«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 100-ден астам нәресте өмірге келді

23 Шілде 2022, 20:17 2512

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Түркістанға келген сапарында айтты

Түркістан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 100-ден астам нәресте өмірге келді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Түркістанға келген сапарында айтты, деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі ана мен баланы қорғау болып қала беретінін атап өткен министр еліміздегі перинаталдық қызмет деңгейін көтеру міндеті қойылып отырғандығын жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 8 перзентхана, оның ішінде Түркістан облысында – 2 перзентхана салу жоспарлануда», - деді А.Ғиният.

Сондай-ақ, еліміздің бас дәрігері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Түркістан облысында 100-ден астам нәресте өмірге келгендігін айтып өтті. «2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби« арнайы бағдарламасы іске қосылды. 

Онда 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу қарастырылған. 2021 жылы Түркістан облысында 453 квота бөлінді. 62 әйел жүкті болып, 106 - сы бала туудың бақытына ие болды» - деді министр. Сондай-ақ, А.Ғиният денсаулық сақтау жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету туралы айтты. Мәселен, 2021 жылы еліміздің өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 3050 түлегі бөлінді. Оның ішінде Түркістан облысына – 180 түлек жіберілген. Ал, биыл 170 түлек жіберу жоспарлануда. 2025 жылға қарай республикалық бюджет есебінен гранттар саны 2000-ға дейін және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1500-ден астам грант ұлғайтылатын болады.


Бөлісу: