Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жариялады

«AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жариялады
Фото: «AMANAT» партиясы 06.06.2024 16:30 465

Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастады. Бүгін партияның 12 мың мүшесі мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері республика бойынша аумақтарды тазалауға шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«AMANAT» партиясының мүшелері өзен жағалаулары, орман алқаптары, өндірістік аймақтар және жол бойындағы аумақтарды қамтитын 475 учаскені айқындады. Бір күнде акцияға 12 мың адам қатысты. Атап айтқанда, Астанада партия мүшелері заңсыз қоқыс алаңына айналған қараусыз учаскені ретке келтірді.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Даулет Кәрібек «Таза бейсенбі» партиялық жобасы жаңа экологиялық мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті, әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. «Жастар Рухы» жастар қанатының шамамен 4 мыңға жуық волонтері су тасқынынан зардап шеккен жандардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Енді әр апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың Картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. Сондықтан, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша қазақстандықты «Таза бейсенбі» акциясына қосылуға шақырамыз, – деді ол.

Алдын ала елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Соның негізінде ел аумағында жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын аудандардан, әлеуметтік нысандардан және басқа да көптеген аумақтардан 475 учаске анықталды. Партиялықтар әр бейсенбі сайын осындай тазалық жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Іс-шара тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітіледі. Олар сол учаскеде тұрақты түрде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етумен қатар, қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу сияқты абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешеді.

Таза мемлекет – бұл тек үнемі тазаланатын емес, қоқыс тасталмайтын ел деген сөз. Біз тазаламасақ, кім тазалайды? Қазір тазаламасақ қашан тазалаймыз? Бұл менің елім, бұл менің қалам. Мен балаларым мен немерелерімнің таза қоршаған ортада өсіп, таза ауамен дем алып, таза су ішкенін қалаймын, – деді елордалық бастауыш партия ұйымының белсендісі Динара Маратқызы.

Жалпы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «AMANAT» партиясы 5 бағыт бойынша жұмыс бастады:

  1. экология саласына қатысты заң шығару;
  2. өңірлерде ластанған аумақтардың картасын жасай отырып, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын ұйымдастыру;
  3. «Астана-Алматы» тас жол бойындағы аумақты тазартуға арналған «Таза Қазақстан» road-эстафетасы;
  4. тарихи, мәдени және табиғи мұраны вандализм әрекетінен қорғауға арналған қоғамдық науқан;
  5. жасыл волонтерлік – экологиялық волонтерлер қозғалысын құру.

Еске сала кетейік, су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталғаннан кейін «AMANAT» партиясының 4 мыңға жуық белсендісі мен «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері қарғын судан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Еліміздің барлық өңіріндегі барша партиялықтар саябақтарды, скверлерді, аулаларды тазартып, тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштерді тазалауда. Сондай-ақ сенбілікке шығып, ағаш егеді және өзге де іс-шараларды ұйымдастырады. Мәселен, 27 сәуірде, яғни небәрі бір күнде ел аумағында партиялықтар 55 мың түп ағаш екті.

Сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Сайлауалды уәделерді жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр мемлекеттік орман қоры аумағына 302,7 млн түп ағаш егілді. Сонымен қатар, 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаны ластауын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды.

2027 жылға қарай партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайту, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаш көліне тұрақты су ағынын қамтамасыз ету, ауа сапасының индексін енгізу, ластанған елді мекенде кәсіпорынның ауаны ластау нормативтерін 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту және жаңадан 14 су қоймасын тұрғызу жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға