Амангелді Бектасовты еске алуға арналған турнир: үздіктер анықталды
Алматы облысында бокстан еңбек ардагері Амангелді Бектасовты еске алуға арналған алғашқы республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 200-ге жуық жас боксшы қатысып, шаршы алаңда мықтыларды анықтады. 15 салмақ дәрежесін қамтыған бұл додаға халықаралық және республикалық санаттағы төрешілер қазылық етті.
Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде өткен турнирдің негізгі мақсаты – бокстан спорт шебері, елге еңбегі сіңген Амангелді Бектасовтың есімін ұлықтау, жас спортшыларға бағыт-бағдар көрсету және болашақ чемпиондарды қолдау. Қазақ спортындағы ең танымал әрі көрермен тартатын саланың бірі – бокс болғандықтан, жасөспірімдердің әсерлі жекпе-жектері жанкүйерлердің назарын бірден өзіне аударды.
Төрт күнге созылған жарыстың жеңімпаздары:
42 кг: Ерасыл Мәуліт (Алматы облысы, Қарасай ауданы)
44 кг: Одина Сафарализада (Тәжікстан)
46 кг: Алан Шакиров (Қырғызстан)
48 кг: Тамирлан Сман (Алматы облысы)
50 кг: Бекарыс Сәбитов (Алматы облысы)
52 кг: Нұрмұхаммед Сағынтай (Қарасай ауданы)
54 кг: Дінмұхаммед Медеубеу (Алматы облысы)
57 кг: Амиршон Надиров (Тәжікстан)
60 кг: Ильхам Иманжанов (Алматы)
63 кг: Бахыт Мавленбеков (Өзбекстан)
66 кг: Абдурахим Шарипов (Тәжікстан)
70 кг: Жайық Мүслім (Алматы облысы)
75 кг: Ерасыл Рыскелді (Алматы)
80 кг: Амир Оспанов (Қарасай ауданы)
+80 кг: Нұрдәулет Сәкен (Алматы облысы)
Сонымен қатар 50 келіде топ жарған Бекарыс Сәбитов турнирдің ең үздік боксшысы атанып, қосымша марапатқа ие болды.
Турнирдің бас ұйымдастырушысы Жеңіс Бектасов бұл жарыстың алдағы уақытта күнтізбелік бәсекелер қатарына еніп, дәстүрлі түрде өтетінін атап өтті.
Төрт күн бойы екі жүзге жуық боксшының тартысты да әдемі жекпе-жектерін тамашаладық. Төрешілер лайықты чемпиондарды анықтап, белбеулерін табыстады. Алдағы жоспар — турнирді тұрақты түрде өткізу. Әкеміз қысқа ғұмырында қазақ боксына жан-тәнімен еңбек еткен адам еді. Оның арманы – қазақ боксшыларының биік тұғырдан көрінуі болатын. Біз сол арманды жалғап, қазақ балаларын әлемдік және Олимпиадалық деңгейдегі чемпион болуға жетелегіміз келеді, – дейді Жеңіс Амангелдіұлы.
Айта кетейік, турнир 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өтті.

