Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алды

«AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алды
Фото: AMANAT 04.12.2023 13:21 1004

«Кітап-AMANAT» жобасы аясында Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар, Жетісу облыстары, Астана, Алматы, Шымкент қалалары сынды Қазақстанның бірнеше өңірінде іс-шаралар ұйымдастырылып, кітап дүкендері ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған партиялық жоба аясында «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында кітап орталығы ашылды. Мұнда кең аудиторияға арналған әртүрлі авторлардың 500-ден аса жаңа кітабы жинақталды.

Орталықтың ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, ақындар мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл жобаның мақсаты – оқырмандар санын арттыру. «AMANAT» партиясының орталық ғимараттарына тұрғындар мұң-мұқтажын айтып, құқықтық көмек алуға келеді.Себебі өзге сұрақпен келгеннің өзінде олар кітаптарды көреді. Кітаптар көз алдында болса, адамдар оқиды.

Биыл «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев идеологиялық міндеттер қойып, идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі кітап шығару ісі екенін айтты.

«AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алды

©amanatpartiasy.kz

 «AMANAT» партиясы Президенттің тірегі ретінде «Кітап – AMANAT» жобасын іске қосты. Біз еліміздің барлық жиырма өңірінде кітап орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір мақсат - қазақстандық әдебиет пен мерзімді басылымдар әрбір тұрғынға жетуі үшін отандық кітап, газет және журнал баспагерлерін қолдау, - деді Шолпан Каринова.

Орталықтың ашылуында партияның Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов оның мән-маңызына тоқталды.

«AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алды

©amanatpartiasy.kz

Партияның орталық аппараты мен «AMANAT» партиясы төрағасының тапсырмасы бойынша біз халыққа қажетті тағы бір жобаны аштық. Сұранысқа сәйкес біз әдебиеттерді жаңартып отырамыз. Жергілікті жазушылар да өз кітаптарын мемлекеттік тілде ұсынады. Біз орталықта жаңа кітаптардың тұсаукесерлері мен талқылауларын өткіземіз, отандық жазушыларды, авторларды, баспагерлердің басын қосамыз. «Кітап-AMANAT» нағыз мәдени-ағарту орталығына айналады. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге» деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, рухани байлығымызды арттыру – басты мақсатымыз, - деді Ербол Данағұлов.

«Ақтөбе облысы Ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығы» қоғамдық  бірлестігінің жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Ақтөбе облысы филиалының төрағасы, мәдениет саласының үздігі Марат Ахметов, айтыскер ақын, «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшесі Жұлдыз Қожабекова, жас қаламгер, партияның «Ұлы Дала» байқауының бас жүлдегері  Жақсылық Әлихан және тағы басқа қатысушылар партияның тың бастамасын қолдап, сөз сөйледі.

Сондай-ақ Алматы облысындағы «Кітап-AMANAT» кітап орталығының ашылуында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, партияның облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев және зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен оқырмандар қатысты. 

Партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев орталықтың бүгінде 2 мыңға тарта кітап қоры бар екенін айтты.

Бұған дейін 80 мыңнан аса тұрғыны бар Қаскелең қаласында бір де бір кітап дүкені болмаған. Ал бүгін 2 мыңға жуық кітап қоры бар айрықша үлгідегі орталық ашылды. Кітаптар барынша арзан бағада сатылады. Қазақша кітаптың түр-түрін кездестіруге болады. Бұл жоба Қазақстандағы қазіргі заман авторларының шығармаларын ғана емес, жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілетуге бағытталған, – дейді Қуат Байғоджаев.

Ал халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-публицист Жұмабай Шаштайұлының айтуынша, қоғамда кітап оқитын оқырман бар, тек насихат жеткіліксіз.

Үлкен қалаларда сатылымда бар кітаптар шалғай аймақтағы елді мекендердің дүкен сөрелеріне жетпей жатады. Көп жағдайда қандай кітаптардың жарыққа шығып жатқаны туралы оқырман білмей де қалады. Ал «Кітап-AMANAT» жобасы - отандық әдебиетті қолдау бағытындағы маңызды қадам. Оқырмандар үшін көркем шығармалар, балалар әдебиеті, оқулықтар мен әдістемеліктер, ғылым мен бизнес, проза мен поэзия, психология туралы туындылар көпшілік назарына ұсынылған. Сондықтан мұндай форматтағы орталық көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттырады, – дейді жазушы.

Кітап орталығына алғашқылардың бірі болып бас сұққан Мәди Сайдильдин есімді оқырман мұндағы қонақжай пейілдің өзіне қатты ұнағанын айтады. Ол өзінің жеке кітапханасын Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» туындысымен толықтырды. Ол бұл орталықты «Креативке толы құтхана» дейді.

Айта кету керек, мұнда ауқымды шаралар, келелі кездесулер өткізуге болады. Сондықтан «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалы алдағы уақытта елге танымал қаламгерлердің кітап көрмелері мен тұсаукесерлерін осында жасауға мүдделі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға