«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады

12 Шілде 2022, 16:55 1513

Tалантты жас аниматорлар шетелдік мамандардан арнайы дәріс алады

«Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құрылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz

«Бүгін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жиын өткіздім.Өздеріңізге белгілі, жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байланысты. Қазіргі таңда бүлідіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқаны жасырын емес. Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес», - дейді министр.

Оның сөзінше, бұл бағытта бірінші кезекте анимациялық пилоттық жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырылды. Ұсынылған жобаларды іріктейтін сараптамалық кеңес құрылмақ.

Сондай-ақ жиында отандық анимация мамандарының шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе жан-жақты сараланды. Бүгінде әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту арқылы, жыл соңына дейін алғашқы 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсыну көзделіп отыр.

«Біз осы жұмыстар арқылы ұлттық анимацияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ол өнімдерді үлкен прокатқа шығаруды жоспарлаймыз. Заман көшінен қалмай, білімді де білікті шығармашыл жастарымызды қолдап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптасырып, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс негізінде қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтереміз деп сенемін», - дейді Дәурен Абаев.

Бөлісу: