Қарағанды облысында өткен «Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанатына Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты, – деп хабарлайды El.kz сайты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл іс-шараға еліміздің барлық өңірлеріндегі әскери-патриоттық клубтардың, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери колледждердің, мектеп-интернаттардың және «Жас ұлан» республикалық мектептерінің өкілдері бір жыл бойы дайындалды.
Жас патриоттарды Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы армия генералы Мұхтар Алтынбаев құттықтады. Сондай-ақ, жас патриоттарға қолдау көрсетуге Қарулы күштердің ардагерлері, БҰҰ бітімгерлік миссияларына, жауынгерлік іс-қимылдар мен жергілікті қақтығыстарға қатысушылар, мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен БАҚ өкілдері де келді.
Бұған дейін өткен жеті жиынның жеңімпаздары мен «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптарының түлектері қонақ ретінде шақырылды. Бүгінде олардың дені офицер, жоғары әскери оқу орындарының курсанты, әскери қызметші, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің тәрбиеленушісі екенін атап өткен жөн.
– Елдің дамуы мен гүлденуі, оның келешегі жас ұрпаққа тікелей байланысты. Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «жастар дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі» деп бекер айтқан жоқ, – деді Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов
Қорғаныс ведомствосының басшысы әрбір жас адамның әскери мамандықты таңдағанына немесе таңдамағанына қарамастан, Отанды қорғау дейтін қасиетті миссияға дайын болу керек екенін атап өтті. «Бұл кез келген азаматтың қасиетті борышы ғана емес, ең алдымен, ел басына күн туған сындарлы сәтте ел қорғаған ата-бабаларымызға деген құрмет» деді.
Жиында әскери оркестрдің музыкалық композициялары шырқалып, вокалдық және би нөмірлері орындалды. Оркестрлердің синхронды дефилесінде барабаншылар өнер көрсетті. Десанттық-шабуылдау ротасының көрсетілімі мен арнайы күштер тобының қатысуымен өткен тактикалық жауынгерлік эпизод көрермендерге ерекше әсер берді.
Жиынға қатысушы 600 оқушы үшін оқу орталығының аумағында жақсы тұрмыстық жағдай жасалған. Жатын орын шатырлары, тұрмыстық бөлмелері мен ас үйі бар далалық лагерь құрылған. Сондай-ақ мұражай экспозициялары, «Айбын – патриоттар мекені» аллеясы, қару-жарақ пен әскери техника және киім үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылған.
Жиын бағдарламасында 11 конкурс пен әскери-қолданбалы және әскери-спорттық жарыстар бар. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жарыстар екі жыл бойы онлайн-форматта өткізілгені белгілі. Ал биылғы жиында қатысушылар сандық кеңістікте де, тактикалық алаңда да бақ сынайтын болады.
Бұдан өзге, сөз сөйлеулер онлайн-режимде таратылып, жарыстарға қатысу «Jus Sarbaz Hub» мобильді интерактивті-ақпараттық модульді платформасында жүзеге асырылатын болады.
Іс-шараны ұйымдастырушылар «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері үшін мазмұнды мәдени-бос уақыт бағдарламасын дайындаған. Бұл бағдарлма аясында қызықты кездесулер, отандық «Aibyn Cinema» кинокөрсетілімдері және «Айбын жалыны» алау кеші өтеді.
«Айбын» жастар жиынының жабылу рәсімі 24 маусымға жоспарланған.