде 37 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр, ал оның импорты 39,7 мың тонна болады деп күтілуде.

Бұған қоса, 11 шілдедегі көрсеткіш бойынша республикадағы қант қоры - 26,8 мың тонна.

Ауыл шаруашылық министрлігі өніммен қамтамасыз ету үшін 250 мың тонна көлемінде қант пен құрақ шикізатын бажсыз әкелуге квота бөлді, қалған 100 мың тоннаны бөлуге өтінімдер қабылданып жатыр. Квоталардың қолданылу мерзімі 31 қазанға дейін ұзартылып, төрт жұмыс тобы құрылып (зауыттар, облыс әкімдіктері, ҚР ҚМ МКК, «ҚТЖ» ҰК» АҚ) шеңберінде қант көлемін өңірлерге жедел бөлу жүзеге асырылады, қант өндіру мен жеткізудің апта сайынғы кестесі пысықталып отырады.

Сондай-ақ өңірлердің қантпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жасалады, жүкті уақтылы кедендік ресімдеу жүзегізіліп, тораптық станцияларда тұрып қалуды болдырмау мақсатында қант пен шикізатты тасымалдау процесі қадағаланады.

Үкімет отандық қант нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бес жылдық кезеңге арналған іс-шаралар жоспарын мақұлдады, оған жоспар аясында қант қызылшасын егу алаңдарын ұлғайту, суару желілерін қайта құру және салу, қант зауыттарын жаңғырту, ішкі нарықты қорғау, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі іс-шаралар кіреді. Сонымен бірге, қант қызылшасын қайта өңдеуге өткізуді субсидиялау нормативі ұлғайтылады, құрақ шикізатының импорты кезінде ҚҚС-ты нөлге түсіру және қызылша қантын өндіруге ҚҚС-ты 70% - ға төмендету және құрақ қантына осы жеңілдікті тарату бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту жоспарда бар.

Осылайша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінде ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылдануда.

Бөлісу: