istockphoto.com

Amazon Kuiper спутниктік интернеті Қазақстанда іске қосылады

22.09.2025 19:22

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары барысында Amazon Project Kuiper-дің Қазақстан нарығына ресми кіруін айқындайтын жол картасына қол қойылды. Құжат еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және Amazon компаниясы арасындағы әріптестікті бекітеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрлік мәліметінше, алдағы жылдары еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде ең шалғай ауылдарда да тұрғындар заманауи спутниктік интернетке қол жеткізетін болады. Amazon Kuiper төмен орбитадағы спутниктердің жаһандық тобын құрауда, енді бұл озық технология Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.

Amazon Kuiper қызметтерін еліміздің аумағында таратуға және пайдаланушыларға жеткізуге жауапты компания - «Қазақтелеком» АҚ.  Бұл – Amazon-ның Орталық Азиядағы осындай ауқымдағы алғашқы инвестициясы.

Amazon Kuiper-мен жол картасына қол қою – еліміздің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтетін маңызды қадам. Келісім Қазақстан азаматтарының өмір сапасына және экономиканың дамуына тікелей ықпал ететін алдыңғы қатарлы спутниктік технологияларға жол ашады, – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Amazon Kuiper жаһандық қамтуды қамтамасыз ету үшін орбитаға 3 200-ден астам спутник ұшыруды жоспарлап отыр. Қазақстан осы ауқымды жобаға қосылып, жылдам интернетті барша азамат үшін қолжетімді ету жолында маңызды қадам жасады.

Еске салсақ, біз бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Amazon компаниясының аға вице-президентін қабылдағанын жазған болатынбыз.